Оралдықтар қала мерекесін абыроймен атап өтті

Биыл Оралда «Қала күні-2020» мерекесі аясындағы бірқатар іс-шаралар карантиндік режимге байланысты онлайн форматта өтті. Бір аптаға созылған дәстүрлі шара қорытындыланған салтанатты кеште қала әкімі Абат Шыныбеков мерекенің мерейін үстем еткен өнер ұжымдары мен басқа да қатысушыларды марапаттады.

21-27 қыркүйек аралығында атап өтілген «Қала күні» мерекесі шараларының 80 пайызы онлайн форматта ұйымдастырылса, қалған іс-шараларда санитарлық талаптар сақталды. Бұл туралы шаһар басшысы А.Шыныбеков өз сөзінде айтып өтті. – Қала күні – тұрғындар асыға күтетін мерейлі мереке. Осы мереке аясында әлеуметтік маңызы зор нысандар халық игілігіне пайдалануға берілді. Ал мәдениет және өнер қызметкерлері бір апта бойы жергілікті телеарналар және әлеуметтік желілер арқылы концерттік бағдарламаларын ұсынды. Суретшілер мен мүсіншілер, фототілшілер өз еңбектерін туған қаламызға тарту етті, – деген Абат Абайұлы мерекені абыроймен өткізуге атсалысқан барша азаматтарға, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Биыл Оралда «Қала күні» мерекесі аясында дәстүрлі «JAIYQ SAZY» өнер фестивалі, «Жайықтың би әлемі» би фестивалі және «Ақжайыққа құрмет» атты суретшілер плэнері, «Кешегі мен бүгінгі Орал» фотокөрмесі ұйымдастырылды. Өнер фестивальдеріне еліміздің түкпір-түкпірінен онлайн түрде қатысқан өнерпаздар да болды. Салтанатты кеш барысында осы іс-шараларға қатысушылар марапатталды.

Жастар Мәдениет үйі жанынан құрылған «Салтанат» би ансамблінің халық алдында өнер көрсетіп жүргеніне үш жыл болған. Биыл «Жайықтың би әлемі» фестиваліне екінші мәрте қатысқан өнер ұжымы қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды. – Екінші рет ұйымдастырылған фестиваль республикалық деңгейде онлайн форматта өтті. Байқауға біз «Ұлы дала» биі мен «Алтын орда» композициясын ұсындық. Аз уақытта түрлі деңгейдегі өнер додаларында бағымызды сынап келеміз. Басты мақсатымыз – ұлттық нақыштағы билерімізді көбірек насихаттау, – дейді топ жетекшісі Мейрамгүл Таңатова.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы