Орта Азия дүңгендері қайдан келді немесе «Шань Ши» ауылы қай ауыл?

Қазақстандағы саны жағынан жылдам өсіп келе жатқан ұлттардың бірі – дүңген халқы. Олар негізінен Жамбыл облысы аумағына шоғырланып қоныстанған. Дүңгендердің атамекені қазіргі ҚХР аумағы болып табылады. Олар ҚХР-дың Шань Ши Ниың, Гансу қатарлы өлкелері. Дүңгентанушы Уаң гуожие профессордың зерттеуі бойынша өздерін «Хуэей Хуэейлар» деп атайтын бұл қауымның ұлт болып ұйысуы VIII ғасырдағы Тан династиясы кезінен басталады екен.

Патшалықтың гүлденіп тұрған шағында, қытай жеріне Орталық және Батыс Азиядан келген иран және түркі тілді адамдардың жергілікті қытай қыздарымен некелесуінен тараған ұрпақтар делінеді. Монғолдар Орта жазықты бағындырғаннан кейін құрылған Юань патшалығы тұсында, яғни Құбылай ханның заманында Хуэей Хуэейлардың мұсылман екендігі айтылады. Тарих көші алға жылжып, қазіргі қытай жерінде Минь патшалығы құрылады. Монғол билігін аударып тастаған қытайлар, ел аумағында жасап жатқан өзге этностарды ассимилияциялауға кіріседі. Хуэей Хуэейлар да осы барыста біртұтас қытай тілінде сөйлей бастаған. Алайда ҚХР құрылғанға дейінгі аралықта билік жүргізген қытай, манчжур патшалары олардың діни сеніміне еркіндік бергенімен, Хуэей Хуэейларды ұлт ретінде мойындай қойған жоқ. Ислам дінін берік ұстанатын олар, қытайлардың Шэньси және Ганьсу диалектісінде сөйлеген. 1949 жылы ҚХР құрылғаннан кейінгі жылдары ұлттарды тұрақтандыру жүргізілген тұста, «Хуэй Хуэей ұлты» деген сөзді ресми түрде «Хуэй ұлты» деп тұрақтандырды. Яғни «Хуэей Зу» деп аталады. Қазіргі таңда Қытайдың барлық аймақтарына таралып кеткен Хуэй Зулардың жалпы саны ресми деректер бойынша 10 миллионнан (бейресми деректер бойынша 70-80 миллион төңірегінде делінеді) асады. Өзге халықтардың Хуэей Хуэейларды «Дүңген» деп атағаны бертінгі замандарда болса керек.
1862-1873 жылдар аралығындағы Шань ши, Гансу (Шэньси, Ганьсу) өлкелеріндегі дүңгендердің жергілікті қытайлармен болған қақтығысы мен Цинь империясы билеушілеріне болған көтерілісі 10 жылға созылды. Жалпы 20 миллионға жуық адам қоныстанған бірнеше өлкені шарпыған бұл көтеріліс, үкімет армиясы жанышталғаннан кейін, «бүлікші дүңгендер» үш топқа бөлініп бір бөлім жер аударылады. Солардың бір тобы қазіргі Қырғыз Республикасы мен Қазақстан аумағына келген. Бұл көтерлістің қамтыған аумағы көлемді болып, қанаттас жатқан провинциялар мен шалғайдағы Тарбағатай өңіріне дейін ықпал етті. Тарбағатай жеріндегі «Дүңген Бор батырдың көтерілісі» деген атпен тарихта қалған жергілікті қазақтар мен дүңгендердің Цинь билеушілеріне қарсы көтерілісінің бастауы осында жатыр еді.Кейбір деректер бойынша, осы көтерілістен кейін Жетісу жеріне келген дүңгендердің саны үш мың адам болған деседі. КСРО аумағында 1924 жылдары басталған ұлттарды айырып белгілеу кезінде Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан аумағында таралып жүрген қытай текті бұл халық біртұтас «Дүңген ұлты» болып тіркелді. Қазіргі таңда Орта Азия дүңгендерінің жалпы саны 100 мыңнан асты.

Дүңгентану ғылымы

Кеңес Одағымен бірде тату, бірде араз болып жүрген ҚХР дейтін «коммунист бауыры» 1991 жылғы қызыл империяның ыдырауынан үлкен сабақ алғаны белгілі. Ұлы реформатор Дың шияу пиңның (Дэн сяопинь) «социализм дегеніміз кедейлікте өмір сүру дегендік емес» дейтін әйгілі сөзінен кейін жаппай нарықтық қоғам құруға кіріскен Қытай елі қысқа уақыттың ішінде зор табыстарға қол жеткізді. Күн санап қуаттана түскен олар ғылым мен өнер саласына ден қоюды ұмытқан жоқ. Солардың бірі Қытайда кейін келе қарқын алған «Орта Азиятану ғылымы» болды. Қазір бүкіл ел көлемінде Орта Азияны жан-жақты зерттеумен айналысатын 40-қа тарта институт мемлекет қаржысымен табысты жұмыс істеп жатыр. Қытайдағы «Орта Азиятану ғылымының» жалпы жағдайы, бағыты, сипаты мен оның ҚХР- мүддесіне тигізетін пайдасы туралы сөз қозғауға бір мақала аздық ететінін айта кеткен жөн. Біздің айтқалы отырғанымыз, осындағы«Орта Азиятану ғылымы» аясында зерттеліп жатқан «Дүңгентану» төңірегінде болмақ.«Дүңген тану ғылымы» ең алғаш рет 1950 жылдары Қырғызстанға жанынан құрылған шағын зерттеу орнынан басталыпты. Оның көрнекті өкілі дүңген ұлтынан шыққан Мұхаммед Яси нович Сушанло деген тарихшысы.Бұл төңіректе еңбек еткен дүңген және орыс ғалымдары дүңгендердің тілі, мәдениеті мен салт-санасын зерттеуді қолға алған екен.

 

Қытайдағы «дүңгентану ғылымы»

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Қытайдың Орталық Азия елдерімен болған қырым-қатынасының нығаюына сай құрыла бастаған «Орта Азиятану ғылымының» төңірегіндегі зерттеушілер Орта Азия дүңгендерін де назардан тыс қалдырған жоқ. Бұлардың ішінде Шань Ши педагогика университетінің профессоры Уаң гуожие мен Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінің оқытушысы, ұлты дүңген Ху жынхуа профессор туралы айта кеткен жөн. Ху жынхуа 1931 жылы Шань Дуң провинциясында туған. Бейжің университетінің Шығыс тілдері факультетінен білім алған. Араб, орыс, қырғыз тілдерін меңгерген. Ол Қытайдағы түркологтар арасында қырғыз тілін зерттеуші әрі «Манастанушы» ғалым ретінде танымал болған адам. Осы «Манастанушы» дейтін атағының арқасында «Қырғызстанның құрметті азаматы», «ҚМУ-дың құрметті професоры» аталып «Манас орденімен» марапатталған. Ху жынхуа профессордың «Манастанушы» ретінде Қырғыз республикасы мен Қазақстан жеріне жасаған экспедицияларынан кейін «Дүңгентану ғылымына» бірден бет бұрғандығы байқалды. Ол 1999 жылы өзі қызмет істейтін Орталық ұлттар университеті аз ұлттар тіл-әдебиеті институты жанынан «Дүңгентану орталығын» құрды. Әрі «Орта Азия дүңгендері» атты кітап жазды. Өзінің «Орта Азиятанудан» оқыған лекцияларында, «қатысты тарауларға, Орта Азиядағы дүңгендердің қытай иероглифтерін білмейтін сауатсыздығы жайлы айтып, бұл жұмысты кешенді түрде қолға алуларын өтіндім. Алдағы уақытта Қырғызстан және Қазақстанның үкіметі рұқсат ететін болса, дүңгендер шоғырлы қоныстанған аумақтарда қытай мектептерін ашуды жоспарлап отырмыз. Орта Азия дүңгендері қытай жазуларын білмейді дегені болмаса, Шань Ши диалектісін ұмытпаған екен. Яғни оларды қытай ортақ тілінде сөйлетудің мүмкіншілігі зор. Бұлар орыс тілін де жақсы меңгерген. Жергілікті ұлттардың да тілдерін біледі. Олармен байланысты жандандыру – ҚХР мен Орта Азиядағы елдер арасында «алтын көпір» орнатуға септігін тигізеді…» дегені бар…

 

Қолға алынған шаралар

Ху жыньхуа профессор бұл күндері зейнетте болсада, өзі тәрбиелеп кеткен шәкірттері «Дүңгентану» саласында оның қызметін жалғастырып жатыр. Олар дүңгендер туралы терең мағлұмат беретін «Дүңген ұлтының қалыптасу тарихы», «Дүңген мәдениетін зерттеу», «Орта Азия дүңгендері» сынды кітаптарды баспадан шығарған. Қытайдағы «Дүңгентану орталықтары» Орта Азиядағы дүңген зиялыларының қатысуымен халықаралық конференциялар ұйымдастыра отырып, олардың атамекендері Шань Ши өңірімен байланысын тереңдету жағына әрекет етіп келеді. Қазіргі таңда Қытайдағы «Дүңгентану орталықтарымен» байланысқа шығып отырған Орта Азия дүңгендері, Шань Ши провинциясы мен болған байланысты тереңдете түсіпті. Олар өзара іскерлік байланыстармен қоса, білім саласындағы селбестікті де жолға қойған. «news.sina.com» сайтындағы мәліметтерге қарағанда, «Қазақстан дүңгендері ассоциациясының» арнайы өтініші бойынша 2003 жылы 15 қарашада, «ҚДА-ның Ши Ань қаласындағы өкілдігі» ашылған екен.(Си Ань Шэнь си провинциясының орталығы) Бұл өкілдік Шань Ши өлкесінің әкімшілігінің арнайы рұқсатын алған.

Ань хусайдың әңгімесі

Біз жоғарыда айтып өткен «Дүңгентану ғылымы» төңірегінде жарық көрген еңбектерден бөлек, қазіргі таңда қоғамдық жұмыстардың да қарқын алып жатқандығын білдік. Қытай тілді сайттарда бұл тақырыпқа қатысты көптеген деректер кездесті. Бір қызығы Қытай сайттары Жамбыл облысы Қордай ауданындағы дүңгендер ауылын «Қазақстандағы Шань Ши ауылы» деп жазып келе жатыр. Осылардың ішінен көзімізге ерекше шалынғаны ҚДА-ның төрағасы Хусей Дауровтың Қытайдың «sina.com.cn» сайтында 2004жылы 15 сәуір күні шыққан сұхбаты болды. Қазақстандағы дүңгендердің жалпы жағдайы мен қазіргі халі, Қытай мен байланысы туралы ұзақ әңгіме өрбіген. Өзін «ҚДА-ның 6-кезекті төрағасы» деп таныстырған Хусей Шимарович мырзаның қытайша есім-сойы Ань хусай екен. «Ауыл әкімі, әрі облыстық маслихаттың депутаты, облысқа танымал ауыл шаруашылығы саласының үздігі» Ань хусайды жерлестері «патша» деп атайтындығын да осы сұхбаттан білдік. Атамекені Шань Ши жеріне келгендегі әсерін жасыра алмаған Ань хусай,Қазақстандағы бауырларына қытай тілін үйретудің маңыздылығын баса дәріптеген.Қытай мен екі арадағы байланысты тереңдетуге күш салатындығын айтқан ол атажұрты Шань Шидегі іскер топ өкілдерін «Қазақстанға келіп ақша табуға» шақырыпты. «Оңтүстік Корея елінің кәсіпкерлері Қазақстандағы мыс кеніштерін игеруді бастағалы, ол жақта тұратын 100 мыңнан астам корей ұлты азаматтарының жағдайлары жақсара түсті. Егер Шань Шидың іскер топ өкілдері Қазақстанға барып кәсіппен шұғылданар болса, жергілікті дүңгендерге пайдасы зор болар еді, әрі ол жердегі «Шань Шилықтардың» беделін көтеріп тастайтын еді» дейді. Хусей Дауровтың Қордайдағы ағайындарын «Қазақстандағы Шань Шилықтар» деп атауының баламалы түрде айтылғаны әлде басқа оймен қолданғаны түсініксіз. Жалпы әңгіме ауанынан аңғарғанымыз, қазақ жерінде жасап жатқан дүңгендердің өздерін Қытай елінің бір бөлшегі ретінде сезінетіндігі еді…
«Қазақстан базарларындағы көкөністердің 50%-ын өндіріп жүрген дүңгендердің басшысы Хусей Дауровты кезінде Нұрсұлтан Назарбаев кеңсесіне шақырған көрінеді. «Мен қызанақ, саңырауқұлақ секілді өнімдерімізді ала бардым. Ол (Назарбаевты айтады) «мұны қалай өсіріп шығардыңдар, технологиясын қайдан алдыңдар?» деп сұрады. «Қытайдан, менің атажұртымнан үйреніп жатырмыз» деп жауап бердім. «Ендеше, осы өнерлеріңді бізге де үйретіңдер» деді ол». Ань хусайдың қытайлық журналистпен өрбіген әңгімесінің арасында «кәрі қыздар» және аралас неке тақырыбы да шет қалмаған. «Ол жақтағы қыздардың Шань Шиге келіп жар табуларына ықпал ететіндігін» айтқан Ань хусай, ауылындағы дүңгендердің қазақтарға қыз бермейтіндіктерін де жасырмапты.
Хусей Дауров соңғы кездері белсенді «Хуа Чяо» ретінде (ҚХР-дан тысқары мемлекеттерде тұратын қытайларды қытайлықтар осылай атайды) Қытайдағы саяси жиналыстарға да белсене қатысып жүрген көрінеді. Оның әлеуметтік желідегі парақшасындағы суреттері мен жазбалары осыны аңғартты. Ал, дүңген жастарының Қытайға барып білім алу мәселесімен жүйелі түрде айналысып жатқандығын мақтанышпен айтып өтіпті.
Хусей Дауровтың қоғамдық істері мұнымен ғана шектелмейді. 2017 жылы 5 мамырда ҚХР-дың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Жаң ханьхуэй, Қазақстандағы дүңген қауымдастығының басшысы Хусей Дауровты қабылдап, оларға елшіліктің қаражатымен әкелінген 2500 дана оқулық пен 500 дана электронды қаламды сыйға тартыпты. Сөз орайында дүңген қауымдастығының төрағасы, Қазақстандағы 15 дүңген мектебінде білім алып жатқан 17 мың оқушының қытай тілін үйренуге ділгір болып отырғандығын айта келіп,«Туған отанымыздан келген осынау жылылыққа толы сауға біз үшін аса бағалы» депті толқыған көңілмен. Олар мұндай қарым-қатынастың алдағы уақытта жалғасты дами беретіндігін айтыпты.
Жалпы қытай тілді БАҚ беттерінде жарияланған біраз материалды қарай отырып, «екі ел арасына алтын көпір орнатуға күш салу» деген сөздердің кездесіп отыратындығын айта кеткен жөн. Ал мақала соңындағы комментарилердің ішіндегі негатив пікірлердің арасында, «сендер жасап жатқан жерлер, кезінде біздің территория еді. Сендер де біздің бір бөлшегімізсіңдер. Алаңсыз жасай беріңдер. Отандарың сендерді ұмытпайды» деген сөйлемдерді кімдердің қандай ниетпен жазғанын оқырман өздері саралай жатыр…

Ерұлан Жансариев