«ОТБАСЫ БАНКІ» АУЫЛДЫ ДАМЫТУҒА БЕТ БҰРДЫ

Бұдан былай «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын осы банк қаржыландырады.

Елімізде жаңадан оқу бітірген жас мамандарды жұмысқа орналастырудың сан түрлі тетігі бар. Соның ішінде ауылдық жерлерде кейбір сала мамандары тапшылығын болдырмау үшін 2009 жылдан бері «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істеп келеді.
Мәселен, осы бағдарламаға қатысқан денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік, мәдениет пен спорт және ауылшаруашылық саласы мамандарына, ауылдық округ әкімдігі аппаратының мемлекеттік қызметшілеріне мемлекет тарапынан көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе баспана салуға қаржылай қолдау көрсетілуде. Ауыл-аймақтардағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге арналған бағдарламаны бұрын «Аграрлық несие корпорациясы» қаржыландырған еді. Бұған дейін бағдарламаға қатысушылардың кредиттік төлемдеріне қызмет көрсетіп, мониторинг жүргізген аталған компаниядан биыл бұл құзырет алынып тасталды. Нақты айтқанда, Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес, 1 сәуірден бастап «Дипломмен – ауылға!» жобасының сенімді агенті «Отбасы банк» болып бекітілді. Тиісті министрліктің мұндай шешім қабылдауына аталған қаржы ұйымының тұрғынжайды несиелеуде мол тәжірибесі бар екені ескерілсе керек. Соның нәтижесінде осы айдан бастап бағдарламаға қатысушыларға «Отбасы банк» арқылы заемдар төлеу қолға алынды.
«Отбасы банктің» қашықтан қызмет көрсету департаментінің директоры Арсулан Черниязов бағдарламаға қатысты отандастарымыз білуге тиіс бірнеше маңызды мәселені алға тартып отыр. Өйткені «Отбасы банк» үшін бұрын алынған қарыздар мен жаңа бюджеттік несиелер бойынша клиенттердің ай сайынғы төлемдерін кешіктірмеуі керек. Сол себепті бағдарлама қатысушылары жеделдетіп «Отбасы банкінің» клиенті болуы қажет.
– Бұрынғы клиенттердің дерегі бойынша бұл шаруаны онлайн арқылы да тындыруға болады. Бірақ клиенттің келісімінсіз ондай қадамға баруға болмайды. Қазір банк бұрынғы оператордан «мұраға қалған» 38 мың адамы бар клиенттік базаны қабылдап қойды. Әйтсе де клиенттер «Отбасы банктен» жаңа есепшот ашпаса болмайды.
«Дипломмен – ауылға!» жобасының заемшылары несиелерін төлеуді кедергісіз жалғастыра беру үшін мамыр айына дейін «Отбасы банкте» есепшоттарын ашуға тиіс болған. Дегенмен мұны жасап үлгермегендер ел ішінде әлі де бар. Біз бұл жайт бойынша алдын ала клиенттерді хабардар еттік. Сол кезден бастап қимылдамағандар төлемдерді кешіктірген болып есептеледі. Клиенттердің есепшоттарымен қатар, депозиттері де бірге ашылатынын атап айтқым келеді. Бұл опция да – осы үдерістің ажырамас бөлігі. Сондықтан азаматтарға бұдан қорқудың, яғни немқұрайды қараудың жөні жоқ. Өйткені «Отбасы банк» – жинақтаушы банк болғандықтан депозит – клиенттерге қызмет көрсетудің бір түрі. Депозит ашу ештеңеге міндеттемейді, керісінше, келешекте «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысушылар балаларын баспаналы етуді немесе үйін кеңейтуді жоспарласа, мұның көмегі сол кезде тиеді. Бірақ жұртшылық ол депозитті пайдаланғысы, ақша жинағысы келмесе оларды ешкім мәжбүрлемейді.
Клиенттер есепшот ашу үшін банк бөлімшелеріне шапқыламай, үйде отырып-ақ смартфонға «Оtbasy bank» қосымшасын жүктеп алып, сол арқылы «банк клиенті болуды» таңдауы қажет. Бағдарлама өзі тексеріп, яғни клиенттің биометриялық деректерін салыстырғаннан кейін тұтынушы барлық қажетті логикалық әрі ыңғайлы үдерістерді аяқтай алады. Банк клиентіне айналып, ағымдағы шот ашудың тағы бір тиімді жолы – 300 нөміріне тегін қоңырау шалу. Үшінші әдісі – ең жақын жердегі банк бөлімшесіндегі кеңес беру мамандарына жолығу. Біз клиенттерімізге барынша ыңғайлы болу үшін бәрін жеңілдетуге тырысып жатырмыз. Әзірге олардың үштен бірі ғана ағымдағы шотын ашты. Демек, жұртшылыққа асыққан жөн, – деді ол.
Тағы бір мәселе – «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысушылардан өтінім қабылдау қалай жүргізілетіні. Өтінімдерді қабылдаудың басталатын күнін банк қосымша хабарламақ. Бірақ бағдарламаға ауылдық жерлерге жаңадан көшіп келген немесе бұрыннан тұрып жатқан, бағдарламаға сай келетін нақты мамандық бойынша жұмыс істеп жатқандар ғана қатыса алады. Белгілі бір елді мекендерге қажетті қызметкерлер тізімін жергілікті әкімдіктер өздері жасақтап, ресми сайттарына орналастырады. Содан кейін осы тізім бойынша өтініштер қабылданады. Тағы бір шарты – талап етілетін мамандық бойынша үміткер алдағы уақытта үш жыл ауылда жұмыс істеуі керек екен.
– Өтінімдер қалай беріледі десеңіз, егер бұрын осыған дейінгі оператордың филиалы – «Аграрлық несие корпорациясына» бару қажет болса, қазір компьютер, планшет немесе смартфон болса жеткілікті.
«Отбасы банктің» мемлекеттік деректер базасымен интеграциялануы мен «Вlockchain» технологиясының көмегімен азаматтардың түрлі мекемелерге сандалуы тыйыла бастады десек те болады. Жобаға қатысу үшін «otbasybank.kz» порталында тіркеліп, ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қою жеткілікті. Яғни жобаның әлеуетті қатысушыларына «e-Gov mobile» мобильді қосымшасын жүктеп алып, оған тіркелу қажеттігі маңызды екенін айта кету керек. Бұл болашақта қатысушылар мемлекеттік деректер қорынан сұралған деректерді растауы үшін қажет.
Клиенттің өтінімі мақұлданса, ол үй сатып алуға немесе баспана салу үшін берілетін өте жеңілдетілген несиені, сонымен қатар «көтерме жәрдемақы» деп аталатын әлеуметтік қолдауды рәсімдей алады.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша несиенің ең жоғары сомасы 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін, жылына 0,01 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға дейін беріледі. Шындап келгенде, бұл бөліп төлеу сияқты өте тиімді, – дейді А.Черниязов.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы «Отбасы банк» АҚ-ның Алматы қаласындағы баспасөз хатшысы Наталья Кутлина ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері ішінде әкімдер мен олардың орынбасарлары бағдарламаға қатыса алмайтынын айтады.
– Өтінімді «otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында жергілікті әкімдіктердің қызметкерлері қарайды, салынған құжаттардың дұрыстығын тексереді және шешім қабылдайды. Әкімдік оң шешім қабылдаған жағдайда кредит беру процесі басталады. Бұл жағдайда «Отбасы банк» қарыз және кепіл шартын қалыптастыруға көмектеседі, оларға блокчейн технологиясының көмегімен тараптар қол қояды, әкімдік арқылы ақша алады және кредит беріледі. Бүкіл процесс қашықтан жүзеге асырылады. Бағдарламаға қатысушы әкімдікке немесе банк бөлімшелеріне бармайды.
«Отбасы банк» қарыз беру жөнінде шешім қабылдамайды, төлем қабілеттілігін бағалауды жүргізбейді, кепілді бағаламайды және кредит беру үшін қаражат бөлмейді. Осы процестердің барлығына жергілікті әкімдік жауап береді. Сондай-ақ банк бұдан әрі қарыздардың уақытылы өтелуін қадағалайды, бағдарламаға қатысушыдан алынған төлемдерді әкімдіктерге аударады және мерзімі өткен төлемдермен жұмыс жүргізеді, – деді ол.
Былтыр бағдарламаға қатысуға ниет білдіргендерден 12 мың өтінім қабылданыпты. Жалпы жылына орта есеппен 5 мыңға дейін несие беріледі екен. Қаржыландыру жағынан Қызылорда, Алматы және Түркістан облыстары көш бастап тұрған сыңайлы. Осы орайда біз өз облысымыдағы ахуалды білу үшін облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы Сеит Календеровке хабарластық. Оның айтуынша, 2009-2022 жылдары «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында ауылдарға барлығы 5 903 маман тартылып, аудандық бюджеттерден 1 073,9 миллион теңгеге көтерме жәрдемақы беріліпті. 2010-2022 жылдары бағдарлама аясында 2 669 маманға 8,9 миллиард теңге несие үлестірілген. Жалпы кезінде осы бағдарлама арқылы несие алып, оны уақытылы қайтармағандар болғаны белгілі. Осы мәселеге де назар аудардық.
– 2019 жылдың 1 қыркүйегі мен осы жылдың 1 наурыз аралығында борышкерлер саны 159 маманға кеміді. Тарқата айтқанда, бұрын борышкер санатындағы 652 маман болса, қазір бұл сан 493-ке дейін азайды. Негізгі борыш сомасы 44,6 миллион теңге (116,6 миллион теңгеден 72 миллион теңгеге дейін), өсімпұл сомасы бойынша 49,2 миллион теңге (60,9 миллион теңгеден 11,7 миллион теңгеге дейін) өндірілді, – дейді Сеит Серікұлы.
Былтыр «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысқан жас маманның бірі – Әлихан Қорғанбай. Бағдарлама аясында ол 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде көтерме жәрдемақы және 1500 АЕК көлемінде бюджеттік несие алыпты.
2021 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін бітіріп, Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ ауылдық округінің Талапты ауылында орналасқан №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектепке математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Мемлекеттен 306 мың 300 теңге көтерме жәрдемақы берілді. Баспананы осы ауылдық округке қарасты Көлбастау ауылынан сатып алдым. Баспана алу үшін 4 миллион 594 мың теңге несиеге қол жеткіздім. 15 жылға бөліп берген несием үшін қазір айма-ай 25 мың 525 теңге төлеп жатырмын. Осының барлығын есептегенде менің несиеме бар болғаны 3-4 мың теңге ғана қосылады. Бұл негізі маған несиеге емес, қарызға берілген қаржы сияқты. Сондықтан ай сайын несиені кешіктірмей төлеп келемін. Алған үйімнің қора-қопсысы, шөп қорасы, гаражы, моншасы бар. Өзім бойдақпын. Қазір басымда баспанам бар, алдағы уақытта бас құрасам деген ниетім бар.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысуда маған бағыт-бағдар сілтеп, көмектескен аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің мамандарына алғыс айтқым келеді, – деді Әлихан Махмұтжанұлы.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диолог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Сондықтан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет» деген еді. Расында да жастардың жігерін жанып, ауылдық жерде еңбек етуге құлшынысын арттырып отырған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының халыққа берері мол.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ, arainfo.kz