Павлодарлық студенттер өздеріне арналған қызметті Telegram-бот арқылы ала алады  

Павлодар облысының студенттері студенттерге қызмет көрсету орталығының қызметін Telegram-бот арқылы алуына болады. Бұл туралы  студенттерге қызмет көрсету порталын таныстыру барысында айтылды.

С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттеріне қызмет көрсету орталығының мамандары орталықтың порталын және Telegram-ботын әзірледі. Жоба студенттерге қызметтерді белгілі бір мекемелерге бармай-ақ оңай алуға мүмкіндік береді.

— Бұл порталдың негізгі міндеті — мемлекеттік қызметтер мен студенттерге қызмет көрсету орталығына қатысты үрдістерді басқару, құқықбұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуелділіктерін жою, — деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Аягөз Мүсәпірова. — Портал және Telegram-боттың көмегімен 10 қызмет түрін алуға болады. Олардың екеуі мемлекеттік: білім алу жөніндегі анықтама, жатақханаға орын беру, шақыру анықтамалары, транскриптерді беру және т.б.

С.Торайғыров атындағы ПМУ, «Саналы ұрпақ» фронт-кеңсесі және мемлекеттік қызмет істері жөніндегі өңірлік департамент ұйымдастырған шараны колледждер мен ЖОО-ның студенттерге қызмет көрсету орталықтарының жетекшілері, мемлекеттік корпорация өкілдері мен облыстық білім беру басқармасының мамандары өткізді.

Әлихан Рахметоллаұлы