ӨМІРЛІК ЖӨН-ЖОРАЛҒЫЛАР

Жеті атаға толмай некеге рұқсат етілмейді. Бұл ұлт дәстүрінде туыстық қалыпты сақтау, ұрпақ денсаулығының жақсы болуы үшін жасалған.
Бұрын шаңырақты сақтау үшін жалғыз ұл соғысқа алынбаған.
Баланың кіндігін кесу жолы инабатты, жақсы әйелдерге тиген.
Жиеннен нағашының жолы үлкен.
Өртте, індетте, апатта мал-мүлкі шығын болғандарға бүкіл ауыл, туған-туыстар міндетті түрде көмек көрсетеді.
Араздасқанда ел ағалары (ақсақалдары) татуластырады.
Үйге келгендер қамшысын екі бүктеп ұстайды.
Оттың орнын аттамайды, айналып өтеді.

 

На изображении может находиться: небо, гора, на улице и природа

 

Қара шаңырақ кенже ұлға қалады. Әке-шешені бағу – сол кенже ұлдың міндеті.
Үйленген ұлдарға әке-шеше енші беріп, бөлек шығарады.
Әйелі қайтыс болған жігіт үйленетін болса, онда ол бұрынғы әйелінің ата-анасынан рұқсат сұрап батасын алуы керек.
Енші алған балалары әке-шешесіне, жақын туыстар үлкендеріне қыстан сыбаға жібереді.
Жиендік жасап, жиенқұрық алып кеткендерге ренжу дәстүрде жоқ.
Асарға шақырғанда қалыс қалу – өте ұят.
Туыс, жекжат адамдар қуанышты, қазалы күндерді бірлесіп көтереді, ат салысады, көмек береді және осы іске араласады.
Көршімен тату тұру – жақсы қасиет.
Туған-туыс, жекжаттармен араласып-құраласып тұру – ұлттық парыз.
Жақындарды, дос-жаранды үйіне шақыру, олар шақырғанда кешікпей бару – ежелден қалыптасқан дәстүр.
Қарттарға сәлем беру, науқастың көңілін сұрау – азаматтық үлкен міндет.
Күйеуі қайтыс болған әйел жыл толмай тұрмысқа шықпайды.
Нағашы мен жиеннің, жезде мен балдыздың жарасымды әзілдесіп, қалжыңдасып отыруы – ежелгі әдет.
Күлді баспайды.

 

На изображении может находиться: 1 человек, на улице
Жыртқыш, арам құстардың етін жеуге болмайды.

Үкі тағылған, яғни айттырылған қызға құда жібермейді, сөз салмайды.
Арақ ішу – жамандықтың тура жолы.
Асарда, қолғабыста ешкім еңбегіне ақы сұрамайды.
Қарызға алған ұрғашы мал жыл өткен соң төлімен қайтарылады.
Қонақтың көлігін мінбейді, киімін кимейді, ұнамды затын сұрау қазақ әдетінде жоқ, ұят іс болады.
Қонақ келгенде үй сыпырмайды, балаларына ұрыспайды, үй иелері ренжіспейді.
Сапарға шыққанда: «Пәлен уақытта келемін»,– деп жол кеспейді.
Жасы үлкен болса да әкесі бар адам, күйеу бала бас ұстамайды.
Күйеу мен қыздың төл сыбағасы – төс пен асықты жілік.
Құлаған үй ішіне, мал қора ішінде дәретке отырмайды, киесі ұрады.
Ертеректе байлар мен мырзалар кедей-кепшікті, жетім-жесірлерді демеу үшін шүлен таратып, оларға мал-мүлік, азық-түлік үлестірген.

 

На изображении может находиться: 1 человек, стоит

 

Ең жақын туысы қайтыс болғанда қаза жайында жол-жөнекей айта салмай, жөн білетін кісі әдейі барып естіртеді.
Жаңа түскен келінді күйеудің туыстары арнайы «үй көрсетуге» шақырады. Оған дейін келін ол үйлерге бара алмайды.
Шалбарды отырып, оң аяқтан киеді, сол аяқтан шешеді.
Сұрағандарға қарыз беру – үлкен адамгершілік. Егер сұраған адам «пайғамбар қарызы» деп сұраса, оған сөз айтпай беру керек. Пайғамбарды атағаны – оның қатты қысылып тұрғандығының, әрі сөзсіз қайтаратындығының белгісі, әрі кепілі.
Ұзатылып бара жатқан қыз артына қарамайды.
Жеп отырған тамақты иіскемейді.
Қабір басында тамақ жеуге болмайды.
Бұлақ басына дәретке отырмайды.
Мал көзінше мал бауыздамайды. Сол сияқты енесінің алдында төлін немесе төлі алдында енесін көрсетіп бауыздамайды.
Ауырған адамның көңілін сұрау – үлкен адамгершілік.
Малды басқа, мүйізге, сираққа ұрмайды.
Кісіге кетік, жарық ыдыспен тамақ бермейді.
Түсті жақсыға жориды.
Бата, алғыс алуды әр қазақ баласы бақыт санаған.

Дала профессоры, этнограф

Сейіт Кенжеахметұлы жазбаларынан