ӨЛМЕЙТІН ӘН ҚАЛДЫРДЫ

Тыңдағанда көңіл қылын шертетін, тұла бойыңды шымырлататын лириктер шоғырында жұлдызы жарқырап тұрар Исраил САПАРБАЙ дүние салды. Махаббат жыршысы ғұмырының соңына дейін жігіт, ер, яғни, еуропа тілімен айтқанда джентельмен болып өтті. Ол нәзік жандыларға ерекше ізетін, жылы жүрегін, мейірімін ғана емес, ақындық ақылын, ермінезділігін, өмірге ғашықтығын, сезімталдығын, серілігін, сергектігін, қарапайымдылығын, қайырымдылығын өмірде көрсете білді.
Мұндай қасиеттері болмаса, еңбек жолында журналшылық, дипломатиялық, жазушылық, өзге де жауапты қызметтерде бағын сынау бақыты оған бұйырмас та еді. Кезінде партия мектебінде тәлім алып, кезегінде жаңа дәуірдің партия құрылысы ісіне араласа жүріп, бар талантын халқына арнауы көпке үлгі боларлық өнеге. Оның туындылары елге тез тарады, танымал үздіктердің қатарына енді. Нағыз хитке айналған әндердің атауларының өзі айтып тұрғандай емес пе?
“Сағыныш сазы”
“Махаббат мәңгі ертегі”, “Егіз лебіз”, “Бір тамшы көздің жасындай”, “Сағындым сені”,
”Қоштасудың қиыны-ай”
“Алақанымнан ұшқан аққуым”
”Сен болмасаң”, “Жұлдызым” , өзге де көптеген әндері әуенімен, сазымен, сөзімен ғана емес, орындаушыларымен есте қалды.
Әнге мәтін жазуға талпынып, ақыл сұрағанымыда бәлсінбей, білгенімен бөлісті. Қаншама қазаққа мәтін жазу әліппесін үйреткенін айтып кеудесін қақпады, мақтанбады. Ол — кез келген адамның сезімін, сенімін сыйлай білді.
Иә, жақсы ән жақсы адамдарға күш-қуат сыйлайды, жүрегіне от беріп, қанат қақтырады.
Бір өлеңінде ақын Исраил САПАРБАЙ:

“Сыйынарым, сүйiнерiм – бiр Алла!
Тылсым бар-ау,
Бiр сыр бар-ау, сiрә, онда?..
Шоқ-шоқ болып өспейдi ғой шынар да!
Топ-топ болып ұшпайды ғой қыран да!” — деп жазған еді.

Шындығында, елімізде жүздеген әнге мәтін жазған ақындар көп емес. Әні бар кезде қазақтың рухын ешкім жыға алмайды. Халқымыз аман тұрғанда өлмейтін ән қалдырған Исраил аға САПАРБАЙДЫҢ аты да өшпейді. Алла разы болсын!

Дархан МЫҢБАЙ