Өзіндік қолтаңбасын қалдырған

Халықты аяқасты айтпай келетін табиғат апаты – зілзала қаупінен сақтандыруда Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты аса жауапты осынау міндет жүгін  арқалап отырған  Сейсмологиялық байқау және зерттеулер  ғылыми орталығы ұжымының қатары  көрнекті бір ғалыммен  кемігені көңілге қаяу түсіріп отыр.

Осы таяуда, 27 шілдеде, 81 жасқа қараған шағында Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, көрнекті ғалым-сейсмолог, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Алуадин Сыдықов дүниеден озды. Ол еңбек жолының 50 жылдан астам уақытын сейсмологияға арнаған және оның дамуына өлшеусіз үлес қосқан  белгілі ғалымдардың бірі болатын.

Алуадин Сыдықов 1945 жылы 5 қаңтарда Қызылорда облысы  Арал ауданының Ақирек ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін Қазақ  политехникалық институтын «Пайдалы қазбаларды іздеу мен барлаудың геофизикалық әдістері» мамандығы бойынша 1965 жылы  бітіріп, жас маман ретінде Қазақ КСР ҒА жанынан жаңадан ашылған сейсмология мамандығына аспирантураға жіберілді. Сөйтіп, Қ.И.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтында еңбек етті. Осында жұмыс жасаған он жылдай уақыт кезеңінде ол ізденгіш әрі талапшыл маман ретінде көзге түсті, әрдайым  жақсы қырынан танылды.

Жетпісінші жылдардың орта шенінде ендігі еңбек жолын жаңадан іргетасы қаланып, осы салаға маман кадрлар шоғырлана бастаған сейсмология бағытындағы ғылыммен нақты байланыстыруды ойлап, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсене айналысты. Кандидаттық диссертациясын да  ойдағыдай қорғаған болатын. Ғылыми ізденісті жолдағы еңбегін бір тоқтатпай, алдына үлкен мақсат қоя білді. Сол мақсат-мүддесіне табандылығының арқасында жетті де. Кезінде осы Сейсмология институтында зертхана меңгерушісі болып істеп, жемісті еңбегімен өзінің қолтаңбасын да қалдырды.

Осы ғасырдың басында  Ресей Ғылым академиясының О.Ю.Шмидт атындағы Жер физикасы  институтында физика-математика ғылымдарының докторы ғылыми атағын ойдағыдай қорғады. 2008 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетінің ұйғарымымен геофизика мамандығы бойынша  профессор атағы берілді. Ғалым бұл атаққа лайықты қашанда мол қайтарыммен  жемісті  еңбек етті.

А.Сыдықовтың ғылыми ізденуші бағыттарының ауқымы кең де, алуан түрлі болған еді. Зерттеу еңбектерінің негізгі бағыты сейсмикалық қауіпті бағалау және жер сілкінісін болжаудың теориясы мен әдістерін құру мақсатында Қазақстан аумағының  сейсмикалық қауіптілігі мен  сейсмикалық  режимін зерттеуге арналды. Жер сілкінісін қадағалау жүйесінің негіздемесін жасау, одан алынған деректерді өңдеу және кешенді талдау, нәтижелеріне ғылыми тұрғыдан пайымдаулар жасау арқылы  ғалым Алуадин Сыдықовтың Қазақстан сейсмология ғылымына  қосқан үлесі зор. Оның осындай ізденісті жұмыстарының негізінде жер қыртысының сейсмотектоникалық мүмкіндігін  бағалау үшін сейсмологиялық және геофизикалық мәліметтер кешенін жан-жақты талдау әдістемесі әзірленді.

А.Сыдықов Қазақстан аумағы мен Тянь-Шань аймағы, республиканың әртүрлі облыстарының, жалпы, мұнай және кен орындарының, олардағы мұнай және газ құбырлары трассаларының, сонымен қатар, ірі қалалардың  сейсмикалық қауіптілігін  бағалауға арналған жиырмадан астам карталарды (әртүрлі масштабта сейсмикалық аудандау), мұнымен қоса, Алматы өңіріндегі күшті жер сілкіністерінің ұзақ және орта мерзімге арналған болжам карталарын жасауға қатысып, оның негізгі авторларының бірі болды. Бұл еңбектер бүгінде Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары мен ережелерін әзірлеуде кеңінен қолданылып келеді.

Ол  сейсмология саласында  өзіндік ғылыми  мектебін қалыптастырды десек те болады. Оның басшылығымен бірнеше ғылым кандидаты мен докторы даярланды. Сейсмология саласына арналған ірі монографиялық еңбектердің, 300-ден астам ғылыми мақалалардың авторы болды. Профессор А.Нұрмағанбетовпен бірлесіп жазған «Жер физикасы» оқулығы жоғары оқу орындарында пайдаланылуда. Алуадин Сыдықов КСРО Ғылым академиясы төралқасының, ҚазКСР Ғылым академиясының, Бүкілодақтық «Білім» қоғамының, Сейсмология институтының және басқа бірқатар ғылыми мекемелердің  Құрмет грамоталарымен марапатталған.

2012 жылдан Сейсмология институтында кеңесші болып жұмыс істеді. Осындағы Ғылыми кеңестің және сейсмикалық қауіпті бағалау және жер сілкінісін болжау жөніндегі Сарапшылар кеңесінің мүшесі болды. Өмірінің соңғы күндеріне дейін ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсене айналысып, жастарға қамқорлық жасауды өзінің азаматтық парызының бірі деп есептеді. Осылайша ұжымда зор құрмет пен беделге ие болды.

Іскер азамат, адал дос, көптеген шәкірт тәрбиелеген тәжірибелі тәлімгер, білікті ғалымның өмірден ерте кетуі өкінішті, әрине.

Осы тамыз айының 1-і күні отбасы мүшелері, туған-туыс, жора-жолдастары мен әріптестері, жалпы, оны білетіндердің бірқатар өкілдері Алуадин Сыдықовты Астанада қимастықпен қайтпас сапарға шығарып салды. Ғалым, азамат ретіндегі  жарқын бейнесі оны білетіндердің  есінде ұзақ уақыт сақталатыны сөзсіз. Жаныңыз жаннатта, топырағыңыз жұмсақ болғай!

 

ҚР ТЖМ СБЗҰҒО директоры Дәулет СӘРСЕНБАЕВ,

ф.-м.ғ.к Нұрсәрсен ӨЗБЕКОВ,

СБЗҰҒО директорының ғылым жөніндегі 

орынбасары м.а. Айгүл ДАНАБАЕВА