ӨРКЕНИЕТІ МЕН РУХАНИЯТЫ ҚАТАР ДАМЫҒАН АҚТӨБЕ

Жаңа айдар: Ақтөбе – алтын бесігім!

Бүгін Ақтөбе қаласы үшін осындай айдар аясында арнаулы бет ашып отырмыз. Айына екі мәрте назарларыңызға ұсынатын боламыз. Өздеріңіз білесіздер, ірі мегаполистерге мұндай құрмет бұрында көрсетіп келеміз. Мәселен «Астана ажары», «Шымкент шырайы», «Атырау мұнайлы астана» т.б. Ал Ақтөбеге құрметіміз ерекше. Өңір басшысы Оңдасын Оразалин мырзамен біздің газетіміз үнемі жылы қатынастамыз. Қала әкімі Асхат Шахаров мырза да газетімізде арнаулы бет ашуға келісімін беріп, алдағы уақытта тығыз байланыста болуды уағдаластық.
Ақтөбе қаласы – Батысымыздағы ірі мегаполис. Өндірісі, өнеркәсібі дамыған, инфрақұрылымы үйлескен бұл қала миллионер болуға құлаш ұрып отыр. Сөйтіп Алматы, Шымкент қалаларының қатарында тұрмақ. Сәттілік тілейміз! Тұрғындарының ынтымақ-бірлігі артып, қала көркейген үстіне көркейе бергей!

 

 

Ақтөбе өңірі – еліміздегі ірі индустрия және мәдениет орталықтарының бірі. Облыс орталығы – Қазақстан қалаларының арасында жер көлемі жағынан екінші орында болса, халық саны бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Қарағанды қалаларынан кейін бесінші орында орналасқан Батыс Қазақстан өңірінің ең ірі қаласы. Бүгінде Ақтөбеде болашақта миллион тұрғыны бар алып мегаполиске айналу бағытында іргелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сын сағатта сүрінбедік

Еліміздің батыс аймағының басты экономикалық орталығы саналатын өркениеті мен руханияты қатар дамыған алтын бесік Ақтөбенің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров айтқан болатын:
— Ақтөбе – тоғыз жолдың торабында орналасқан шаһар. Былтыр әлемді жайлаған қауіпті індеп пандемиясы тек біздің өңірдің ғана емес, еліміздің, тіпті әлемнің түкпір-түкпіріндегі елдердің әлеуметтік-экономикалық саласына айтарлықтай әсер еткені белгілі. Осындай сын сағатта Ақтөбенің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін бұрынғы деңгейде сақтап қалу қиын болған жоқ па?
— Рас, пандемияның әсері қоғамның барлық саласына бірдей әсер еткені белгілі. Дегенмен, осындай сын сағатта қаламыздағы жағдайды тұрақты ұстауға тырыстық. Өздеріңіз білесіздер, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау және халықты жұмыспен қамту мақсатында Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар әзірледі. Мәжбүрлі демалыстағы қызметкерге 42,5 мың теңгеден төленді.
Қаламызда азық-түлік тұрмыстық жиынтықтарға арналған төлемдермен 94,5 мың адам қамтылды және 19,4 мың адамға 20 мың теңгеден төленді. 15,8 мың тұрғынға коммуналдық шығындар өтелді.

 

Шағын және орта бизнес жекелеген қызмет түрлері бойынша мүлік салығын, салықтар мен жалақы бойынша әлеуметтік төлемдерді төлеуден босату арқылы қолдау алды. Былтыр жыл соңына дейін қаланың коммуналдық меншігіндегі 41 нысан бойынша жалдау ақысы алынып тасталды. Төтенше жағдай кезінде азаматтардың несиелері бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеуге мораторий енгізіліп, сондай-ақ зардап шеккен жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілерінің несиелері бойынша міндеттемелерді орындау кейінге қалдырылғаны белгілі.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде қаламыздағы жағдай тұрақты болды. Былтыр жыл соңында өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 102%-ға өсіп, инвестиция көлемі де артты. Облыс орталығында ірі индустриялық жобалар іске асырылып жатыр. 2020 жылы 27,2 млрд.теңге инвестиция сомасына 30 инвестициялық жоба іске асырылды, бұл ретте жоспарлы қуаттардың игерілуіне қарай 1,7 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

 

«Ақтөбе» индустриялық аймағының аумағында 25 компания іске асырылуда (инвестиция сомасы 38 миллиард теңге), нәтижесінде 1,2 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.
2021 жылы 2%-ға өсуді қамтамасыз ете отырып, өнеркәсіп өнімінің көлеміне қол жеткізу міндеті қойылды. Таяу болашақта инвестициялар тарту үшін бастамалар мен тауашалы жобалар базасы қалыптастырылды. Осылайша, 30-дан астам инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, оған 10 миллиард теңге тартылатын болады.
— Өңірдегі кәсіпкерліктің дамуы, тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі қалай жүзеге асырылып жатыр?
— Пандемия кезінде үкімет тарапынан қабылданған дағдарысқа қарсы шағын және орта бизнесті қолдау шараларының арқасында кәсіпкерлік саласында оң динамика сақталды. Былтыр бөлшек сауда көлемі 2019 жылдың деңгейінде сақталып, 660,7 миллиард теңгеге жетті.
Бүгінде қаламызда 48,9 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, оның 40,8 мыңы тұрақты жұмыс істеп тұр. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 115,7 мың адам жұмыс істейді.
Былтыр «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы шеңберінде 697 кәсіпкерге 32,5 миллиард теңге несие сомасын өтеуге қолдау көрсетілді. Оның ішінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша қаржыландыруға мақұлдау, несиелерді ішінара кепілдендіру сынды бизнес тетіктері бар. Оған қоса бірнеше кәсіпкерге инфрақұрылымды жүргізу үшін қаражат берілсе, өтеусіз мемлекеттік гранттар берілді.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Еңбек» бағдарламасы аясында да да қаламызда бірнеше жоба қолға алынды. Мәселен, осы бағларламаның екінші бағыты шеңберінде 97 бизнес субъектісіне жалпы сомасы 826,4 миллион теңге болатын жеңілдікті микрокредиттер берілді. 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 334 өтеусіз грант берілді.
«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының облыстық филиалы желісі бойынша жобаларға 21 кепілдік берілді. Кепілдіктің жалпы сомасы — 120,3 млн. теңге. Көптеген кәсіпкерлердің ісін бастауға кепілдігі жетпейтінін ескерсек, бұл үлкен қолдау екені белгілі. Жұмыссыз азаматтарға өз кәсібін ашуға қолдау көрсететін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша «онлайн-режимде» кәсіпкерлік негіздеріне 524 адам оқытылды. Жалпы алғанда «Еңбек» бағдарламасы бойынша былтыр 976 бизнес субъектісіне қолдау көрсетілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 12,4 млрд теңге сомасына 20 жобаға қолдау көрсетілді.
Биыл жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің санын кемінде 2 мың бірлікке ұлғайту, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 250-ден астам кәсіпкерді, оның ішінде өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді қолдаумен қамту жоспарланып отыр. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 3 млрд теңгеден астам көлемде 15 жоба қаржыландырылмақ.
Бұл бағдарламалардың басты мақсаты — азаматтардың өзін өзі жұмыспен қамтуына мүмкіндік беру, жұмыссыздықты азайту екені белгілі.
Былтыр жалпы алғанда 11 972 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 4 880 тұрақты жұмыс орны.
Мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру шеңберінде Жұмыспен қамту орталығы арқылы 3 704 адам жұмысқа орналастырылды,оның ішінде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 3 635 адам екі қолына бір күрек тапты.
2021 жылға «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына бюджетте 1,2 млрд теңге қарастырылған. Қаражат 1 662 жұмыс орнын құруға, 200 адамды оқытуға және жаңа идеяларға 320 грант беруге бағытталатын болады.

 

2284 отбасы қоныстойын тойлады

— Қала тұрғындарының тұрмысының ең басты көрсеткіштерінің бірі – баспанасының болуы екені белгілі. Ақтөбе қаласында тұрғын үй құрылысының қарқыны қандай?
— Өткен жылы 800 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Яғни, 2 284 отбасы мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен баспаналы болды. Биыл да осы қарқынмен жұмысты жалғастырып, бюджет есебінен 1 418 пәтер беру жоспарланып отыр.
«Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру шеңберінде былтыр 80,4 мың шаршы метр тұрғын үй беріліп, 1300-дей отбасы баспаналы болды. Оған қоса 2020 жылы көп балалы отбасылар үшін республикалық бюджет қаражаты есебінен жалпы ауданы 3 963,3 шаршы метр болатын 61 пәтер сатып алынды. Жалпы алғанда былтыр халықтың әлеуметтік осал топтарына 387 пәтер берілді. Сондай-ақ бағдарлама шеңберінде кредиттік тұрғын үйдің 926 пәтері сатылды. Оның ішінде «Отбасы банк «Тұрғын үй-жинақ банкі» АҚ желісі бойынша
«Бақытты отбасы», «Шаңырақ» бағдарламалары, кейіннен сатып алу құқығымен жалға алу, Отбасы банк салымшылары үшін кредиттік тұрғын үй секілді бағдарламалар аясында 897 пәтер (35 мың шаршы метрден астам) сатылды.
Бағдарлама аясында 40 адамға әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттары берілді.
Ал биыл бюджет есебінен 9 қабатты тұрғын үй мен 994 пәтерлі 6 аз қабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтау, сондай-ақ 424 пәтерлі 9 қабатты екі үйдің құрылысын бастау жоспарланған-ды. Сондай-ақ биыл «Нұр-Ақтөбе» тұрғын үй алабының №3 және №4 шағын аудандарында тоғыз қабатты 10 кірпіш үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленетін болады.
Биыл тұрғын үй сертификаттарын беруге облыстық бюджеттен 300 миллион теңге бағытталды.
Қазіргі уақытта тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алу кезегінде 144,8 мыңнан астам қала тұрғындары тұр. Өткен жылы барлығы 6 601 жер телімі берілді. Сонымен бірге ақтөбеліктердің тұрғын үй проблемаларын шешу үшін 43 бау-бақша ұжымдарының 2 067 жер учаскелері жеке тұрғын құрылысына нысаналы мақсаты өзгертілді. Сондай-ақ тұрғын үй қорын жаңғырту бағыты бойынша биыл көп қабатты үйлердің 11 лифті ауыстырылады.
— Баспана – тұрғындардың тұрмысының көрсеткіші болса, өңір экономикасының өзегі – автокөлік жолдары екені белгілі. Облыс орталығындағы жолдарды жөндеу бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз?
— Облыс орталығындағы жолдарды жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі.
Ақтөбеде биыл 36 шақырым автокөлік жолы жөнделмек. Осы бағытта қалада
бірнеше ірі жоба жүзеге асырылады.
Жалпы алғанда биыл ұзындығы 5,7 шақырымға созылатын жаңадан үш жол құрылысын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 12,2 шақырым болатын екі нысанды реконструкциялау жобасы жүзеге асырылады.
Қала бойынша қосымша 12 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Жұмыстары былтыр басталып, биыл жалғастырылып жатқан жұмыстар да бар.
Мұндай ауыспалы жұмыстар нәтижесінде барлығы 45 көше жөнделмек.
2017-2018 жылдары жасалған жұмыстарға қатысты анықталған кемшіліктер бойынша 2020 жылы сотқа бірнеше талап-арыз берілді.
Бүгінгі күні автомобиль жолдарына тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Анықталған кемшіліктер бар. Тексеру одан әрі жалғасатын болады.

 

 

Халқы миллионға бет бұрған батыстағы ең ірі қала

— Ақтөбе – еліміздің батысындағы ең ірі қала. Әрі болашақта миллион тұрғыны бар қала болмақ. Ал ірі қалаларда санитарлық-экологиялық тұрақтылықты сақтаудың да өз салмағы болатыны белгілі. Осы бағыттағы жобалармен бөліссеңіз?
— Иә, дұрыс айтасыз. Қала тұрғындары күн сайын көбейіп келе жатыр. Бүгінде қала іргесінде жаңа аудандар бой көтеріп, құрылыс қарқынды жүргізіліп келе жатыр. Мұның бәрі қала аумағында санитарлық-экологиялық тұрақтылықты сақтау бағытында ауқымды жобаларды қабылдауды қажет етеді. Жалпы қала аумағында санитарлық-экологиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесін қалалық әкімдік пен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі күнделікті бақылауда ұстап отыр.
Жұмыс қоқыс шығарушы компаниялармен (ҚШК) тығыз байланыста жүргізіледі, бекітілген аумақтар бақыланып, мәселелер мен кемшіліктер анықталып, дереу дұрысталады.
Қазіргі уақытта қала аумағынан қоқыс шығарумен жеке тұлғалардан 5 ұйым айналысады. Бүгінде бұл компаниялардан қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға 50-ден астам арнайы техника, соның ішінде қоқыс тасығыштар, тиегіштер, самосвалдар жұмылдырылып отыр.
Ақтөбеде 476 контейнер алаңы бар, онда 3345-тен астам контейнер орналастырылған. Жыл сайын жаңа контейнерлер алынады және ауыстыру қажет немесе қосымша орнату қажет болған жерде орнатылады.
Былтыр 680 стандартты металл контейнер орнатылып, 61 контейнер алаңы салынды. Бұдан басқа жол картасына және ҚТҚ бөлек жинауды және сұрыптауды енгізу бойынша әзірленген бағдарламаға сәйкес, биыл сәуір-тамыз айларында қоқысты бөлек жинауға арналған 1443 контейнер жеткізіледі деген жоспарымыз болды. Бүгінде 200 контейнер әкелініп, орналастырылды.
ҚТҚ-ны бөлек жинауды және сұрыптауды енгізу жол картасы шеңберінде Ақтөбе қаласында ағымдағы жылдың тамыз-қыркүйек айларында қуаты жылына 60 000 тонна қоқысты сұрыптауға арналған қосымша желіні жеткізуге жоспарланған.
Ақтөбе қаласында көлемі 60,2 га жалғыз ҚТҚ полигоны бар, онда қоқысты көмуге арналған 43 карта қарастырылған, 2007 жылы пайдалануға берілген бұл полигон 25 жылға есептелген. Алайда, қала халқы санының өсуіне, тұтыну көлемінің өсуіне және басқа да факторларға байланысты полигонның жобалық қуаты аяқталуға жақын. Сондықтан, былтыр полигонның қуатын арттыруға жобалау саметалық құжат әзірленді, оған мемлекеттік акт шегінде қоқысты жинау үшін қосымша 18 карта жасау, сондай-ақ полигонның периметрі бойынша қоршау және көгалдандыру жұмыстары енгізілді. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтті, қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Ол жүзеге асырылған уақытта полигонның пайдалану мерзімі 8 жылға дейін ұзартылатын болады.
Биыл қаланы санитарлық тазалау бойынша кәсіпорындар шарттық міндеттемелерге сәйкес, бекітілген аумақтардан апатты үйінділерін шығаратын болады. Бұл қала аумағының санитарлық жағдайына оң әсер етеді және қоқыс шығарушы компаниялардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді деп үміттенеміз.
Биыл қаламызда микробиологиялық әдістерді пайдалана отыра қаладағы тазарту имараттары кешенінің ағынды суларының тұнбасын кәдеге жарату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, лай тұнбалар кәріз газдарының қалдықтарын басу үшін биопрепаратпен өңделеді. Өңдеудің жалпы көлемі – 294 мың шаршы метр. Бұдан өзге, ағынды суларды тазарту мақсатында күкірттен тазартатын «Ивказ» катализаторын қолдану жалғасуда. Бұл жұмыстардың барлығы қаламыздың өмір сүру үшін жайлы болуына септігін тигізеді.

«Ақылды қала» жобасының 5 компоненті

— Қазір Ақтөбе тұрғындар үшін «жайлы қала» ма?
— Барлық жұмыс «жайлы қала» орнату үшін жүргізіліп жатыр ғой. Биыл Ақтөбеде бірнеше қоғамдық кеңістікті абаттандыру жобасы жүзеге асырылады. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасы бойынша Ақтөбеде тұрғындарға жайлы қалалық орта қалыптастыру бойынша тиімді шаралар қабылдануда. Бұл жұмыс былтыр қолға алынды. Өткен жылы бірнеше променад ашылған болатын. Биыл да бірнеше қоғамдық кеңістікті абаттандыру жобасы жүзеге асырылады. Жоба аясында аулаларды абаттандыру, балалар алаңдарын және спорт алаңдарын салу, жасыл аймақтар мен саябақтарды дамыту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
28 мамыр – Ақтөбе қаласы күніне орай облыс орталығындағы Жансен Кереев атындағы көшенің бойында жаяу адамдарға арналған променад ашылады. Кешкі уақытта бұл жерде жаяу адамдардың еркін жүріп-тұруы, демалысы үшін көлік құралдарының қозғалысы шектеледі. Ол үшін боллардтар орнатылды. Бұл жер – қаланың ескі бөлігіндегі тарихи орындардың бірі. Скверге брусчатка төселді, ортасына жасыл желектерді суару үшін суару жүйесіне арналған скважина қазылды. Гүлзарларға гүлдер, газон отырғызылды. Воркаут алаңға түнгі шамдар орнатылды. Сонымен қатар, Ж.Кереев көшесінде аула аумақтары асфальтталып, жөнделіп жатыр.
Биыл 9 сквер абаттандырылады. Қазіргі уақытта Тургенев көшесін (ХҚКО №1 ауданында), Төтенше жағдай басқармасының аумағын, тұрғын қалашық ауданындағы саябақты («Алақай» театры), Жастар аллеясын (№17 және №39 ОМ арасында) абаттандыру және Нұр-Ақтөбе ауданында саябақ салу бойынша конкурс жарияланды, барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін мердігерлік ұйымдар жұмысқа кіріседі.
Ең қызықты және әлеуметтік маңызды нысандардың бірі Қарғалы тұрғын алабындағы (Нұр-Ақтөбе) жалпы ауданы 45,5 мың шаршы метр саябақты абаттандыру болады, саябақ «Дина» супермаркетіне қарама-қарсы орналасады, онда 30,5 шаршы метр аумақты көгалдандыру жоспарланған.

 

Алаң орындықтармен және әткеншектермен жабдықталады, соның арқасында тұрғындардың тынығуына жағдай жасалады. Сондай-ақ, мұнда балалардың бос уақытын ұйымдастыру қажеттілігін өтейтін ойын кешені пайда болады.
8-ші шағын аудандағы 8700 шаршы метр алаңда брусчатка төселіп, 120 түнгі шам, 60 орындық орнатылады. Осыған ұқсас жұмыстар Әлия Молдағұлова даңғылында (Есет батыр көшесінен Әбілқайыр хан даңғылына дейін), сулы-жасыл бульварда, қаланың ескі бөлігіндегі скверде жүргізілетін болады.
– Елімізде үш-төрт жылдан бері «ақылды ұлт» үшін «Ақылды қалалар» құру және оны экономикалық дамудың локомотивіне айналдыру қолға алынған болатын. Елімізде «Ақылды қалалар» тұжырымдамасы «Цифрлық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынып, қазіргі кезде «Smart Сity» жобасы еліміздегі бес қалада – Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Ақтөбе секілді ірі шаһарларда біртіндеп жүзеге асырылып келе жатқаны белгілі. Ақтөбеде «Ақылды қала» тұжырымдамасы қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Бүгінде қаламызда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ақылды қала» жобасының негізгі 5 компонентін жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Олар – білім, цифрлық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, интеллектуалды көлік жүйесі, қауіпсіз қала және қаланы басқару.
Осы бес бағыт аясында қаланың барлық мектептері жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген және «Күнделік» ақпараттық жүйесіне қосылған. Былтыр қала мектептерінде интернет жылдамдығын 100 мб/сек дейін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілді.
Цифрлық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағыты аясында көп қабатты тұрғын үйлерді ақылды есептегіштермен жабдықтау жұмыстары, «Бірыңғай төлем құжаты» жобасын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында енгізілген электронды билет қалалық бағыттағы көліктердің барлығында жұмыс жасайды. Күн сайын қалалық бағытқа шығатын автобустар валидатормен 100% қамтылған. Электронды билеттендіру жүйесі төлемді көлік картасы, арнайы қосымшамен QR-код, смс және bluetooth арқылы жасауға мүмкіндік береді. Жуырда жол ақысына дифференцияланған тариф енгізілмек.
Электронды тәсілмен төленетін жолақы құны қазіргідей 80 теңге, қолмақол төлесе 150 теңге болады. Электронды билет ақша қаражатын көлеңкелі айналымнан шығаруға мүмкіндік береді. Бұл 60-80% тозығы жеткен автобус паркін жаңартуға септігін тигізеді. Сонымен бірге қоғамдық көліктің әлеуметтік маңызы бар 29 бағытын мемлекеттік қолдау үшін субсидия бөлу мәселесі де қарастырылып отыр.
Қаланы басқару бағытында Ақтөбе қаласында қажетті жабдықтармен және бағдарламалық қамтамасыз етумен бірыңғай нөмірі «109» Call Center (бірыңғай диспетчерлік қызмет) құрылды.
Ақтөбе қаласының Геопорталын электрондық үкімет порталымен және жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрымен Жер кодексінің 48-бабы бойынша жер учаскесін беру қызметі бөлігінде интеграциялау жұмыстары аяқталды. Ақтөбе бұл қызметті жүзеге асыру және енгізу үшін пилоттық өңір болып таңдалды. Жер қатынастары және сәулет саласында 11 мемлекеттік қызмет автоматтандырылды. Бұдан басқа, Ақтөбе Геопорталының ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақ актісі алынды.
Аула алаңдарында тәртіпті қамтамасыз ету және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қаланың көп қабатты тұрғын үйлерінде бейнебақылау камераларын орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстардың барлығы Ақтөбеде тұрғындарға жайлы қалалық орта қалыптастыру үшін жасалып келеді. Әркімнің тұрған жері – өмір сүруге жайлы болуы керек. Ал жайлылық дегеніміз – барлық қажетті қызметтерге қолжетімділік, қауіпсіздік, ертеңге деген сенімнен тұрады. Бұл жұмыстар бір сәт те үзілмейді, жалғаса беретін болады…

Сұхбаттасқан – Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,
Ақтөбе облысы

Халықаралық «Qazaqstan dauiri»  газетінен