ӨСЕК АЙТУ АДАМ ӨЛТІРГЕННЕН ДЕ АУЫР КҮНӘ

Алла Тағала Құран Кәрімнің «Хашыр» сүресінде бір мұсылманның екінші мұсылман адамның үстінен өсек тасуына тыйым салған. Біреудің қателігін не бойындағы кемістігін айту — ғайбат болып саналады. Ал егер бойында жоқ қасиетті үстемелеп айтса, онда ол «ифтира», яғни «жала жабу» болып есептеледі. Бұл әрекет сауапты жоюмен қатар, ағайын мен ағайын, жалпы ел арасына іріткі салатын кешірілмес ауыр күнә.
Ардақты би бабаларымыз шындық пен өтірік арасы төрт-ақ елі, яғни көзбен көрген шындық, құлақпен естіген өтірік деген. Қиямет күні Алла Тағаланың аса зор қаһарына ілінетін осы өсекші адамдар. Тіпті ораза тұтқан адамның өзі өсек тасыса, Алла разылығы үшін тұтқан оразасы қабыл болмайды.
Имам Мәлікке (р.а.) бір адам «Пәленше адам сізді былай жамандады», — деп жеткізіп келеді, сонда имам жеткізушіге қатты ашуланады. Әлгі адам: «Өйтіп айтқан мен емес едім ғой», — дегенде, «Бұл әңгімені ол адамның аузынан емес, сенің аузыңнан естідім», — деп оны жазаға тартады.
Ал Хасан Басридің (р.а.) алдына бір адам келіп: «Пәленше адамдар сізді өсектеді», — дегенде, Хасан оған сыйлық беріп, былай дейтін: «Сіздер сауаптарыңды маған беріп, менің күнәларымды артқандарыңыз үшін осы сыйлықтар беріледі!». Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Миғражға шыққанда бір адамды көрдім, ол өзінің етін өзі тістеп жеп жатыр, кім екенін сұрағанда, тозақ періштесі: «Өсек таратқан адамның жазасы осындай болады!», — деген екен.
Алла Тағаланың адамзатқа белгілі 99 көркем есімі болса, соның біреуі — «Саттар», яғни «Жасырушы».
Алланың өзі күнәларды жасырып, сауаптарды асырушы болған кезде, адамдар да бірін-бірі ұлықтап, бойындағы қате-кеміс-тіктерін түзетіп, ар-намысына тимей, оны өсектеп басқа біреуге айтпай жасыру — үлкен сауап екенін естен шығармауымыз керек.