Ордабасыда газ мәселесі шешімін табуда

Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстанда газ бармаған аудандар мен ауылдар аз емес. Солардың бірі — Ордабасы ауданы болатын. Бүгінде бұл ауданның тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізе бастады. Аталмыш ауданның Бөржар ауыл округіне қарасты Қайнар, Ынтымақ, Ұялыжар елді мекендері табиғи газбен қамтылған. Қосымша Бадам елді мекенінің бір бөлігіне (305 абонент) кәсіпкерлер есебінен табиғи газ тартылған. Ал биыл Ықыластемір және Теспе ауылдарына газ құбырлары жүргізілуде.

2015 жылы облыстық бюджет есебінен “Бейнеу-Шымкент” магистральды газ құбырының 1393 шақырымында №19 “Темірлан” АГТС-ынан Ордабасы ауданының Темірлан елді мекені арқылы Арыс қаласына дейін тартылатын газ құбырының құрылысы басталды. Қазіргі таңда АГТС қондырғыларын қысымдау жұмыстары жүргізілді. Жұмыстар аяқталуға жақын. Газды қыздыру блогы жақын арада нысан басына жеткізіліп орнату жұмыстары жүзеге асады. Бекітілген өндірістік кестеге сәйкес газды қыздыру блогы орнатылғаннан кейін, нысан қабылданады.

Бұдан кейін кезең — кезеңімен Қажымұхан ауыл округінің 7 елді мекеніне, Шұбар ауыл округінің 6 елді мекеніне, Қараспан ауыл округінің 14 елді мекеніне, Шұбарсу ауылына, Жеңіс ауыл округінің 2 елді мекеніне, Бөген ауыл округінің 2 ауылына және Бөржар ауыл округінің 3 ауылына газ құбыры тартылып, тұрғындар көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі.

Осылайша Ордабасы ауданында да көгілдір отын мәселесі шешімін табады деп күтілуде. Бұл бойынша жергілікті тұрғындардың аудан мен облыс басшыларына айтар алғыстары шексіз.

Р. БАЛАБИ