Өңірдің өрісі өрістеп келеді

Бүгінде Жамбыл облысы дамудың даңғыл жолына түскені жасырын емес. Өңірде өндіріс саласы өрістеп, ішкі және сыртқы экономика қарышты дамуда. Оған жартыжылдықтағы жеткен жетістіктер дәлел.

Үстіміздегі жылы облыс экономикасының барлық саласында оң динамика сақталып отыр. Өсім – 103,8 пайызды құраған.

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3 пайызға, өңдеу  өнеркәсібі 5,4 пайызға артқан. Негізгі капиталға салынған инвестиция 12,7 пайызға жеткен. Алайда  бюджеттен тартылған инвестиция азайып, жеке сектордың үлесіне басымдық берілген. Жыл басынан  17 миллиард теңгеге 7 жоба іске қосылса,  жыл соңына дейін 46 миллиард теңгеге 9 жоба іске асырылатын болады.  32,2 миллиард теңгеге бағаланған 2 жоба шетел инвесторларының қатысуымен атқарылмақ.  Олар – «Kaz-ir Agro» ЖШС-нің (Иран) «Сафлор майын шығару зауытын кеңейту» және «M-KATGREEN» (Франция) компаниясының «Күн электр стансасының құрылысы мен пайдалануы» жобалары.

Бөлшек сауда 104,3 пайызды, көтерме сауда 109,8 пайызды құрады.

Инфляция деңгейі  102,3 пайыз. Бұл республикалық деңгейден төмен.

Ауыл шаруашылығының өнімі – 103,8 пайыз, яғни 2 мың гектарға артып, 670 мың гектарға жетіп отыр.  Егін ору өткен жылдан 60 пайызға жоғары (2018 жылы – 39,5 мың, 2019 жылы – 64,7 мың гектар).

Өткен жылы құрылған мехотряд 99 шақырым каналдарды тазалап (27 канал, 5 су қоймасы), 6,6 мың гектар суармалы жер қалпына келтірілген.

2018 жылы республика бойынша экспортталған қой етінің 43 пайызы (1,6 мың тонна) облысқа тиесілі болса,  биыл бұл меже көбейтіліп, 6 айдың қорытындысымен 500 тонна ет экспортталды.  Бұл  республика көрсеткішінің  30 пайызын құрады.

Ет экспортының артуына байланысты арпа 27 мың гектарға артық егіліп, дала жұмыстарының тайқазаны қайнап тұр.

Қант өндірісін дамыту үшін тәулігіне 8 мың тонна қант қызылшасын өңдейтін қант зауытының құрылысын «Qyzylsha» ЖШС  тамыз айында бастайды. Өндіріс орны  арнайы экономикалық аймақта салынбақ.

Құрылыс көлемі 12,4 пайызға өсіп, 226 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл бағыттағы жұмыстар 6,2 пайызға артты. Оның ішінде 260 пәтер көпбалалы және аз қамсыздандырылған отбасыларына берілді. Бұдан басқа, демеушілер есебінен 24 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Баспанаға мұқтаж аз қамтылған және көпбалалы отбасыларын тұрғын-үй кезегі жеткенге дейін жатаханамен қамту үшін 8 жатақхананың құрылысы басталды.

Жеке тұрғын үй құрылысына 2877 жер телімі беріледі. Бұдан бөлек, тек электр қуатын тарта отырып 17 алқапта 3722 жер телімін беру қарастырылуда.

«7-20-25» бағдарламасы аясында 320 адам өтініш беріп, 173-і қолдау тапты. 144 азаматқа 1 миллиард теңгеге несие рәсімделген.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 30 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, 28-і жыл соңына дейін тапсырылады Оның 9-ы – арендалық үйлер. 14 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда.

Осылайша есепті кезеңде ел есінде қалар қыруар тірлік атқарылып отыр. Бұл әрине баянды болашағымыз үшін бағдаршам екені даусыз. Ендеші өңірдің өрісі өрістеп, тынысы кеңейе берсін деп тілейміз.

 

Төлен Дедек