Павлодардағы Елорда күніне арналған концертте Raim-Artur дуэті мен ағайынды Жүгінісовтер ән шырқайды

Ертіс-Баян өңіріндегі Елорда күніне арналған іс-шаралар 3 шілде күні басталып, 7 шілдеде аяқталады. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде өңірлік мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Бақыт Анисова хабарлады.

— Іс-шаралар жоспарында концерттік бағдарламалар, кітап және фотосуреттер көрмелері, өлкетану сабақтары, музыкалық және әдеби кештер, балалар суреттерінің конкурстары, деректі және мультипликациялық фильмдердің көрсетілімдері жоспарланған, — деді Бақыт Анисова. — 3, 4, 7 шілде күндері Қ. Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында «Астанам менің, бәрі сен жайлы» танымдық бағдарламасы, 3-7 шілдеде С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Астанамен бірге жасаймыз» фото және кітап көрмелері, ал, Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Нұр-Сұлтан – егемен елдің мақтанышы» көрмесі өтеді. Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдары аудандар мен қалаларға гастрольдік турлар ұйымдастырады.

Ведомтство басшысының ақпараты бойынша облыс орталығындағы негізгі мерекелік іс-шаралар 6 шілде күні өтеді. Бұл күні қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Менің сүйікті Елордам» концерттік бағдарламасы мен финн-угор этномәдени бірлестігінің мерекелік бағдарламалары өтеді. Облыстық филармония мен Shańyraq халық шығармашылығының орталығы «Ел жүрегi — Нұр-Сұлтан» концерттік бағдаралмасын әзірлеп отыр.

— Жоғарғы және төменгі жағалауда сағат 17.00-де спорттық іс-шаралар өтеді. Бағдарламада футболдан фристайл, масрестлинг, скейтбординг, асық ату, стритбол, жеңіл атлетика ойындары қарастырылған. Сондай-ақ, жастар арасында «Нұр-Сұлтан – болашақтың қаласы» граффити-шоуы өтеді, — деді Бақыт Анисова. – Жағалауда елордадан келген фотосуретшілердің көрмесі ұйымдастырылады.

— Сағат 18:00-ден бастап Ertis Promenade сахнасында жастардың хип-хоп, брейк-данс, рэп-топтарының би бағдарламасы өтеді, — деді спикер. – сағат 19:00-де қалалық вокалдық-аспаптық ансамбльдерінің «Ән бұлағы» фестивальдік бағдарламасы басталады. «Нұр-Сұлтан – Жас елорда» концерттік бағдарламасында облыстық филармонияның жеке орындаушылары елордаға арналған әндерден попурри орындайды.

Басқарма басшысының ақпараты бойынша мерекелік бағдарламаға елордадан келеті арнайы қонақтар – ағайынды Жүгінісовтер, жастардың сүйікті дуэті Raim-Artur де қатысады.

Әлихан Рахметоллаұлы