Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері республикалық олимпиадада топ жарды

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері бірнеше бағыт бойынша республикалық пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері атанды.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде тоғыз команда қатысқан «Әлеуметтік жұмыс» номинациясы бойынша сынға түскен ПМУ-ің психология және педагогика кафедрасының студенттері бірінші орынға ие болды. Жас білімпаздар қарттардың бос уақытын ұйымдастыру бойынша өздерінің әлеуметтік жобаларын ұсынды. Университет командасының құрамындағы Алина Құсманова жеке есепте Алина Құсманова екінші орынға ие болды.

М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалында өткен «Филология: орыс филологиясы» бағыты бойынша өткен олимпиадада болашақ тіл мамандары жазба тапсырмаларын орындап, шығармашылық байқауға қатысты. Жазбаша тапсырмалар бойынша ПМУ студенттері  бірінші орынға ие болса, шығармашылық байқауда үшінші орын иегері атанды. Жеке біріншілікте екінші орынды Анастасия Никитина және Роза Темірболатова өзара бөлісті, ал, жүлделі үшінші орын Адила Ибраеваға бұйырды.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Орыс тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша олимпиадада Анастасия Никитина бірінші орынды жеңіп алды, командалық есепте үшінші орынға ие болды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында «Филология: қазақ филологиясы» бағытында ПМУ қазақ филологиясы кафедрасының студенттері екінші орынға ие болып, жақсы нәтиже көрсетті. Жеке есепте Айнұр Кереева жақсы нәтиже көрсетіп, екінші орыннан көрінді. Сондай-ақ, шет ел тілдері бойынша білім алып жатқан студенттер бірнеше медаль жиынтығын қанжығаларына байлады. Ағылшын тілі және неміс тілдері бойынша білімдерін сынаған Ерсұлтан Омар мен Мария Двинянина екінші орынға ие болды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Өмір тіршілігінің қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» мамандығы бойынша өткен жарыста сәулет-құрылыс факультетінің студенті Перизат Қазыбекқызы екінші деңгейлі дипломмен марапатталды. Алматы технологиялық университетінде Қазақстанның 11 ЖОО арасында өткен бәйгеде университеттің «Биотехнология» кафедрасының студенттері үшінші орынға ие болды.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде еліміздің жоғарғы оқу орындарында «Мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің технологиясы» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер білім сайысына түсті. Байқаудың нәтижесі бойынша ПМУ командасы үшінші орынға ие болды.

Суреттер С.Торайғыров атындағы  ПМУ-ің «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынды

Әлихан Рахметоллаұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған