ӨЗ ӨНІМДЕРІН ТАНЫСТЫРДЫ

«Ізденген игілікке ілінер, үлгісі елге білінер» – демекші, заман ағымына бейімделу, тер төге еңбек ету талант пен қабілетті қажет етері анық. Үстіміздегі жылы аудан әкімі бастамасымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, Бурыл ауылдық округіндегі «Өнер» мектебінен «Келіндер академиясы» атты тігін орталығы ашылған болатын. Ұрпақтар сабақтастығы іспеттес қол өнерді дамыту, аудан көлемінде тігін шаруасын дөңгелету мақсатын көздеген тігін шеберханасына кәсіпкер Айнұр Дәрменбаева жетекшілік етіп келеді.
Қысқа мерзім аралығында өз істерінің өміршеңдігін дәлелдей білген аталмыш орталықта бүгінгі таңда көп балалы аналар мен жұмыссыз келіншектер тігін өнерінің қыр-сырын меңгеруде. Сонымен қатар, орталықта өнерге деген қызығушылықтары басым 12 оқушы қыз баланы тігіншілік кәсіпке баулуда.
Небары екі ай мерзімде қыз-келіншектердің қолынан шыққан қол өнер бұйымдары көрмесінің ашылу салтанатына аудан әкімі Нұржан Нұржігітов, бірқатар бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен аудан кәсіпкерлері қатысты.
Шарада сөз алған орталық ұйымдастырушысы Айнұр Дәрменбаева көрме қатысушыларына кәдесый тарту етіп, Жалғызтөбе ауылдық округіндегі Жамбыл орта мектебінің мұғалімі, ұлағатты ұстазы Сәуле Бекқұлиеваға ризашылығын жеткізіп, сый-сияпатын жасады.

 

 

Айнұр Дәрменбаева, «Келіндер академиясы» тігін орталығының ұйымдастырушысы, кәсіпкер:
– Біз тігін орталығын ашқанымызға екі айға жуықтады. Осындай іске ұйытқы болып, қолдау көрсеткендері үшін аудан басшылығына ризашылығымды айтамын. Себебі, біздің ұсынысты жерге тастамай, оның жүзеге асуына қолдау білдірді. 45 дана көрпеше, 23 дана жастықша, 50-ге жуық қол өнер бұйымдары мен 4 көрпе салатын қоржын көрмеге қойылды. Саудаға шығарылған көрпешелердің бағасы қолжетімді. Құрақ, шашақты және оюлы көрпешелер саудаға шығарылды. Бүгінгі саудаға шыққан көрпешелердің ең төменгі бағасы 8000 теңге, ең жоғарысы 25000 теңге болды. Жастықшалар 3000 теңге мен 8000 теңге, ал, балалардың қол өнер бұйымдары 500 теңгеден 3000 теңгені аралығында өткізілді.

Аталмыш ұжым өздерінің тіккен, жасаған дүниелерінен ұйымдастырған көрмеде қол өнер бұйымдарын жасауды меңгерген оқушы қыздардың да еңбектері қойылып, саудаға шығарылды. Шеберлердің қолынан шыққан көзтартар бұйымдарға деген қызығушылық жоғары болып, оған қатысушылар бұйымдарды таласа сатып алса, кейбірі қосымша тапсырыс беріп жатты.
Алдағы уақытта «Келіндер академиясы» тігін орталығы басқа мекемеге ауысып, өз жұмыстарын кеңейте отырып, дамытатын болады.