Павлодар облысының әкімі Арыс қаласыынң тұрғындарымен кездесті

Павлодар облысының мамандары Арыс қаласындағы үйлерді қалпына келтіруге кірісті. Құрылысшылармен бірге Арысқа Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов та келді.  

«Бүгін мен елді дүр сілкіндірген ТЖ орын алған Арыс қаласына ұшып келдім. Біз арыстықтар ұшыраған бақытсыздыққа бей-жай қарай алмаймыз. Мен алдағы жұмыстардың көлемін айқындап, қандай үйлерді бірінші кезекте жөндеуді анықтау үшін қала тұрғындарымен кездестім. Павлодар облысы Арыс қаласында барлығы 450 үйді қалпына келтіреді. Біздің мамандар Арысқа бірнеше күн бұрын келіп, жөндеу жұмыстарына кірісіп кетті. Біз жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізіп, қысқа мерзімде аяқтауға тырысамыз» — деп жазды Болат Бақауов өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Естеріңізге салайық, Түркістан  облысының Арыс қаласындағы төтенше жағдай 24 маусым күні орын алған еді. Әскери бөлім қоймасындағы жарылыстан соң қаланың 45 мыңға жуық тұрғыны үйлерін тастап шығуға мәжбүр болды.

Қазақстанның барлық өңірлерінде «Арыс, біз біргеміз» акциясы бастау алып, ел тұрғындары жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласының тұрғындарына көмек ретінде ақшалай және заттай көмек көрсете бастады.

Түркістан облысы әкімдігінің ақпараты бойынша, қала қазір шартты түрде 17 аймаққа бөлініп, олардың әрқайсысы он төрт облыс әкімдігі мен үш республикалық маңызы бар қалаларға бөлінді. Еліміздің әр аймағынан келген мамандар жөндеу жұмыстарының аумағына зерттеу жүргізіп, қираған тұрғын үйлер мен әлеуметтік  маңызы бар ғимараттарды қалпына келтіруге кірісіп кетті.

 

 

Суреттер Болат Бақауовтың әлеуметтік желідегі парақшасына алынды

 

Әлихан Рахметоллаұлы