Отандық өнім — ұлт болашағы

Іс-шараны ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің, ҚР ИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің, Астана қаласы әкімдігінің және «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ ресми қолдауымен «Fair Expo» және «Экспо-Сервис» көрме компаниялары бірлесе отырып ұйымдастырды. Көрме алаңында ТКШ және құрылыс кешені үшін жаңа техникалық және технологиялық өнімдер ұсынатын жетекші кәсіпорындар кездесті. Биыл қатысушылар бірінші рет тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру және SmartCity концепциясын («ақылды қала») іске асыру шешімдерін ұсынды. Сондай-ақ энергия тиімділігі мен энергияны үнемдеу, жылу, су және газбен жабдықтау, лифт шаруашылығы, құрылыс технологиясы және материалдар, жарықтандыру техникасы, электр жабдықтары, «жасыл» технологиялар сынды жаңа заманғы қолданысқа еніп жатқан жабдықтар түгелдей көрсетілді. Экспоненттер — қазақстандық кәсіпорындар мен ұйымдар, олардың көпшілігі отандық өндірушілердің тізіліміне енгізілген. Іс-шара аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) ұйымдастырған «Тұрақты қалалар — Smart Cities» атты халықаралық конференция өтті. Конференцияның басты тақырыбы — қала шаруашылығындағы «жасыл» және smart-технологиялардың қолжетімділігі турасында болды.
Көрмеге өз өнімдерін әкелген еліміздегі алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың өкілдерімен арнайы шағын сұхбат жасаған едік.

 

«LED Solution» ЖШС жылына 60 000 шырақ жағады

— Астананы ақылды жарықтандырумен айналысып жүрген сіздердің компания ма?
— Есімім Асылбек Бақыттөлеуұлы, компанияның менеджері болам. Ия, біз ақылды жарықтандырудың қазақстандық үлгісін қалыптастырдық. Біздің компания негізінен көшелер мен аулаларды жарықтандырумен айналысады. Жарықтандыру жүйесі негізінен электр қуатын үнемдейтін жарықтандыру құралын шығарады әрі қауіпсіз. Сұраныстың артуына байланысты қазіргі уақытта біршама ақылды технологияларды жасап қолданысқа енгізудеміз. Компаниямыз 2010 жылдан бастап толық қуатта жұмыс істеп келеді. Алғашқыда Астана қаласының көшелерін жарықтандырумен айна-лыстық. Бүгінде барлық Қазақстан қалаларын жарықтандыра бастадық. Тіпті, ТМД елдерінен де сұраныстар түсіп жатыр. Енді жұмыс та қыза түседі деп отырмыз.
— Ақылды жарықтандыру технологияларын қалай түсінсек болады?
— Біз жақында жаяу жүргіншілерге арналған ақылды бағдаршам мен жолақтарды ойлап таптық. Мысалы: көше бойында жаяу жүргінші жолағы бар делік. Адам жолаққа шыққан уақытта кәдімгі қара асфальтқа қызыл түспен (STOP!) деген жазу пайда болады. Сонымен бірге жолақтар жанып адам келе жатқандығын көлік жүргізушілеріне аңғарта қояды. Сонымен бірге кәдімгі көше бойындағы жарық көзі еш энергия көзіне қосылмаған. Өзімен өзі тәуелсіз. Себебі оның күннен қуат алатын көзі бар. Және ол күн қараңғыланған сәтте жанып, жарық болған кезде өзі өшетін қасиет жадына жүктеледі. Бір ерекшелігі көше бойындағы осындай әр бағанда тегін Wi-Fi желісі тарап тұрады. Сонымен бірге біздің инжинерлер жуықта тағы бір ерекше дүниенің тұсауын кеспек. Бұл ақылды көше орындығы. Көше орындығы да ғаламторға тікелей қосылған. Ол орындықта отырған адам ұялы телефонын сымсыз қуаттап ала береді, сондай-ақ орындықтың өзі күннен қуат алады. Қыста өзінен жылу шығарып тұрады. Демек отырған адам жылынып алады деген сөз. Міне, ақылды жарықтандыруды технологиялар деп осыларды айтамыз.
— Ал компания қанша адамды жұмыспен қамтып отыр?
— Компания 50 адамды жұмыспен қамтып отыр. Егер тапсырыс көбейсе, әрине, жұмыс істейтін мамандар санын да арттыру ойда бар.

 

«Сапа Су» ЖШС құбырлары 100 жыл бойына пайдалануға жарамды

— Жалпы зауыт туралы айтып бересіз бе?
— Есімім — Әсел Жанболатқызы, осы «Сапа Су» ЖШС-інде инжинер болып қызмет атқарамын. Біздің кәсіпорын таза отандық кәсіпорын. Өнімдеріміз тек Қазақстандық шикізаттан дайындалады. Жұмыс істеп келе жатқанымызға бес жылдың жүзі болды. Өнімдер жоғары сұранысқа ие деп айтсам, қателеспеймін. Себебі зауыт отандық нарықта бәсекеге қабілетті. Келесі жылдан бастап, экспорт мәселесімен де айналысуды көздеп отырмыз. Әзірге Қазақстандағы ірі қалаларды құбырмен қамтудамыз.


Ал бұл құбырлар көбіне ірі қалалардағы кәріз сулары мен өзге де қалдықтарын қала сыртына шығару үшін пайдаланылады. Бір құбырдың өзінің қолданылу мерзімі 100 жыл. Сондықтан сапалы өнім қашан да қажет деп ойлаймын.

 

1000-ға тарта ойын алаңын жасап, бабаларды қуантқан «Темір Астана» ЖШС

— Астанадағы аулаларға балалар үшін әсем ойын алаңын орнатып жүрген сіздер болдыңыздар ғой?
— Біз балалар үшін аянып қалып жатқан жоқпыз. Қолдан келсе, әлі де талай жақсы дүниелер жасаймыз. Есімім Хамзин Дамир, кәсіпорында инженер боламын.


— Байқаймын, сіздердің жасап жатқан ойын алаңдар түгел дерлік ағаштан, неге?
— Көп жағдайда қазір пластик пен темірден жасап жатады. Темір тоттанып шіруге бейім болса, пластик өнімдер қыста қатты аяз бен жаздың аптап ыстығына төтеп бере алмай қалуы мүмкін. Сондықтан біз ағаш өнімін өңдеп, оны қалың етіп күн мен жаңбырға шыдамды сыр қаптамамен қаптаймыз. Сол кезде өнімдеріміз кем деген де 10 жыл өз қалпын ұстап тұруға қауқарлы күйге келеді. Сондай-ақ біздің компанияның өнімдері экологиялық таза өнімдер. Барлық шикізат еліміздің түкпір-түкпірінен тасымалданады. Ал ағаш өнімін біз Көкшетау өңірінен әкелеміз.
Отандық нарық үшін сан алуан өнімдерді шығарып отырған сан мыңдаған кәсіпорындардың басы дәл осылай бір жерге тоқайласып отырса нәтиже ерен болады. Сонда өзгенің жылтырағына емес, өзіміздің өнімге деген көзқарас қалыптасып, отандық өнімді тұтынушының да саны артарына кәміл сенеміз. Өз басым аулалардағы балалар үшін қойылып жатқан ойын кешендері отанымыздың, Астананың өз өнімі деп еш ойламаппын. Енді сәбилердің күлкісі тиылмайтын тамаша ойын алаңындағы әр сәбидің қуанышы отанға деген ризашылық екенін біліп жүреміз.

Бердібек Хабай