Осы бір сөздің мағынасына терең үңіліп көрдіңіз бе?

Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп шүкір айтуды ұмытып кетіп жататынымыз жасырын емес. Алланың әр күніне алғыс білдіріп, деніміздің сау болғаны үшін, таңнын атқаны мен күннің батқанын көру бақытына ие боп жүргеніміз үшін, көрген әр жақсылығымыз үшін Аллаға шексіз мадақ айтуымыз қажет. Себебі осы мүмкіндіктерден айырылып күн кешіп жатқан жандар қаншама?! Бір қадам аттаудың өзі мұң болып, төсекке таңылып жатқан немесе табиғат сұлулығын бір көруге зару боп жүрген зағип жандардың тағдыры сізді ойландырып көрді ме? Əйтсе де ондай жандардың өмірге деген құштарлығы ерекше. Себебі олар он екі мүшесі сау адаммен салыстырғанда өмірдің мәнін әлдеқайда терең түсінеді, жүрегімен ұғынып сезінеді, олар үшін әр секунд мәнді, әр сағат қайталанбас сәт, әр күн қайтып келмес жылға татиды. Олардың көкірегі асқақ арман мен қиялға толы… Ал ең бастысы- үміт! Олар әр күніне ерекше үмітпен қарайды, әйтеуір бір жақсылықтың боларына, жарқын күндердің туарына сенеді, сөйтіп өзін-өзі жігерлендіре, қайрай түседі. Оған қанша төзімділік қажет десеңізші! Бір қиындық туа қалса салы суға кетіп, өмірдің еш мәні жоқтай, баз кешіп, түңіліп кететін пенде атаулыға бұндай қиындықтарды бастан өткеру, сабырлық таныту-қиынның қиыны…
Ал дені сау адам ше? Ол үшін алынбайтын қамал жоқтай…Қайнаған өмір алды артына қарауға мұрша бермей алға жетелеуде, ол үшін уақыт қашанда тапшы, тапшылығы соншалық, кейде амандасуға уақыт таппай қалады… “Адамды көрген кезде риза қыл, мүмкін сен оны соңғы рет көріп тұрған шығарсың”- деген жанды сөз бар, шынымен де, қамшының сабындай қысқа ғұмырда адам алды артына бажайлап қарап, барға қанағат, жоққа сабыр ете білсе игі… Байлар бай бола түссем дейді, кедейлер күнелту үшін тырбаңдайды, ал кемтар адам Алладан денсаулық тілейді!!!
Таудан биік секілденіп талғамың,
Ардан биік секілденіп арманың.
Пенделікпен ұмытасың тәубеңді,
Сынағына шыдай алмай Алланың.
Ай мен Күнге үптіргің кеп шекеңді,
Көрмедім деп көлгірсисің шетелді.
Тәубаға кел, шетел түгіл зағиптар,
Көре алмайды өзі туған мекенді.
Қошеметті көрмесеңіз несі бар,
Бар жағдайды ақиқатпен шешіп ал.
Жылы сөзді естімеген кезіңде,
Керең болып туылғанды есіңе ал!
Тәубаға кел!!!