Орыс та, қазақ та емес бір ұлт пайда болды…

Иә, төлқұжатында ұлты — қазақ, бірақ тілі — орыс, қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен хабары жоқ бір ұлт пайда болды. Олай дейтінім, сен қазақша айтсаң, бұл не айтып тұр дегендей өзіңе бадырайып қарайды. Түсінбей тұрғаны айдан анық. Салт-дәстүр жайлы айтпай-ақ қойса да болады. Міне, бұларды «мәңгүрт» дейсіз бе, «көзқаман» дейсіз бе өзіңіз білесіз…

Айналайын оқырман, мен жаңалық ашып отырғам жоқ. «Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей тіл туралы енді аузымды ашпаспын деп едім, бірақ күнде көріп, жүйкең жұқарып, жүрегің айни бастаған соң қолыма тағы да қалам алдым.
Көшеде қазақтың қыз баласы келе жатыр. Мынау үлкен екен деп жол бермейді, қайта мұрныңды сүйкей кесе-көлденең алдыңнан өтеді. «Қарағым, саған не болды, күйіп-жанып жатыр ма, әдеп сақтасаңшы», — десең, қабағын түйіп: «Чо?» — деп, көзімен өзіңді жеп жерердей тіксіне қарайды. Мылтығы болса атып кетуге дайын…
Екі қазақтың көшеде орысша сөйлесіп келе жатқанын айтсам таңданбассыңыз. Оны айтасың, лауазымы жоғары, ел басқарып жүргендер жарты сағаттық баяндамасының көп болса бес минутын басында қазақша бастап, қалған жиырма бес минутын орысша баяндайды. Естеріңізге сала кетейін, «қазақ тілі — мемлекеттік тіл» деп осыдан тура 29 жыл бұрын жарияланған ( 1989 жылдың 22 қыркүйегі). Ау, ағайын, құлдықтан қашан құтыламыз? Олай дейтінім, тек құл ғана қожайынның тілінде сөйлейді!
Ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы — тілі» деген екен.
Қазіргі күнде мемлекеттік қызметте қазақ тілін білу міндетті емес. Қазақтардың өздері таңертең жұмысқа келгенде «Сәлеметсіз бе» деп қазақша сәлемдеседі де жұмыстың аяғында «Сау болыңызбен» тәмамдайды. Міне, мемлекеттік қызметтегі бар қазақша осындай. Іс қағаздары негізінен орыс тілінде жүргізіледі де, аудармашы қазақ тіліне аударады. Өйткені, ресми түрде іс қағаздары екі тілде жүргізілуге тиісті, туралап айтсақ «көзбояушылық». Ал қазақ тілі шынында да мемлекеттік тіл болса, мелекеттік қызметкерлер екі тілді де меңгеруі керек емес пе? Аудармашының қажеті жоқ. Дауылпаз ақын әрі қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин: «Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды» деген ғой.
Қазір 1-4 аралығындағы орыс сыныптарында кімдердің оқып жатқандығын білгіңіз келсе, айта кетейік, көбінде 30 оқушының 10-15-і қазақ балалары. Өйткені, ата-аналар қазақ тілінің болашағынан күдіктенеді. Оған тағы бір себеп — 1 сыныптан ағылшын тілін оқыту мен әліпбиді латиницаға көшіру. Бұл шынында да қазақ тілінің өрісін тарылтуы.
Жалтақ халықта, ішінде жағымпаз-дары көп, намысы аз халықта ұлтының тілі өлместің күнін кешетін көрінеді. Осылай демеске амал жоқ.
Белгілі қаламгер, қазақ тілінің жанашыры, неміс ұлтының өкілі, көбімізге өзіміздің «Герағаң» болып кеткен марқұм Герольд Бельгер кезінде былай жазып еді: «Что есть великорусы, малорусы, белорусы, всем известно, но почему должны быть еще и чернорусы?» — деп. Герағаңның осы айтқаны менің қозғап отырған тақырыбыма эпиграф болатындай. Герольд Бельгер тағы да: «Если у казахов столь глубокие нравственные корни и крепкие национальные основы, почему они так охотно поддаются чужому влиянию?» — дейді. Бұл сұраққа жауапты қазіргі жағдайымызда беру оңай болмас. Мен өзім қиналам. Әйтеуір, жауабы көмескі көп түйткіл…
Иран патшасы Даридің (б.з.б. 486 – 522 жж.) жартасқа жаздырған «Баянды мемлекет болу үшін халықтың бір тілде, бір дінде болуын қамтамасыз ету қажет» — деп көрегендікпен айтқан өсиеті дәл бізге арналып айтылғандай естілетіні бар.
Қара қылды қақ жарып сөйлейтін Қазақстанға белгілі ақын-жазушы ағамыз Төлеген Қажыбай қазіргі заманның көлеңкелі тұстарын жазған өлеңдерінде мынандай жолдар бар:
Сыйықсыз заман сыйламас сақал,
Жастары анау кеудемсоқ «нахал».
Дейтұғын қартың келмеске кеткен,
«Қолыңды жай, ал кәне бата ал!»

Қызың ба мынау қызылға құмар,
Тәрік қып арды қойныңа құлар.
Анамның тілі қайыршы халде,
Төрдегілерден садақа сұрар!
Ашынғаннан шығады ащы даусым дегендей, Төлеген ағамыздың алдыңғы өлеңдерінен мұндай жолдарды кездестірмеп едік.
Төкеңнің осы өлең жолдары менің жазғанымды қорытындалап тұрғандай. Оланайық, ағайын.

Совет Хамитұлы