Павлодар қаласының әкімі болып Қайрат Нүкенов тағайындалды

Облыс орталығының жаңа басшысын қала активіне аймақ басшысы Болат Бақауов таныстырды.

Павлодар қаласының жаңа әкімін таныстыру кезінде Болат Бақауов Қайрат Нүкенов өзін білікті әрі талапшыл басшы ретінде көрсеткендігін әрі  мемлекеттік саясат пен нарықтық экономика мәсеелелерімен жақсы таныс екендігін айтты.

– Өкінішке орай, жыл басынан бергі оң динамикаға қарамастан Павлодар қаласында көп сала бойынша көрсеткіштердің төмендегені байқалады, деді өңір басшысы. – Облыс орталығы инвесторларды тарту орталығына айналуы тиіс. Өзіңіз де Инвесторлар үйін құруға ат салысытыңыз ғой. Қала бойынша әлі де бос тұрған кәсіпкерлік нысандары бар. Сол нысандарды зерттеп, пайдалы іске қосу жағын қарастырыңыз. Ол үшін барлық мүмкіндіктер бар.

Сонымен қатар, обыс әкімі жаңадан тағайындалған қала әкіміне Ворушин паркінің мәселесімен айналысып, қаланы абаттандыруға кірісуді тапсырды. Сондай-ақ, Болат Бақауов Қайрат Нүкеновке алдағы уақытта облыс орталығы мен оның ауылдық аймағының проблемалық мәселелерінің картасын жасап, «сақалды» құрылыс нысандарының иелерімен жұмыс істеуді тапсырды.

Қайрат Нүкенов 1970 жылы дүниеге келген, екі жоғары білімі бар. Ол Сібір мемлекеттік автомобиль-жол академиясын және П.А. Столыпин атындағы Омбы мемлекеттік аграрлық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын Железин кеңшарында жұмысшы мамандығынан бастап, жеке құрылымда басшылық қызметтер атқарды. 2012 жылы Железин ауданының әкімі болып тағайындалды. 2013 жылы облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы болды. 2014-2016 жылдары – Ақсу қаласының әкімі, 2016-2018 жылдары Екібастұз қаласының әкімі, 2018-2019 жж. кезеңінде Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Павлодар қаласының әкімі болып сайланбастан бұрын облыс әкімінің орынбасары болды.

Әлихан Рахметоллаұлы