Павлодар облысының әкімі жұмыс сапарымен Түмен облысына барды

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов жұмыс сапарымен Ресей Федерациясының Түмен облысына барды. Аймақ басшысы ол жақта 4-5 сәуір күндері болады.

Түмен облысында мұнай өңдеу және мұнайхимия салалары, көмір мен темір рудасын өндіру ісі, агроөнеркәсіптік кешен, ағаш өңдеу өнеркәсібі жақсы дамыған. Осы бағыттардағы өзара қарым-қатынасты нығайту мақсатында билік және бизнес өкілдерінің арасында кездесулер өтуде.

Павлодар облысынан барған делегация Түменнің басты өнеркәсіп нысандарына, атап айтқанда Антипин мұнай-өңдеу зауытына, «Түмен электр болаты» металлургиялық зауытына, Түмен сүт зауытына және «Юбилейный» агрохолдингіне баруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Түмен-Қазақстан әскери достығын дамытуға қолдау көрсету орталығында біздің делегация сол өңірдегі Қазақ ұлттық-мәдени автномиясының басшысы Есенғали Ыбыраевпен жүздеседі.

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен Түмен мемлекеттік университеті, мұнай-газ университеті, биотехнология және ветеринарлық медицина институттары ғылым саласындағы жаңа жобалар туралы келіссөздер жүргізеді.

Сапар барысында біздің жерлестер Павлодар облысының туристік потенциалын таныстырады. Атап айтқанда Баянауыл тауларының, Шалдай қарағайлы орманындарының  табиғи ерекшелігі және өңіріміздегі тұзды көлдердің денсаулыққа пайдасы туралы мол мағлұмат беріп, көршілерді жаз айларында осындай демалыс аймақтарын көруге шақырады. Сонымен бірге, ресейлік әріптестерге «Павлодар» аранйы экономикалық аймағында және бидай мен сүт өнімдерін өңдеу саласында өңіраралық қарым-қатынас орнату мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылады.

Анықтама үшін:

Ресей Федерациясы Павлодар облысының басты сауда әріптесі болып табылады. Өңірдің сыртқы саудасының жартысы осы елге тиесілі.  2017 жылғы сауда айналымы  1,4 млн. АҚШ долларын құрады.

Тілеуберді Сахаба