Павлодар облысында соңғы бес жылда орманды алқаптың көлемі 12091 гектарға артқан

Павлодар облысындағы мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 478 мың 737 гектарды құрайды. Оның ішінде 216 мың 618 гектарды орман алып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Павлодар облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының м.а Қайрат Әбілбаев мәлім етті.

— Ерекше қорғауға алынған «Ертіс орманы» резерваты мен Баянауыл табиғи ұлттық паркі 346 мың гектарды құрайды, — деді Қайрат Әбілбаев. – Бүгінгі таңда орман көлемінің артып келе жатқаны байқалады. – Соңғы бес жылдағы сараптама қорытындысы бойынша облыстық орман қорғау мекемелерімен 11903 гектар аумақта орман ағаштары отырғызылған және 12091 гектар жер орманды алқапқа ауыстырылды. Бұл жұмыс көшеттердің егілгеніне 7 жыл өткеннен кейін ережеге сәйкес жүргізіледі. 7 жасқа дейін мониторинг жасап, бақылаймыз. Бүгінгі таңда соңғы бес жылда жақсы көрсеткіш байқалады.

Спикердің айтуынша, көшет материалдарымен қамтамасыз ету үшін жалпы аумағы 61 га үш тәлімбақ жұмыс істейді. Оның ішінде «Ертіс орманы» резерватының Шалдай бөлімшесінде – 30 га, Бесқарағай филиалында – 28 га, Баянауыл табиғи ұлттық паркінде – 3 га. Тұрақты орман тәлімбақтарында 65 млн 17 мың түп қарапайым қарағай көшеттері бар: бір жылдық көшеттер – 7 млн 497 мың, екі жылдық және үш жылдық көшеттер – 57 млн 678 мың.

— Биылғы жылы облыстың орман қорғау мекемелері жалпы аумағы 2784 гектар мемлекеттік орман қорында орманды қалпына келтіру шараларын өткізді. Жоспар бойынша 2174 гектар көзделген, алайда іс жүзінде жоспар 637 гектарға артық орындалды. Оның ішінде «Ертіс орманы» резерваты бойынша жоспарланған 2028 гектардың орнына 2693 гектар аумақта ағаш отырғызылды. Сондай-ақ, 200 гектарда күзгі ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді. Биыл облыс бойынша қарапайым шыршаның 1018,98 келі тұқымы әзірленді. Орман қорғау мекемелері тұқымдарды Семей орман-тұқым станциясына сапасын анықтау үшін жіберді, — дейді Қайрат Әбілбаев.

Ақпарат және суреттер «Рavlodarnews.kz» АА-ің сайтынан алынды