Павлодарда көп балалы аналарды марапаттады

Павлодарда көп балалы аналарды марапаттады. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аймақ басшысы Болат Бақауов оларға алтын және күміс алқалар табыстады.

Достық үйінде өткен кездесуде әкім көп балалы аналарға өзінің шешесінің алтын алқасын сақтап жүргенін айтты.

— Мен өзім көп балалы отбасында дүниеге келдім, — деді Болат Бақауов. – Анамыз балаларының әрқайсысына өз мақсатына қол жеткізіп, үнемі өз-өзін шыңдап отыруларың керек дейтін. Отбасылық дәстүрлер мен құндылықтар біздің қоғамның негізгі байлығы болып қала береді. Ұлт көшбасшысының басшылығымен жергілікті атқарушы органдар нәзік жандылардың қазіргі жағдайын жақсартып, Сіздердің және балаларыңыздың өмірі бұрынғыдан да жақсы болуы үшін барлығын жасауға тырысады.

Қазақстан Президентінің Жарлығымен жеті және одан да көп баланы дүниеге әкеп, тәрбиелеп отырғаны үшін Шарбақты ауданының тұрғыны Галина Моторнаяға, Павлодар ауданында тұратын Мұхаметжанова Жұлдызға, ақсулық Сәулетхан Шілдеханға және облыс орталығының тұрғыны Ораалинова Айнұрға алтын алқа тапсырылды. Алты бала тәрбиелеп отырған 20 ана күміс алқаға ие болды.