Павлодар облысында ағымдағы жылы ет экспортын екі есеге арттыру жоспарланып отыр  

Бұл туралы ет пен сүт өнімдерін өндіру, өңдеу және экспорттау мәселелері бойынша Парламентте өткен тыңдаулар барысында Павлодар облысының әкімі хабарлады. Болат Бақауов өңірдегі ауыл шаруашылық өндірісін дамытудың әлеуетін таныстырып, Ертіс-Баян өңіріндегі фермерлер тап болатын қиындықтарды атап өтті.  

Парламенттегі тыңдаулар Қазақстанда өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесінен басталды. Көрмеге облысымыздың «Рубиком», «Айсберг ПВ», «МолКом» және «Сағып» ЖШС-і сияқты кәсіпорындары қатысты. Аймақ басшысы өңірде етті және сүтті мал шаруашылығына көңіл бөлінетінін айтты.

— Етті мал шаруашылығы саласында біз салалық құрылым жасаумен айналысамыз. Яғни, отбасылық фермалар, бірнеше ірі мал бордақылау алаңдарын құрып, етті терең өңдеуге көңіл бөлеміз, — деді Болат Бақауов. – Облыста жалпы қуаттылығы 13,4 мың бас малға арналған бордақылау алаңдары бар. Осы жылы 10 мың бас малға арналған екі инвестициялық жобаны қолға алдық. Бұл өз кезегінде өңірдің өнеркәсіптік бордақылау алаңдарға деген қажеттілігін толық өтеуге мүмкінідк береді.

Сүтті мал шаруашылығына келетін болсақ, Ертіс өңірінде жалпы қуаттылығы 10 мың бас малды құрайтын 28 ірі және орта сүтті-тауарлы ферма бар. Ағымдағы жылы облыста 3,4 мың бас малға арналған 6 сүтті-тауарлы ферманы іске қосу және кеңейту жоспарланып отыр.

— Өтен жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысында тірі салмақтағы 96,5 мың тонна ет және 382,1 мың тонна сүт өндірілді, — деді аймақ басшысы. – Шикізат өндірісінің артуы сүт және етті өңдейтін кәсіпорындардың санының артуына әсер етеді. Өткен жылы етті экспорттау жоспары үштен бірге орындалып, 3,8 миллион АҚШ доллары сомасына 1350 тонна ет шет елдерге шығарылды. Үстіміздегі жылы біз бұл көлемді екі есе арттыруды жоспарлап отырмыз.

Даму перспективаларымен қатар, облыс әкімі шаруаларды толғандыратын күрделі мәселелерді де атап өтті. Олардың біріншісі – ауыл шаруашылығының дамуына теріс әсер ететін мемлекеттік субсидиялау бағдарламаларының ережелерінің жиі өзгеруі. Сонымен қатар, Болат Бақауов сапалы жем-шөп базасының қажеттілігіне назар аударды. Анықталғандай, өңірдегі суармалы егіншілікке қажетті инфрақұрылым толықтай іске қосылған және 70 мың гектар жерді ғана қамтамасыз етіп отыр. Өңірде құрылып жатқан бірнеше жоба қосымша 50 мың гектар жерді суармалы алқаптарға айналдыруға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде құжаттар қажетті қаржы алу үшін «Қазсушаруашылық» РМК мен ҚР Ұлттық экономика министрлігіне тапсырылды.

Әлихан Рахметоллаұлы