Өрт сөндіру саласының майталманы

19 қазан – құтқарушылар күні. Осы салада 15 жылдан астам жұмыс жасаған Орал қаласының тұрғыны Мұрадым Сұлтанияров – өрт сөндіруші-құтқарушылардың жұмысын жеңілдетуге күш салатын мамандардың бірі.

Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде аға жүргізуші болып жұмыс істейтін Мұрадым Самиғоллаұлы бұл саладағы еңбек жолы 2005 жылы басталғанын айтты. Сол жылы Оралдағы №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіру автокөліктерінің жүргізушісі болып жұмысқа орналасқан. Содан бастап сол бөлімде аға жүргізуші, аға жүргізуші-нұсқаушы лауазымдарына дейін қызметі жоғарылаған кейіпкеріміз қазіргі жұмыс орны – №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде 2017 жылдан бері еңбек етіп келеді екен. Әрине, бастапқыда «аға жүргізушіні» тек өрт сөндіру көліктерін тізгіндеген жұмысшы ретінде елестеткеніміз рас. Алайда Мұрадым Сұлтанияров бұл жұмыстың да жауапкершілігі жоғары екенін жеткізді.

– Әрбір өрт оқиғасы – төтенше жағдай саналады, оның үстіне мұндай жағдайлар уақыт талғамайтыны да белгілі. Дабыл қағылған сәтте өрт сөндіру көлігіне отыра сала, өрт сөндіруші-құтқарушы жігіттерді оқиға орын алған жерге дереу жеткізуге тырысамыз. Одан әрі олардың жұмыстарын барынша жеңілдетуге күш салып, сумен, басқа да өрт сөндіру құралдарымен тоқтаусыз қамтамасыз етеміз. Ең бастысы, тілсіз жауды дер кезінде құрықтап, әріптестерімізбен бірге отбасымызға аман-сау оралуды ойлайтынымыз рас, – деді кейіпкеріміз.

Өрт сөндіру бөлімінің аға жүргізушісі М.Сұлтанияров өрт сөндіруші немесе құтқарушы мамандығын таңдайтын адамдардың бойында батылдық, салқынқандылық, тез шешім қабылдай білу секілді қасиеттер болуы керек деп санайды. Ал көлік жүргізуші сонымен бірге өзіне сеніп тапсырылған техниканы толық меңгеріп, соның бар мүмкіндігін пайдаланып, адамдарға қауіп төндірмей, оқиға орнынан аман алып шығуы қажет.

Бүгінде жасы 45-ке келген кейіпкеріміздің техникаға деген қызығушылығы бала кезінен басталыпты. Тіпті мамандық ауыстыру мүмкіндігі болған жағдайда да осындай көлік құралдарын басқару саласын таңдарына күмән келтірмеді. Бала кезінен үлкен техникалардың «тілін» білуді армандаған Мұрадым ағаның бұл құштарлығына әкесінің көлік жүргізушісі болғаны септігін тигізсе керек. Өрт сөндіру бөліміндегі әскери және арнайы алып техникаларды жүргізіп, басқарып үйренгеннен кейін де өзінің жұмысына деген сүйіспеншілігі арта түскен.

Бүгінгі бейбіт заманның батырлары туралы аз айтылып жүрген жоқ. Ал бұл жолы сол ерлеріміздің өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген Мұрадым Самиғоллаұлы секілді жауапкершілігі екі есе жерлестеріміздің де ерлігіне тәнті болдық. Жанымыздан дабыл қағып өтетін өрт сөндіру көліктерін тізгіндеген адамдардың да жұмысы оңай еместігін түйсіндік.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО Орал қаласы