«Парыз-2016» байқауының жеңімпаздары белгілі болды

Солтүстік Қазақстан облысында республикалық «Парыз-2016» және «Еңбек жолы» байқауларының өңірлік кезеңі қорытындыланды. Бұл туралы «ЕлАна» облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 

Жеңімпаздарды құттықтаған Ерік Сұлтанов Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен өткізіліп отырған осындай байқаулардың кәсіпкерлер мен еңбек ұжымдары үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Кәсіпкерлік – отандық және өңірлік экономиканың басты саласының бірі. Жыл сайын кәсіпорындар саны артып, бұл салада еңбек ететін солтүстікқазақстандықтардың көбеюі бізді қуантады. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 28 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Кәсіпкерлікті, іскерлік климатты оңтайландыру мемлекеттік саясаттың басты басымдылығының бірі», — деді Ерік Сұлтанов.

«Парыз байқауының» лауреаты «Үздік әлеуметтік-жауапкершілікті кәсіпорын» аталымы бойынша лауреаттары атанғандар: «Степноишим сынақ стансасы» ЖШС, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның «Ақселеу» ЖШС, «Қазқалақұрылыс NS» ЖШС, Уәлиханов ауданының «Жолдасбай-Агро» шаруа қожалығы, Есіл ауданының «Стрелец» жеке кәсіпкерлігі, «Ғайса» ЖШС, «Мир аттракционов» ЖШС, Қызылжар ауданының «Петерфельд-Агро» ЖШС.

DSC_1582

«Облыстың еңбекті қорғау саласындағы ең үздік кәсіпорыны» аталымы бойынша жеңімпаз «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ атанса, ірі кәсіпорын субъектілері арасындағы «Ең үздік ұжымдық шарт» аталымында үздік деп «Қазпошта» АҚ СҚОФ, Мамлют ауданының «Стан» ЖШС танылды.

«Еңбек жолы» байқауының «Үздік еңбек әулеті» аталымына «Мұнаймаш АҚ-ның өкілдері Медведевтер отбасы лайық атанды. Байқау қорытындысы бойынша «Өндірістің үздік жас қызметкері» «Мәмбетов және К» Командиттік серіктестік механизаторы Тұрар Қасымов танылса, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымында «ПАМЖЗ» АҚ 6-шы санатының өңдеуші маманы Александр Слесаренко жеңімпаз атанды.

Айта кету керек, Солтүстік Қазақстан облысында биыл өңірлік «Парыз» байқауына қатысуға 32, «Еңбек жолы» байқауына қатысуға 24 адам өтініш берді.

Өңірлік байқаулардың жеңімпаздары Астана қаласында өтетін республикалық кезеңде Солтүстік Қазақстан облысын таныстыратын болады.