Павлодарлық оқушы еліміздің жас шахматшыларының үздік ондығына енді  

Павлодар қаласындағы № 9 гимназия-мектебінің 6 сынып оқушысы Владислав Малыгин Қазақстанның 14 жасқа дейінгі шахматшыларының үздік ондығының сапынан көрінді. Бұл туралы қалалық білім беру бөлімі мәлім етті.

— Владиславтың шахматқа деген қызығушылығы бала кезінен байқалған, — дейді бөлім маманы Балжан Әділханова. – Ол 4 жасынан бастап шахмат ойындарына белсенді қатыса бастаған. Оның феноменалдық жетістігі — зор талабы мен еңбек сүйгіштігінің, өзіне деген үлкен сенімінің нәтижесі.

Владиславтың отбасы – қаламыздағы шахматшылар династиясы болып  саналады. Оның атасы, анасы және ағасы осы көне спорт түрімен кәсіби түрде айналысады. Жас шахматшы облыстың, қаланың бірнеше мәрте чемпионы, Астана қаласында ҚР Білім және ғылым Министрлігінің Кубогы үшін өткен республикалық шахматтар турнирінде ІІ орынға (2017 жыл), Павлодар қаласында Қазақстанның 14 жасқа дейінгі классикалық шахмат  чемпионатында І орынға ие болған.

Сонымен қатар, Владислав Чехияда Халықаралық шахмат турнирінде І орын, Қазақстанның «Уфимцев А. Г. мемориалы» балалар кубогында Қостанайда ІІ орын (2019 жыл) иегері атанған. Владиславтың оқу үлгерімі де  жақсы. Әсіресе математика, информатика пәндеріне деген қызығушылығы аса зор. Владислав мектепішілік математика олимпиадасында (2017, 2018 жылдары), қалалық «Бастау» олимпиадасында І орынға (2017 жыл) қол жеткізген. Ол келешекте гроссмейстер болуды мақсат етеді. Бос уақытында кітап оқып, өлең жазады. Мектептің аяқдоп командасының құрамында футбол ойнап, мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысады.

Владислав республикалық «Жас Ұлан» балалар-жастар ұйымының мүшесі. «Біздің кіші бауырларымыз», «Жүректен жүрекке» атты қамқорлық акцияларының, «Экокросс», «Жасыл планета» экологиялық жобаларының бастамашысы.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы