Пайдасы мол пилоттық жоба ауыл халқының табысын арттырады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің кемел келешегін көздеген дәстүрлі Жолдауларында Үкіметке халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған іс-шаралар тізімін жасақтауды әрі оның жер-жерлерде жүйелі жүзеге асырылуын назарда ұстауды тапсыруда. Президенттің тапсырмасына сәйкес, халық атаулы көмек қана алып қоймай, тұрақты жұмыспен қамтылуы тиіс. Өңірімізге жұмыс сапары барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова аймақта атқарылып жатқан ілкімді істерді көзбен көрді. Алдымен өңір активімен кездескен министр халықты жұмыспен қамту шараларына тоқталып, жергілікті атқарушы орган өкілдерін жұмыссыздық деңгейін назарда ұстауға шақырды.

Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов, облыстық мәслихат пен жергілікті атқарушы орган өкілдері, аудан әкімдері қатысты. Жиында Тамара Дүйсенова қазір еңбек нарығында болып жатқан өзгерістер туралы айтты. Аймақта 15-28 жас аралығындағы жастардың саны – 221 мың. Бұл облыс халқының 19 пайызын құрайды. Осыған орай, министр жастарды жұмыспен қамтудың маңыздылығына айрықша тоқталды.

— Жамбыл облысындағы жастардың саны 2030 жылға қарай 64 мың адамға көбейіп, 286 мыңға жетеді. Ал 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы 100 мыңға артады. Экономикалық белсенді жастардың саны 2030 жылға қарай 149 мыңға дейін көбейіп, еңбек нарығына күш түсіретіні анық. Мектептегі біліммен қалған жастардың үлесі — 18%, ал жоғары білімді жастардың үлесі — 39%», — деді Тамара Дүйсенова.

Бұдан бөлек, министр биылғы жылдың 6 айында облыста 27 мыңнан астам адамның жұмысқа орналасқанын атап өтті. Оның басым көпшілігі – 17 мыңнан астам азамат жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа тұрған.

— Жамбыл облысында жұмыссыз ретінде тіркелген 4816 жұмыссыз адамның 2526-нің біліктілігі бар, ал 2290 адамның біліктілігі жоқ. Өңірде бос жұмыс орындары жеткілікті екенін Электронды еңбек биржасындағы осындай мысалдардан-ақ байқауға. Жұмыссыз азаматтарға қолдау көрсетіп, қажетті жұмыс орындарына орналасуға барынша қолдау көрсету барлығымыздың міндетіміз», – деді Т.Дүйсенова.

Кездесуде сондай-ақ қазақстандықтарды зейнетақымен қамту, халықты әлеуметтік қолдау мүгедектігі бар адамдарды қолдау шаралары да талқыға түсті.

Бұдан кейін, ЕХӘҚМ басшысы аймақ тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасының жүзеге асу барысымен танысты. Жалпы, аталған жоба биылғы жылы тағы 10 ауылдық округте іске аспақ. Бұл бағытқа «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы несиелендіруге бөлінген 6 млрд. 47,5 млн. теңге қаржы қарастырылуда. Қазіргі таңда жобаның бес бағыты бойынша ауылдық округтердің есептері нақтылануда. Тамара Қасымқызы ауылдық жерлердегі жанұялардың табыс көзіне айналған жобаның жүйелі іске асуына ерекше көңіл бөлу қажеттігін жеткізді.

Бүгінде бірегей жобаның жемісін Байзақ ауданындағы Қостөбе және Үлгілі ауылдық округіндегі тұрғындары да көруде. Қазіргі таңда олар өз жеке кәсіптерін ашып, игілігін көріп отыр. Тұрмысы түзелген тұрғындар министрмен өз жоспарларымен бөлісті. Қостөбе ауылдық округіне қарасты Талас ауылының тұрғыны Әбужақып Қалдаров жобаның тиімді тұстарын атап өтті. Зейнеткер 2 миллион 400 мың теңге көлемінде қаржылық қолдауға ие болып, мал шаруашылығын дамытуды қолға алған. Қазіргі таңда мал басы 15 жылқыға жеткізген ауыл тұрғыны бұл кәсіп отбасының табыс көзіне айналғанын айтты.

— Пилоттық жоба аясында отбасылық жеке кәсібімізді аштық. Алғашында 5 жылқы сатып алдық .Бүгінде өз жоспарларымызды сенімді түрде жүзеге асырудамыз. Ауыл экономикасының дамуына үлес қосып, бағдарламаның қарқынды жүзеге асуына үлесімізді қосатын боламыз. Себебі, оның пайдасы мол екеніне көзіміз жетті, — дейді шаруа.

Ауылдық округтегі сапарында министр жобаның игілігін көрген бірнеше тұрғындармен кездесті. Олардың қатарында ірі қара мал өсірумен қатар, үлесінде 10 соттық жері бар Қостөбе ауылындағы «Рүстем», асыл тұқымды тауықтарды өсіруді кәсіпке айналдырған Үлгілі ауылындағы «Ғалымжан» жеке шаруақожалықтары бар. Әсіресе, темірден түйін түйген Әмірбек Төлеповтың жұмысы жұртты сүйсінтті. Жоба аясында 2 миллион 800 мың теңге көлемінде несиеге қол жеткізген ол бүгінде 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мектеп қабырғасында-ақ түрлі техниканың тілін меңгерген Әмірбек бұл күнде асыраушы салаға қажетті техника жасаудың майталман маманы атанған.

— Бұл іске бала күнімнен құмар болдым. Сондықтан, әрбір техникаға барынша жанымды, күш-қайратымды, идеямды қосамын. Мейлінше, шаруашылыққа аса қажетті ерекше туынды жасауға тырысамын. Алдағы уақытта кәсібімді ұлғайтуды жоспарлап отырмын, — деді Ә.Төлепов.

Шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысқан соң министр ханым жоба аясында несие рәсімдеп, жұмысын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің құлашын кеңге сермеуіне жергілікті билік тарапынан барынша қолдау көрсетілуі қажеттігін атап өтті.

Жұмыс сапары соңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова облыс орталығындағы 150 орындық оңалту орталығының құрылысымен танысты. Айта кетейік, ғимарат бірнеше блоктан тұрады. Мәселен, бірінші блокта бассейн, киім ауыстыратын бөлме, спорт және көрермендер залы болса, екінші блокта – медициналық кабинеттер орналасқан. Ал үшінші блокта — асхана, қалған блоктарда-екі орындық және бір орындық палаталар бар. Құрылысқа жауапты «Таразстрой-2004» мердігер компаниясы жұмыстарды келесі жылы аяқтауды жоспарлап отыр.

Жамбыл облысы әкімдігі