Павлодар облысының әкімі Чехия Республикасының Елшісімен кездесті

Болат Бақауов пен Рудольф Гикл Павлодар облысы мен Чехияның арасындағы әріптестіктің болашағы жайлы сөйлесті.

Мәртебелі қонақты қарсы алған аймақ басшысы Ертіс өңірі мен Чехия Республикасының арасындағы өзара сауда көрсеткіші айтарлықтай жоғары болмаса да, осы жылың 8 айында бұл көрсеткіш 10 млн долларды құрағанын айтты.

— Біздің кәсіпорындар Чехияға феррохром тасымалдап, Сіздің елден сүзгілер, сұйықтықтарды тазалау жабдықтарын және сорғы аппараттарын импорттайды, — деді Болат Бақауов. – Сонымен қатар, Чехиядан асыл тұқымды мал әкелінеді. Осы жылдың өзінде біз 785 бас симменталь тұқымды сиыр әкелдік. Өткен жылы біз Екібастұз қаласында қуаттылығы жылына 200 мың дөңгелекті құрайтын ірі теміржол дөңгелектерінің өндірісін іске қостық. Кешенді құру кезінде чех компаниялары жасап шығарған құрал-жабдықтар қолданылған дөңгелектерді шығару бойынша автоматты жүйесі орнатылды.      Аймақ басшысы Рудольф Гиклге Ертіс-Баян өңірінің инвестициялық әлеуетін таныстырды. Чехия елшісі өз кезегінде Болат Бақауовқа алғыс айтып, азаматтық авиация, білім және ғылым саласында ары қарай әріптестік орнатуға мүдделі екендіктерін жеткізді.

— Білуімше, Қазақстанда жақын арада өңірлік әуежайларды модернизациялау басталады, — деді Рудольф Гикл. – Чех компаниялары ұшақтар мен әуе кемелерінің ұшуын бақылайтын құрал-жабдықтар жеткізе алады. Сонымен қатар, қазіргі кезде Чехияда көптеген қазақстандықтар білім алып жатыр. Ресми статистика бойынша олардың саны 1,8 мың адамды құрайды. Павлодарлық университеттердің Чехияның жоғарғы оқу орындарымен байланысы жақсы екенін білемін. Әріптестік студент алмасумен ғана емес, ғылым саласында да дамыса деген тілегіміз бар.

Әлихан Рахметоллаұлы