Өткен апта 20-қазанда Мұнайлы ауданына өңір басшысы Нұрлан Асқарұлы Ноғаев жұмыс сапарымен келді.

Ауданның тыныс-тіршілігін, дамуын, проблемаларын ашып көрсеткен келелі кездесу болды. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Сондықтан Мұнайлыдаға өзекті мәселелерді көтеріп, облыстық я республикалық бюджет қаражатынан шешімін табатын бірнеше проблемаларға тоқталдық. Бұл сапар таптаурын сапар болған жоқ. Өңір басшысы көбісі ойлағандай Мұнайлының тек әдемі, көрікті жерлерін аралаған жоқ. Енді әр меселені жеке тарқатуға рұқсат етіңіз.
Аудандағы ең өзекті мәселе — ауыз су тапшылығы. Бұл маусымдық мәселе болғанымен мұнайлылықтарға қолайсыздық тудырып отыр. Біз ауыз суды «Caspiy» су тұщыту зауытынан аламыз. Зауыт биыл жазда біздің ауданға әрі кеткенде 13 000 текше метр су берді. Біздің халыққа тәулігіне кем дегенде 38 000 текше метр су керек. Оның үстіне жазғы мезгілде тұрғында бау-бақша егеді, егін сурады. Тек қана техникалық қажеттілікке деп берілген су осылайша егінге кетеді.
Мәселені сәл де болса оңтайландырмақ болып Баянды ауылынан жұмысы тұралап қалған су тұщыту мембранасын жаңалап, қайта іске қостық. Бірақ ол да толық қуаттылықта жұмыс істей алмады. Кінәрат мамандарда да, техникада да емес. Тек бізге тұщыту үшін МАЭК техникалық суды аз мөлшерде берді. Біз ол сумен тек Баянды ауылын ғана қамти алдық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында алдағы 5 жылда ауыз су мәселесін түпкілікті шешуді тапсырды. Осы бағытта біздің өңірде де бірқатар жобалар басталып кетті. Осыдан бірнеше күн бұрын «Caspiy» су тұщыту зауытының қуатын тәулігіне 40 000 текше метрге дейін арттыру үшін зауытты кеңейтуге республикалық бюджеттен 4 453 992 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Зауыттың өнімділік қуаты
артса ауданға келер су көлемі де өседі деген үлкен үмітіміз бар.
Сондай-ақ өңір басшысына Мұнайлы ауданынан тағы бір су тұщытатын мембрана орнатуға және МАЭКтен келетін су көлемін арттуды өтініш еттік.
Келесі мәселе – газ. Мұнайлы ауданында заңды салынған тұрғын үйлерге тартылмай қалған газ жоқ. Қазір тұрғындардың мәселе қылып көтеріп жүргені – қосалқы шаруашылыққа салынған тұрғын үйлер. Өзіндік қосалқы шаруашылыққа берілген жердің келісім шартында «инженерлік желілерді кәсіпкер өз есебінен тартады» деп көрсетілген. Осы келісімді біле тұра біздің кейбір тұрғындарымыз үй салған. Енді оны әкімдіктің міндетіне кірістіру – өте орынсыз деп есептеймін. Иә, осыған дейін кейбір тұрғын массивтегі қосалқы шаруашылықтағы тұрғын үйлерге газ тартылды. Бірақ оның барлығы демеушілер есебінен атқарылған жұмыс. Мұндай жұмысқа ауданның да, облыстың да бюджетінен қаржы қарастырылмайды. Қазір де мәселе солай шешіледі. Қалай көмек көрсеткісі келетін жомарт жан табылады, солай көгілдір отын шаңырақтарыңызға кіреді. Екі ортада осындай жайсаң азаматтарды іздеп, мәселенің тезірек шешімін табуына еңбектеніп жүрген азамат ретінде менің де сіздердің тезірек жылы үйде отырғандарыңызды қалайтынымды осы ретте айта кетейін. Тек бұл «А Құдай, аузыма сал Құдаймен» біте қалатын, шешіле қалатын іс емес.
Үшінші мәселе – ауылішілік жолдар. Аудан, ауыларалық жолдардың басым бөлігі жасалды, кейбіреуі қайта жаңартылып жатыр. Ендігі қалып тұрғаны ауылішілік жолдар. Әсіресе Басқұдық және Атамекен ауылдық округтерінде жағдай көңіл көншітпейді. Бұл ауылдарда мәселе туындайтындай жөні бар. Кезінде саяжай типінде салынған тұрғын массивтер қазіргі стандартқа сай келмейді. Көше тар. Сондықтан сараптамадан оң қорытынды ала алмадық. Енді тар көшелерді бір жақты жол қозғалысына арнап сараптамаға ұсынудамыз. Қуаныштысы, 2022 жылға арналған республикалық бюджеттен Мұнайлы ауданындағы Басқұдық ауылдық округіндегі автокөлік жолының құрылысына 890 062 млн және осы ауылдық округтегі 10 шақырым жолды қайта қалпына келтіруге 2 486 798 млрд теңге бөлінетін болды.
Сондай-ақ ауданда әлеуметтік нысандар жетіспейді. Әсіресе спорт залдарының тапшылығы Атамекен ауылында байқалады. Осы ретте инвесторлар тарапынан спорт залдарының алдыңғы қатары салына бастағанын қуаны жеткізгім келеді. Осы тәсілмен өзге ауылдардағы қажеттіліктің орнын толтырамыз деген ойдамын.
Біз ауданда қашанда әлеуметтік салаға баса назар аударамыз. Өйткені аудан халқы күн сайын өсіп келеді. Аудан құрылған жылы Мұнайлыда 53, 4 тұрғын болса, қазір халық саны 177 мыңнан асып жығылады. Сондықтан біздің ауданда әлеуметтік нысандарға деген қажеттілік еш азайған емес.
Қазір ауданда 2 мемлекеттік (Басқұдық ауылында), 2 жеке меншік мектептің (Маңғыстау ауылындағы 22 квартал мен Қызылтөбеде) құрылысы жүруде. Одан бөлек әрқайсысы 1200 орындық 3 мектептің құжаттары дайындалып жатыр. Алда Атамекен және Баянды ауылдарындағы білім ошақтарына 320 орындық жапсарсай салуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ Банды-4, Жаңадәулет, Қызылтөбе-3 тұрғын үй массивтерінен мектеп салу үшін жобалық сметалық құжаттамасын жасау жоспарлануда.
Ал Батыр және Атамекен ауылдық округтеріне заманауи медицина орталықтарының құрылыстары бастап кетті. Денсаулық сақтау нысандарын келер жылы өздеріңіздің игіліктеріңізге береміз деп жоспарлап отырмыз.
Бастысы — басымыздан бейбіт күн арылмасын.