Оңалту орталығы жұмысын бастады

Желтоқсанның 14-і күні еліміз бойынша бір мезетте Нұрсұлтан Назарбаев қорының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты онлайн-форум өтті. Елбасының «Ел үміті» және «Қамқорлық» жалпыұлттық бастамалары жобалары қорытындылған салтанатты іс-шара аясында Батыс Қазақстан облысында да игілікті істер жүзеге асырылды.

Соның бірі – Оралдағы облыстық көпсалалы балалар ауруханасында ашылған «Қамқорлық» оңалту орталығы. Бұл – еліміз бойынша сегіз орталықтың бірі. Өңірдегі мұндай бірден-бір орталықтың ашылуына Тұңғыш Президент қоры мен «Самұрық-Қазына» компаниясы қолдау көрсетті.

Орталықтың онлайн режиміндегі ашылу салтанатына Елбасы да куә болып, жиналғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Ал Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев ашылу салтанатынан соң орталықты аралап көрді.

Аурухананың бірінші қабатында орналасқан оңалту орталығы мұнда келушілерге де ыңғайлы. Оңалту орталығының меңгерушісі Жадыра Сәрсенғазиеваның айтуынша, емдеу мекемесі туабітті тірек-қимыл аппараттары бұзылған, басқа да жүйке жүйесінің аурулары бар мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсетеді. – Оларға Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық клиникаларда білімдерін жетілдірген 29 маман ем-дом жүргізеді. Білікті кадрларды даярлауға Елбасы қоры қолдау көрсетті. Сонымен қатар орталықтардан бөлек елімізде мектептерде 16 түзету сыныбы ашылуда, – деді Жадыра Шүкірғалиқызы.

Оралдағы «Қамқорлық» оңалту орталығы «Самұрық-Қазына» қорының қаржылай қолдауының нәтижесінде шетелдік заманауи құрылғылармен жабдықталған. Орталықта айына – елу емделушіге дейін, немесе жылына 600 бала оңалтудан өтеді екен. Емдеу курсы – 21 күн.

«Қамқорлық» бастамасының мақсаты – барлық азаматтар үшін тең жағдайлар мен мүмкіндіктер жасау болса, «Ел үміті» жобасы талантты жастарды анықтауға және қолдауға, кәсіби мамандарды дамытуға бағытталған. Онлайн форум барысында «Ел үміті» бастамасының белсенді қатысушылары мен жүлдегерлері де марапатталды.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы