ОТАНСЫЗ АДАМ – ОРМАНСЫЗ БҰЛБҰЛ

Сан түрлі бояумен құбыла құлпырып тұрған, үйлесімі мен үндестігі таңғалдырар ғажайып Әлемді мінсіз қылып жаратқан Аллаһ Тағаланың Құдіреті мен Шеберлігінде шек жоқ! Әр жаратылысты өз ерекшелігімен, айрықша қадір-қасиетімен жаратқан Мейірімді де Дана Иеміз адамзат баласын да түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөлді. Бұл жайлы қасиетті Құранда былай делінеді: «Оның белгілерінің бірі – сендерді топырақтан жаратуы. Сонан соң сендер адам болып тараласыңдар (өсіп-өнесіңдер). …Көктер мен жерді жаратуы, тілдеріңнің, түстеріңнің алуан түрлі болуы да — Оның белгілерінен. Күмәнсіз, бұларда білгендер үшін белгілер бар». («Рум» сүресі, 20,22-аяттар.)
«Ей, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен руларға бөлдік. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың». («Хужурат» сүресі, 13- аят.)

Ғалымдар: «Осы «Хужурат» сүресіндегі: «Бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» деген аяттың астарында өз елің мен жерің үшін еңбек ету – адамдық, мұсылмандық парыз екені меңзеледі», – дейді.
Қасиетті Құран тәлімі баршаға бірдей әділет көзімен қарауға, кез-келген жұмыр басты пендеге жақсылық жасауға үйретеді. Адам ақысы мәселесі айтылған тұста мұсылман адамның бәрінен бұрын өз жақындарының, туыстары мен көршілерінің алдындағы міндеттерінің мол екендігін байқаймыз. Сондай-ақ, туыстық байланысты сақтау – мұсылманның басты міндеттерінің бірі екені белгілі. Ал, туыстық байланыстардың ұлғая келе, рулық, ұлттық деңгейге көтерілетінін ескерсек, онда мұсылман адамның өз халқы мен туған жерінің алдындағы борышын сезінуі, оны терең түйсінуі – имандылықтың шарты екенін ұғынамыз. Сондықтан да, ізгі ниетті мұсылман үшін Отанын құрметтеу, оның игілігі үшін қызмет ету қастерлі парыз саналады.
Хақ дін Ислам әрбір ұлттың адамзаттық өркениетті байыта отырып, өз болмысын сақтағанын, олардың бір-бірімен тәжірибе алмасып, жақсылықтың жолында жарысқанын құптайды. Иә, түп тегіміз – топырақ, түп атамыз – бір болғанымен, Аллаһ Тағаланың даналығына сәйкес түріміз бен тіліміз, дәстүріміз бен дініміз бөлек-бөлек ұлттар мен ұлыстарға бөлінгенбіз. Құран ақиқаты ұлттық ерекшелік те – пенденің өтер сынағының бір қыры екенін дәйектейді:
«Егер Алла қаласа еді, барлығыңды бір-ақ үммет қылар еді. Алайда сендерге берген жол-жобаларында сынамақшы. Ендеше жақсылыққа жарысыңдар. Біртұтас барар жерлерің – Алланың алды. Ол сендердің таласқан нәрселеріңді білдіреді» («Мәида» сүресі, 48-аят).

Әрбір адам баласының өмірін сақтауға, өзін жетілдіруге, берекелі де баянды ғұмыр кешуге ұмтылуы – табиғи нәрсе. Сол секілді әр ұлттың да өзін сақтауға, дамытуға және тыныштық пен ынтымақта өмір сүруге ұмтылуы – түсінікті жайт. Тарих көшіне көз салсақ, осы табиғи мақсатқа жету үшін қауымдар мен ұлттардың түрлі-түрлі тәсілдер қолданғанын көреміз. Жалпы жұртты жұмылдыру үшін тамақтың тоқтығы мен көйлектің көктігіне жеткізетін байлық, билік секілді материалдық мақсаттардан бөлек, адамдардың жүректерін жарастырып, күш-жігерін біріктіретін рухани мұраттардың қажет екені даусыз. Асқақ арманы, асыл мұраты жоқ адам да, ұлт та тоқырауға ұшырайтыны – бесенеден белгілі. Сондықтан, пенденің жеке басы мен отбасынан, аулы мен руынан да жоғары тұрған «ұлт», «ел» деген биік деңгейге көтерілу – ең әуелі, сол ұлтты құраушы адамдарды біріктіретін рухани ұйытқыға мұқтаж. Ал, адамдардың санасын нұрландыратын, дүниетанымын айқындап, жігерін жанитын қуаттың көзі – қашанда дін болған.
Ғалымдардың айтуынша, толыққанды ұлт болып ұйысу үшін мына бес тұғыр түгел болуы керек: тіл, дін, дәстүр, тарих және атамекен. Иә, Ахаң айтпақшы, тілі жоғалған жұрттың өзі жоғалады. Ал, дінінен айырылған ел – рухани өзегінен ажырап, санасыз тобырға айналады. Өйткені дін – халықтың дүниетанымы мен сана-сезімін, іс-әрекетін бағыттаушы, реттеуші қуат. Кезінде түрік тектес халықтардың құрамында болған, бірақ басқа сенім-нанымның жетегінде кетіп, қазіргі күнде жоғалудың алдында тұрған хакас, тува, якут секілді ұлттардың аянышты тағдыры – айтқанымызға дәлел.

Аракідік кездесіп қалатын «Дін деген ұлттан тыс – барлық халықтарға ортақ дүние, сол себепті дінге ұлттық мәселені кірістірмеу керек» деген пікір – жаңсақ тұжырым. Рас, дін – жеке тұлғаның жүрек қазынасы, ол – отбасы, әулет, ұлт деген қалыптардан жоғары тұратын, тұтас адамзатқа тиісті әмбебап негіз. Рас, жекебас қызығы мен ұлттық мүддеден де жоғары тұрған адамзаттың қамын жеу, ғаламдық тұтастықты сезіну секілді адами кемелдену жолы бар, адамшылық шарты бар. Алайда, өзгерістің өзімізден басталатынын, жекеден жалпыға қарай бағытталатынын естен шығармауымыз керек. Егер біз хақ дін Ислам құндылықтарын бір бөлек, ұлттық, елдік құндылықтарды бір бөлек қойып, оларды бір-біріне кереғар дүние ретінде көрсетер болсақ, онда, біріншіден, өмірдің ақиқатына қарсы шыққанымыз. Екіншіден, халқымыздың тілі мен ділін, тарихы мен дәстүрін мансұқтағанымыз. Үшіншіден, өз ұрпағымызға қиянат жасағанымыз. Сонау Қараханидтер дәуірінде Ислам дінін қабылдаған аталарымыз, төрткүл дүниеге «Қазақ хандығы» болып танылған соң да тура жолдан тайған емес. Салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігі Ислам қағидаларымен біте қайнасып өрілді. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», «Өлімнен ұят күшті», «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі» деп өткен аталарымыз ұрпағын Исламның киелі өрісінде тәрбиелей білді. Сондықтан, біз «Алла – Бір, Пайғамбар – хақ, Құран Кәрім – шын» дей отырып, Яссауи, Баласағұни, Қашқари, Бұхар жырау, Махамбет, Дулат, Абай, Шәкәрім секілді данышпан бабаларымыздың мұраларын оқып-үйреніп, бойымызға сіңіруге тиіспіз. Исламмен табиғи тұтасып кеткен өзімізге тән салт-санамыз бен тамырлы дәстүрімізді сақтап, дамытуымыз керек. «Халық – әрі сәби, әрі дана. Даналығынан үйренсек, сәбилігіне әкелік керек» деген Ғабдолла Слановтың сөзін қаперде ұстаған ләзім.
Келесі бір мәселе: Ислам ұлттық намысты қолдағанымен, нәсілдік, ұлттық, тектік астамшылыққа тыйым салады. Ислам жағымсыз әдет-ғұрыптарға жабысқан надан ұлтшылдықты айыптайды; сондай-ақ бір ұлттың өзін басқалардан артық көріп, екінші бір ұлтқа қиянат жасауын теріске шығарып, оған тыйым салады.
«Әй, мүміндер! Бір ел бір елді тәлкек қылмасын. Бәлкім, олар өздерінен жақсы шығар. Бір-біріңді міндемеңдер, жаман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін, сүркей ат – нендей жаман. Ал, кім тәубе қылмаса, міне солар — залымдар». («Хужурат» сүресі, 11-аят).

Ата дініміз ата-анамызға шүкірлік еткеніміз сияқты, шыққан тегімізге шүкірлік етуді, оны қадірлеуді бұйырады. Ислам қағидасы бойынша тегіңнен, ұлтыңнан бас тарту — зор күнә болып есептеледі. Бұл жөнінде ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) былай дейді:
«Қайсыбір кісі, біле тұра, өз әкесінен басқаның баласымын деп жарияласа – кәпір болғаны, ал кімде-кім өзін тектік қатысы болмаған «бір қауымнанмын» деп жарияласа – тозақтан орынын дайындай берсін». (Бухари жеткізген)

Адамға дүниеге келер отбасы секілді, туған жерін таңдау еркі берілмеген, алайда ол өз туған жері мен елі үшін жауапты. Мұсылман адам өз тағдырын халқымен, отанымен біте қайнастыра сезініп, өзін оның өркендеуіне, рухани гүлденуіне жауапкер санауы керек. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген мәнді сөз бар. Шындығында, Отанды сүю, туған елге деген құрмет сезімі жанұядан бастау алады. Балаға жастайынан жанын қорғағандай дінін, отанын қорғау секілді құндылықтарды үйрету – үлкендердің міндеті. Туған елге деген құрметті, патриоттық рухты өз ата-анасынан көре алмаған баланың ол сезімді басқа ортадан қабылдауы екіталай.
Халық даналығы «Отан үшін отқа түс – күймейсің» дейді. Отанды қорғау жолында ештеңеден тайсалмауды білдіретін бұл өсиет-сөздің хақ дін Исламнан бастау алатыны сөзсіз. Өйткені, атадініміз бес нәрсені: дініңді, ар-ұятыңды, жаныңды және ұрпағың мен дүниеңді қызғыштай қорғауды міндеттейді. Осы құндылықтарды қорғау жолында қайтыс болғандар шейіт саналады. Ал шейіттердің ақыретте есепсіз Жәннатқа баратыны мәлім. Отанды қорғаудың сауабы туралы ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) былай дейді: «Шекараны және Отанды қорғау үшін бір күн, бір түнгі күзет – бір ай бойы нәпіл ораза ұстап, түнімен намаз оқудан да қайырлы» (Тирмизи жеткізген).
«Екі көздің иесі бар: тозақтың оты оларға тимейді. Біріншісі – Алла Тағаланы шынайы құрметтеп, көзіне жас алғандар. Екіншісі – Алла жолындағы күзетте көз ілмеген адам». (Бухари мен Муслим жеткізген)

Отанға деген сүйіспеншілік – халық игілігіндегі мүлікті көздің қарашығындай көру, талан-таражға салмау, ел мүддесіне жұмыла жұмыс істей білуді де қажет етеді. Хазіреті Омардың (Ол кісіге Алла разы болсын!) ел басқарып тұрған кезінде болған мына оқиға қандай тағылымды десеңізші! Бір күні Омарға бір кісі келгенде, халифа дереу барып алдында тұрған май шамды өшіріп, оны басқа шамға ауыстырған екен. Таңғалған әлгі кісі мұның мәнін сұрағанда, «Мен жаңа мемлекет ісімен айналысып отырған едім және алдымда жанып тұрған шам да қазына мүлкі болатын, ал қазіргі шаруа екеуміздің жеке басымызға қатысты болғандықтан, өз қаражатыма алып қойған май шамымды жақтым. Өйткені, Ақыретте тозаңның түйіріндей нәрсенің де есебі алынады емес пе?» деп жауап бергені мәлім. Бұл оқиға сол кездегі мұсылмандардың мемлекетпен қоғам меншігіндегі затқа қаншалықты жауапкершілікпен қарағандығын, өздеріне сеніп тапсырылған аманатқа қаншалықты адал болғандығын көрсетеді…
Шындығында, Ұлттың дамып өркендеуі – оның әрбір өкіліне тікелей байланысты. Әр ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын, арды ақшадан, ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін ерлер көбейгенде ғана сол елдің гүлденетіні сөзсіз. Ал, сананы нұрландыратын, жүректі тыныштандыратын нәрсе – өмірдің мәні мен мағынасын түсіндіретін, бойға жігер беретін рухани ілім. Ондай ілім – соңғы әрі хақ дін Исламда тұжырымдалған.

Енді ұлт ұстаздарының айтқанына аз-кем тоқталып өтейік. Елге қызмет етудің көркем үлгісі – имандылық жолында болу екенін Шәкәрім атамыз былай тұжырымдапты: «…Көріп отырмыз, ұлтшылдық пен мәдениеттің ең жоғарғы басқышындағы Европа адамшылық қылып отыр ма? Менің ойымша әлі күнге шейін, асса ұлт, қалса өзімшілдіктен оза алған жоқ. Себеп не? Ұлтшылдық – мәдениетті туғызса да, ақ жүрек туғыза алмайды. Ақ жүрек дегеніміз – «Ұждан» (Әмма жанға махаббат, шапағат, ғаділет), қазақша тәмәм адам баласын бауырындай көріп, жаны ашып, әділет қуу. Осы айтылғандай, ақ жүрек көбеймей тұрып, адамшылық жеңе алмайды. Ұлтының кемшілігін толтыру, артықты өзгелерге зиянсыз жолмен табу – ақ жүрек (ұждан) ісі».
Абай хакім: «Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,

Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.

Көптің қамын әуелде Тәңірі ойлаған,

«Мен сүйгенді сүйді» деп Иең сүйсін» дей отырып, көпке қызмет қылу – Раббымыздың разылығына жеткеретін амал екенін ұғындырады. Иә, бабасының қаны мен анасының сүті сіңген ата жұртын, ойын өсірген, жанын жетілдірген ана тілін, ата дінін сүймеген, қадірлемеген адам – адамшылықтың парқын, имандылықтың шартын түсіне алмаған адам.

Отанды сүю – өз халқын, өмір сүріп жатқан жерін және бұлармен сабақтасып жатқан барлық құндылықтарды сүю деген сөз. Өз кезегінде елін сүю үшін адам өз ана тілін, тарихы мен мәдениетін жақсы білуі тиіс. Ал, Отанға деген сүйіспеншілік ел игілігі үшін жасалған жақсылықтармен өлшенеді.

Туған еліміздің өткен жолын зерделеу, тағдырымен тамырластықты сезіну, жақсылығына сүйініп, жамандығына күйіну, оның абыройы үшін еңбек ету – қастерлі парызымыз, асыл мұратымыз екенін ұмытпау, Отан үшін күрес – ерге тиген үлес екенін естен шығармау – сіз бен бізге сын. Сыннан сүрінбей өтуді жазсын!..

ЕлАна қоғамдық-танымдық сайты