ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІ ЖАҢАРТЫЛДЫ
Ауданымыз үшін жаңа жыл жағымды жаңалықпен басталып отыр. Өйткені бүгін аудан орталығындағы №19 Өрт сөндіру бөлімінің ғимараты күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, Арман Тоқанов, ардагерлер мен Шу ауданы азаматтық қорғау гарнизонының жеке құрамы қатысты.
Өз сөзінде Қ.Қайшыбекұлы бұл маңызды оқиғаның аудандық төтенше жағдайлар қызметінің одан әрі дамуына қосар үлесі қомақты екенін атап өтті. Сонымен бірге арнайы техникаларға арналған тұрақ, жатақхана, дәріс бөлмесі, жуыну және киім ауыстыру бөлмесі, асхана т.б бөлмелерді аралап, қызметкерлерге барлық жағдайдың жасалғанына куә болды. Онымен қоса, жылу жүйесі көгілдір отынға қосылғанын, арнайы жаттығуға арналған мұнара көтерілгенін де көрді.
Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Шу қаласындағы жылу энергиясын таратумен айналысатын «Шу-Жылу» мекемесінде болып, жылу жүйелерінің қазіргі жай-күйін көзбен көрді. Орталық қазандықтың ішкі жүйесімен танысып, шешімін күткен мәселелерді тыңдады. Бірқатар түйткілдерді шешудің жолдарын жеткізіп, жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.