Павлодар облысы алдағы қысқа сақадай-сай дайын

Облыстық әкімдікте коммуналдық қызметтердің алдағы қысқа дайындығын талқылады.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов алдағы қыста аймақтағы үш қаланы қардан қалай тазалайтындары туралы айтып берді. Оның айтуынша коммуналдық қызметтердің қарамағында 365 арнайы техника, 31 сорғыш машиналар және 410 жұмыскер бар.

— Қысқы кезеңде менің болг-платформама келіп түсетін өтініштердің 80 пайызы жылудың дұрыс берілмеуі, ыстық судың жоқ болуына және көшелердің қардан тазаланбауына байланысты, — деді аймақ басшысы Болат Бақауов. – Сондықтан, коммуналдық қызметтердің мамандарына осы мәселелерге назар аудару қажет.

Сонымен бірге, облыс әкімі жылыту маусымы басталғаннан бері ресми блог-платформағаа 29 шағым келіп түскенін айтты.

— Тұрғындар менің қабылдау бөлмеме қоңырау шалып, қалалық ТҮКШ бөлімінің жедел желісі қоңырау қабылдамайды деп шағымданады, — деді Болат Бақауов. – Біз жедел желіні шұғыл мәселелерді шешу үшін құрған жоқпыз ба?!

Сонымен бірге, әкімдікте полицияның жұмысын да талқылады. Облыстық полиция департаментінің бастығы Амантай Әубәкіров 2019 жылы ІІМ жүйесінде жүргізілетін реформадан кейін құқық қорғау органдарында орын алатын өзгерістер туралы айтып берді.

— 1 қаңтардан бастап Ішкі істер министрлігінде маңызды реформалар жүргізіледі, — деді ол. – Барлық полиция қызметкерлері аттестаттаудан өтеді. Полиция қызметкерлеріне жоғары талаптар қойылады. Біз қазірден бастап жеке құрамды осыған дайындап, қызметкерлеріміздің жауапкершілігін арттырып, жұмыс сапасын көтеру бойынша жұмыс жасап жатырмыз.

Өңірдің бас полицейінің сөзінше, жақын арада полицияның қалалық және аудандық бөлімшелерінде фронт-кеңселер мен кинолог мамандардың қызметі пайда болады. Сонымен бірге, облыс орталығында миграциялық қызмет орталығын ашу жоспарланып отыр.

Әлихан Рахметоллаұлы