Павлодарлық таэквондошылар Еуропа чемпионы атанды

Павлодарлық жас спортшылар Ресей Федерациясының Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласында өткен таэквондо бойынша Еуропа чемпионатында 23 медаль олжалады. Еуропа чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орын алды.

Жерлестеріміз жүлде саны бойынша ресейліктерді ғана алдарына салды. Үздік үштікті Молдова құрамасы түйіндеді. Айта кетейік, ұлттық құрама сапына облысымыздан 9 жасөспірім енген болатын. Облыс намысын қорғаған спортшыларымыз түрлі дәрежедегі 23 медаль иеленді. Павлодарлық Балнұр Өркенова мен Мәдина Бушумбаева өз салмақтарында алтыннан алқа тағынып, Еуропа чемпионы атанды.

— Бүгінгі таңда ғаламдық Таэквондо Федерациясы қарқынды дамуда. Соның айғағы – жыл санап бәсекелестік артып келеді. Әрине, қарсыластарымыз осал болған жоқ. Соған қарамастан Қазақстан құрамасы үздіктер қатарынан көріне білді,- дейді облыстық федерацияның президенті Кален Сұлтанғазин. Еуропа біріншілігіне барлығы 26 мемлекеттен 600-ден астам спортшы қатысты.

Суреттер облыстық таеквондо федерациясынан алынды