ӨМІРІН ӨРНЕКТЕГЕН ӨНЕРІМЕН

Ақындық пен өнер жолы – қиын жол, оған талмайтын қанат, таусылмайтын шабыт керек. Сарысу топырағы дарынды өнер иелерінен кенде еткен жоқ. Аудандық мәдениет саласында өзіндік орындары бар Тұңғатов Тоғай Шалқарұлы, Көпжасар Арынұлы, Шералиев Ынтымақ Анасұлы сынды азаматтардың еңбектері де ерекше. М.Мақатаевты пір тұтқан лирик ақын Тоғай Тұңғатов, Көпжасар Арынұлы ауданның жыр керуенінің алдында жүретін аяулы аға, ақжүрек азамат болса, Ынтымақ Анасұлы Сарысудың алғашқы гимінің және бірнеше әндердің авторы еді. Бұл кісілер аудандық өнер саласына өшпестей із қалдырып, өнегелі жолдарын салып кетті.

Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде “Өмірін өрнектеген өнерімен” атты аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткізген қазақ әні мен жырына зор үлес қосқан әнші, сазгер, ақын – Тоғай Тұңғатов, Көпжасар Арынұлы, Ынтымақ Шерәлиев ағаларымызды еске алу кеші өтті. Кеш сахнасы «Айжанқыз» би ұжымының биші қыздарының «Үш қыран» композициялық биімен ашылды. Дәл сол уақытты сахнаны тербете жас ақын, жерлесіміз Бекайдар Аманбаев өзінің жүрекжарды «Үш қыран қатар ұшып бара жатыр…» деген өлеңін оқып, көрермендердің жүректерін тебірентіп жіберді.

Созақ, Талас аудандары, Тараз қаласынан туған -туыстары жақындары, ұрпақтары, достары және Талас ауданының белгілі ақын-сазгері Қасқырбай Нарбатыров сынды ағаларымыз келіп, кеш қонақтары болды. “Айжанқыз” би ұжымының мың бұралған бишілері, жақында ғана мәдениет үйінің жанынан құралған “Асыл аналар” тобы Т.Тұңғатовтың “Қазақстан, пай-пай-пай! ” әнімен бастаса, Аудандық мәдениет үйінің күміс көмей әншілері К.Арынұлының сүйіп тындайтын әндерін көрермендердің жүректеріне жеткізді. Әуендер мен өлең жолдары жиналған қауымның жанын тебірентіп, ерекше күйге бөледі. Ы.Шералиевтің “Әке”,”Киелі мекенім-ай”, “Ана” әндерін өз нақыштарында орындап, кеш соңын ауданымыздың гимініне айналған “Сарысуым” әнімен аяқтады. Кеш соңында Т.Тұңғатов, К.Арынұлы, Ы.Шералиевтің туған – туыс жақындары, достары алғыстарын айтып, еске алу кешін ұйымдастырған мәдениет үйінің ұжымына ризашылықтарын білдірді. Біртуар азаматтар туралы естеліктерімен, қызықты әңгімелерімен бөлісті.

 

 

Тоғай Шалқарұлы Тұңғатов

1952 жылы Сарысу ауданы, Жон ауылында туылған. Балалық шағы қарт Қаратау баурайында өткен. Тоғай ағамыз жас кезінен- ақ табиғатты, әсем Жон өлкесінің жұпар ауасымен тыныстап, тұнық бұлағының мөлдір суына мейір қандыра өсті. Ауыл қарияларының бас қосып, бабымен май тамыза айтатын әр алуан тақырыпты әңгімелерін беріле тыңдап, шежіреге толы тарихтарға қанықты. Есейе келе баян тартуға құмартты. Мектепте көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, баянға қосылып ән салды. Ел аузында «Әнші бала, Баяншы Тоғай» атанды. 1969 жылы Шымкенттегі педагогикалық институтқа түсіп, оны 1974 жылы аяқтады. 1988 жылға дейін мектепте, комсомол, партия органдарында қызет етті. Сол жылдарда өнер, мәдениет саласында айтулы еңбек сіңіріп, көптеген жастардың өнерге қанаттануына ықпал жасады.

Т.Тұңғатов 1988 жылдан 2000 жылға дейін Сарысу ауданының мәдениет бөлімін басқарды. Ұлы композитор, қобызшы Ы.Дүкенұлының 150 жылдық тойының республика көлемінде өтуіне үлкен еңбек сіңірді.

Соңғы жылдары шығармашылықпен айналысып 70-ке жуық ән шығарды. Шығарған әндері республикамызға танымал ақындардың сөзіне жазылған. Әндері облыстық, республикалық телевизия, радио арқылы бірнеше рет орындалды. Баспасөз беттерінде жарияланды.

Т.Тұңғатов көбіне өз әндеріне өзі өлең жазып, ақындық қырын да таныта білді. Ол қазақтың бір туар лирик ақыны М.Мақатаевты пір тұтты. Оның өлеңдеріне жазған әндері бір төбе. Олардың қатарында «Нені аңсаймын», «Сағындым ғой» «Отыздан асып барамын», «Біздің көктем», «Отан», «Арулар» сынды әндер. Кейінгі кездері шығарған «Қазақстан пай, пай, пай!» әнін Сарысу жастары, Балалар өнер мектебі, жалпы ауданымыздағы білім ошақтарының хор тобы еліміздің айтулы төл мерекелерінде шырқалып, ел рухын көтеруде.

 

Көпжасар Арынұлы

Жамбыл облысы, Талас ауданы, Көшек батыр ауылында 1953 жылы 11 сәуірде дүниеге келген. 1980 жылы Жамбыл мәдени-ағарту училищесінің, кейіннен Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ән және музыка бөлімін тамамдаған.

Еңбек жолын құрылысшылықтан бастап, өзі туып өскен ауылда клуб меңгерушісі, сол кездегі аудан орталығы Ақкөл ауылындағы музыка мектебінде домбыра класының оқытушысы, 1980 жылы қазіргі Қаратау қаласындағы музыка мектебінде домбыра класынан дәріс берген.

1981-1988 жылдар аралығында қалалық мәдениет үйіндегі «Алтын домбыра» халықтық ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарып, осы жылдар аралығында Ветнам, Индия, Ресейдің бірнеше қалалары мен көрші републикаларда гастрольдік сапарлармен өнер көрсеткен. Осы жылдардағы еңбегі үшін КСРО-ның мәдени- ағарту ісінің үздігі белгісімен марапатталған.

1988-1999 жылдар аралығында Сарысу ауданы, Жаңатас қаласындағы «Кеншілер» мәдениет сарайының оркестр дирижері және көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарып, өнерді сүйген жастарды тәрбиелеп, елімізге танымал эстрада жұлдыздары Гауһар Қаспақова, Бейбіт Сейдуәлиева, Айгүл Махашева, Мәдина Шәріпова мен «Қоңыр» этно тобындағы әнші Жазира Кошанова сынды әншілерді дайындап, өнер көгіне самғауына өзіндік үлесін қосты.

1999-2005 жылдары Сарысу ауданы әкімдігінің мәдениет бөлімінің бастығы қызметін атқарған.

Осы еңбектері үшін ҚР мәдениет министрлігінің «Құрмет» грамотасымен 2 дүркін, Жамбыл облысы мәдениет басқармасы мен облыстық кәсіподақ комитеттері марапаттарының және Қазсовпровтың «Құрмет» грамотасымен және басқа да марапаттармен марапатталған. 2005-2011 жылдарда Талас ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы, «Ұлбике ақын» атындағы мәдениет үйінің директоры және музыкалық жетекші қызметтерін атқарған. Талас ауданында қызмет атқарған жылдарында «Алтын домбыра» ансамблін үштік етіп қайта құрды. «Алтын домбыра» үштігі осы жылдарда облысымызға кеңінен танылып, еліміздің Астанасында бірнеше мәрте облыс жұлдыздарының құрамымен концерт көрсетіп қайтты.

2011 жылдың ақпан айынан бері Байзақ ауданы, Әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің директоры.

2011 жылы аудандық мәдениет үйінде өткен Республикалық Н.Тілендиев атындағы әншілер және күйшілер конкурсына облысымыздың атынан қатысқан Д.Диханбаеваны дайындап, бас жүлдені иемденуіне ықпал етті. Келгелі бері «Байзақ үштігі» мен вокалды топ құрып, Байзақ ауданы өнерпаздарының өнерін ұштауда көп еңбек етті.

 

 

Ынтымақ Анасұлы ШерАлиев

1957 жылы 26-шы қыркүйекте ОҚО, Созақ ауданы, Құмкент ауылында дүниеге келген. Көп жылдар Жаңатас отын қоймасының директоры қызметін атқарды. Сарысу ауданының халқын көмір отынымен қамтып, адал еңбегімен талай ел ризашылығына бөленген жан. Баба Түкті- Шашты Әзіз әулиенің дамыл тапқан жерінің топырағынан нәр алып, тұнық суынан сусындап өскен Ынтымақ ағамыз бертін келе, сазгерлік өнерге ден қоя бастады.

Киелі мекенде оң-солын танып өскен Ынтымақ ағамыз «Киелі мекенім-ай», «Ананы аңсау» «Дос жүрегі» «Жаңатас сазы», «Сарысуым», «Нұр аға», «Шоқай Датқа-ақыл ата» және ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына арнап «Абайға арнау» атты өлеңдерін жазды. «Киелі мекенім-ай» әнін қасиетті Баба түкті- Шашты Әзіз әулиеге арнап жазды.

Елбасына арнап жазған «Нұр аға» Н.Ә.Назарбаевтың Жамбыл облысына үлкен іссапармен келгенде осы әнді Сарысу әншілері Елбасы алдында Тұңғыш рет шырқалды. Содан бері бұл ән, Астана күні және Тұңғыш Президентіміз күні мерекелерінде шырқалып келеді.

«Сарысуым» әні Сарысу ауданының 80 жылдық мерейтойына арнап жазды. Бұл ән ауданымыздың төлқұжаты іспеттес әнұранына айналды. Артына елін тебірентер, туған жеріне, туған еліне деген сүйіспеншіліктен туған әнін қалдырған азамат.

Гүлнара Байбосынова,

«Sarysý»