Оралда жылыжай шаруашылығы дамуда

Оралдағы 6500-дей тұрғын қоныстанған Круглоозерный кенті аумағында 24 шаруа қожалығы орналасқан. Әсіресе, қысы-жазы табиғи таза өнімдерден арылмайтын жылыжай шаруашылығы жақсы дамып келеді.

Сапалы әрі мол өнім алуға кепілдік беретін жылыжайда көкөніс өсіріп, кәсіптерін кеңейткен шаруалардың бірі – Кладчиковтар жанұясы. «Клад» деп аталатын бұл шаруа қожалығының жетекшісі Марина Кладчикова бау-бақша баптау ісіне әбден машықтанып алған. 2003 жылдан бастап көкөніс шаруашылығымен шұғылданып жүрген бұл қожалыққа тиесілі жер телімінің жалпы көлемі – 13,8 га. Кладчиковтар жылыжай шаруашылығын қатар дамытып, жылдан-жылға алқабы ұлғайған жылыжайлардың жалпы ауданы бүгінде – 11418,4 шаршы метр. Жылыжайларда тұтынушылардың сұранысына сай қияр, қызанақ, бұрыш өсіріледі.

«Ким» шаруа қожалығының иесі Эрнест Ким да көкөніс шаруашылығымен айналысып, 15,7 га алқапқа «жан бітірген». Осы жылы 14 га аумаққа көкөніс-бақша дақылдарын отырғызған. Кәсіптерін отбасымен бірге өркендетіп отырған шаруа иесі көкөністерді жылыжайда өсіруді қолға алған. 20 сотық аумақты алып жатқан 4 бірдей жылыжайда тынбай тер төгіп жүр.

Круглоозерный кенті әкімінің орынбасары Т.Сумкина: – Шаруалардың басым көпшілігі бау-бақша, өсімдік шаруашылығымен айналысады. Соған сәйкес тұрғындардың табиғи таза жеміс-жидектер мен көкөністерді жыл бойына тұтынуға мүмкіншілігі молынан. Бес жеке кәсіпкер жылыжай шаруашығылығын қолға алды. Оларға мемлекет тарапынан ауылшаруашылық бағдарламалары аясында қолдаулар көрсетіледі, – деді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы