Олимпиаданы тікелей эфирден үш телеарна таратады

ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің қолдауымен Рио-де-Жанейрода өтетін  XXXI жазғы Олимпиада ойындарын трансляциялаудың эксклюзивті құқығына отандық үш арна ие болды. Олар «Қазақстан», «Kazsport» және «Хабар» телеарналары.

            29-шы шілде күні ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде XXXI жазғы Олимпиада ойындарының материалдарын аталған үш арна арқылы тарату мәселесіне байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Жиын  барысында телеарна өкілдері Dentsu, Inc  құқықтарына ие компания қойып отырған шарттар мен талаптар туралы айтып берді. Әңгіме барысында Олимпиада ойындарының хабарларын барынша таза әрі кедергісіз тарату, тікелей эфир барысында тыйым салынатын жарнама-материалдар, оларды рұқсатсыз таратудың жауапкершіліктері сияқты өзге де көптеген мәселелер сөз болды.

            Журналисттер тарапынан қойылған көптеген сауалдарға «Хабар» телеарнасының директоры Ринат Кертаев пен  «Kazsport» телеарнасының басшысы Павел Цыбулин нақтылы жауап берді.

«Біз барлық жарыстарды тікелей эфирде басынан аяғына дейін бөлмей, ортасында белгілі бір хабарландырулар, жарнамалық және анонс дүниелерді салмай толыққанды көрсетуіміз керек. Бұған біздің спорт жанкүйерлері қуанады деген ойдамыз. Өйткені кез келген жарысты аяғына дейін үзбей көру көрерменге үлкен сыйлық болғалы тұр. Бұл бір. Екіншіден жазбаша түрде шығатын, бірақ оригинальды форматтағы дүниелердің ортасында біз өзіміздің олимпияда тақырыбына сәйкес роликтерімізді, бағдарлама аралық қосымшаларымызды көрсетуге мүмкіндік бар. Үшіншіден, үш арна тарататын хабар Қазақстан территориясында көрсетіледі және  шетелдік арналардың таратуына рұқсат етілмейді. Егер бізге тиесілі материалдарды өз еліміздегі интернет ресурстары, басқада БАҚ -ы өз тарапынан көрсететін болса заңмен қатаң қудаланады»,- деді «Хабар» телеарнасының директоры Ринат Кертаев.

«Тәжірибелі журналистер мен спорт шолушылары 31 шілде күні Риоға аттанады. Олар қазақстандықтарды Олимпиаданың ең басты оқиғаларынан хабардар етіп отырады. Теларна арқылы оқиға орнынан эксклюзивті материалдар, арнайы репортаждар мен жарыстардың күнделіктері көрсетіледі. Олардың барлығын «Қазақстан» мен  «Kazsport» телеарналарынан және kaztrk.kz  мен kazsport.kz жаңалықтарынан, сондай-ақ kaztrk.kz/kz/Rio-2016 арнайы парақшасынан көруге болады»,-деді «Kazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин.

Осы жиыннан көңілге түйген тағы бір жағымды жаңалығымыз, алғаш рет Олимпиададан тікелей студиялық бағдарлама жасалады. Онда еліміздің спортшыларымен, жаттықтырушыларымен, ҚР Мәдениет және спорт  министрлігі мен ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің  басшыларымен  сұхбаттар ұйымдастырылады. Студия Олимпиада құрамасының ақпарат орталығы базасында орналасады. Олимпиада аяқталған соң «Kazsport» телеарнасы деректі фильм дайындайды.

Айта кетейік, жазғы ойындардың тарихында Олимпиада алғаш рет Оңтүстік Америкада өткелі отыр. Оған 200-ден астам мемлекеттен 10,5 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілуде. Олимпиадалық ойындардың ашылу рәсімі «Маракана» стадионында өтеді. Халықаралық олимпиадалық комитеттің бағалауы бойынша,  Олимпиаданың ашылу рәсімін әлем бойынша 3,6 миллиард адам тамашалайды.