Павлодар облысының әкімі көп балалы аналарды марапаттады  

Астана күнінің қарсаңында Павлодар облысының әкімі өңірдің көп балалы аналарына Алтын және Күміс алқалар табыстады. Көп балалы аналардың төртеуі Алтын алқаға, тоғызы Күміс алқаға ие болды.

— Тәуелсіз еліміздің ұлықты ұлдарын, қылықты қыздарын тәрбиелеп, ер-азаматтарыңызға сенімді серік бола білдіңіздер, — деді аймақ басшысы. — Әлемде балаға өмір сыйлап, оны алғашқы қадам басуды үйрететін қасиеттеріңізге тең келер еш құдірет жоқ. Сол үшін аналарымызға деген алғысымыз шексіз.

Аймақ басшысы өңірімізде алты және одан да көп бала тәрбиелеп отырған сегіз мың ана бар екенін атап өтті. Оларға мемлекеттен тиісті көмек көрсетіліп келеді.

— Мемлекетіміз көп балалы аналарға қолдау көрсетуі бәріміздің көңілімізді қуантады, — деді Павлодар ауданында тұратын көп балалы ана Светлана Воронюк. – Біздің отбасымызда балалар тәрбиесінде ең бастысы – оларға мейірім мен махаббат сезімдерін баулу болып табылады.

Светлана Воронюк жеті бала тәрбиелеп өсіріп, олардан алты немере сүйіп отыр.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы