Павлодар облысының әкімі өңірдегі көп балалы аналармен кездесті

Бүгін аймақ басшысы Болат Бақауовтың тапсырмасы бойынша облыстық басқармалардың, қалалар мен аудандардың әкімдіктерінің өкілдері «Нұр Отан» партиясының обылстық филиалында аз қамтылған және көп балалы отбасылармен кездесті.Облыс әкімінің қабылдауына үш жүзге жуық павлодарлық отбасы келді.

— Әрине, Сіз заңды өзгерте алмайтыныңызды жақсы түсінеміз, — деді төрт баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Динара Салықова. – Біз билік органдары халықтың мұң-мұқтажын білсін деп келдік.

Халықты толғандыратын басты мәселе – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Жалғыз басты ана мемлекет ұсынып отырған «7-20-25» және Тұрғын үй жинақ банкінің   жобасы бойынша қаражат жинай алмайтынын жеткізді.

— Менің алғашқы жарнаға қаражат жинайтын мүмкіндігім жоқ. Жалақы мен жәрдемақының тең жартысы пәтерақыға, қалған жартысы ішіп-жемге, жолға кетеді, — деді Динара Салықова. – Бұл жалғыз менің проблемам емес.

Көп балалы отбасыларды толғандыратын тағы бір мәселе – жәрдемақының көлемі.

— Төрт балаға мен ай сайын 10 500 теңге аламын, — деді ол. – Бала бақшалар балдырғандарды тек үш жастан ғана қабылдайды, ал, балаға берілетін жәрдемақы тек бір жасқа дейін ғана төленеді. Бұл дұрыс емес!

Облыс әкімі Динара Салықоваға осы мәселе бойынша құрылатын бастамашыл топтың құрамына қосылып, штаттан тыс кеңесші болуды ұсынды.

— Сіз көп балалы аналардың атынан сөйлеп тұрсыз ғой. Сондықтан Сізге менің штаттан тыс кеңесшім болып, бастамашыл топтың құрамына кіруді ұсынамын, — деді Болат Бақауов.

Көп балалы отбасылар облыс әкіміне Telegram мессенджеріндегі топқа қосылуды ұсынды. Алайда, аймақ басшысы әлеуметтік желі арқылы барлық проблеманы шешу мүмкін еместігін айтты.

Аймақ басшысы өзі де көп балалы отбасында дүниеге келіп, қазіргі кезде бес бала тәрбиелеп отырғанын айтты.

— Бала кезімнен еңбекке баулып өсірген ата-анама алғысым шексіз, — деді Болат Бақауов. – Көп балалы отбасылардың қиындықтары маған жақсы таныс. Біз облыстың қалалары мен аудандарында зерттеу жүргізіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды анықтауды бастадық.

Аймақ басшысының айтуынша, мұндай отбасыларды тұрғын үй, әлеуметтік төлемдердің көлемін арттыру, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, бала бақшаға орналасу, қоғамдық көліктегі жеңілдіктер мәселесі толғандырады. Облыс әкімі өңірдегі әрбір көп балалы, аз қамтылған отбасы назардан тыс қалмайды деп сендірді.

 

Әлихан Рахметоллаұлы