Павлодар облысының әкімі ерікті өрт сөндіру жасақтарын толықтай қамтамасыз етуді тапсырды

Келесі жылы Павлодар облысының барлық аудандары мен қалаларының әкімдіктері өз бюджеттерінде ерікті өрт сөндіру жасақтарын 100 пайыз қамтамасыз ету үшін қаражат қарастырулары қажет. Аймақ басшысы ТЖ алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысында осындай тапсырма берді. 

Қазіргі таңда Павлодар облысында 203 ерікті өрт сөндірушілер жасағы қызмет етеді. Өңірлік ТЖ департаментінің бастығы Ернұр Өтегеновтің айтуынша 2162 адамға 281 өрт сөндіруші қапшығы мен 752 дабыл ғана бар. Демек, ерікті өрт сөндірушілердің жартысынан астамы материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілмеген. Облыс әкімі ерікті өрт сөндірушілерді тиісті жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесін қолға алып, келесі жылдан бастап осы мақсатқа қаражат бөлуді тапсырды.

— Түкке тұрғысыз нәрсе өрт кезінде ең қымбатқа айналады, — деді  Болат Бақауов. – Баянауыл ауданындағы өрт кезінде 10 адамға бір қапшықтан келген еді. Ерікті түрде кәсіби өрт сөндірушілерге көмек көрсететін жандарға шынайы алғысымды айтамын.  Баянауылдың екі жүздей азаматы туған жерімізде өрт болғанда қарап отыра алмаймыз деп сөндіру жұмыстарына белсенді қатысқан еді.

Сонымен қатар, мамандар Ертіс өзенінің арнасында орын алған өрттер туралы деректерді атап өтті. Осы жыл өзен арнасында 66 өрт оқиғасы орын алып, бір мың гектарға жуық аумақты өрт шалған. Өзен арансындағы өртті бодырмау үшін аймақ басшысы бұл жұмысқа осы жерлерде жұмыс істейтін шаруаларды тартуды ұсынды.

— Біздің шаруалар арнадағы қамыс пен шөпті өртейді, кейін ол жерге су тоқтап, шөп қайтадан өсіп шығады. Бұл жағдай жыл сайын қайталанады, — деді әкім. – Өрт болған кезде өзен арнасы батпақты болғандықтан өрт сөндірушілер ол жерге жете алмайды. Ертіс өзенінің арнасында 377 мың гектарға жуық жер болса, оның 280 мың гектары жер пайдаланушылардың арасында үлестірілген. Шаруаларды өрттің алдын алу жұмыстарына тартып, бірлесіп жұмыс атқару қажет.

Заңнамаға сәйкес, жер пайдаланушылар өз учаскелерін өңдеп қана қоймай, ондағы қауіпсіздікті де қамтамасыз етулері қажет. Сондықтан Болат Бақауов барлық жер пайдаланушыларға жалға алған жерлерді өрттен қорғау туралы қажеттілігін ескертуді тапсырды. Өрт қауіпсіздігін сақтамайтын шаруалармен арадағы келісімшартар бұзылуы да мүмкін.

 

Әлихан Рахметоллаұлы