«Өкпелесең — көшіп кет!»

Қорғаныс министрі ғажап адам екен. Ғажап! Сұңғыла! Терең ойлы! Еркін! Демократ! Қазақтың өткен-кеткен тарихынан хабары мол болғандықтан, мақал-мәтелді қалай заманға бейімдеп айтады, шіркін!
Бір-ақ ауыз сөзбен, кешіріңіздер мақалмен тұтас ұлттың аузын жаба салды. «Өкпелесең — көшіп кет!».
.Өте астарлы, уытты сөз ғой бұл! Мұның астарында «Көше алмасаң тыныш отыр»деген емеуір бұғып жатқаны даусыз.
Енді осы бір ауыз сөзді тәпсірлеп көрейікші. «Өкпелесең — көшіп кет!». Демек министр қазақтың ата-бабасының көшпенді жұрт болғанын меңзеп тұрғаны анық. Сөйтіп өткен тарихты еске бір салып, терең білімін көрсетіп қоймақшы. Сосын «Жаңа Қазақстанды» жаңа мақалмен жаңғыртпақ. Жаңаша ойлау деген осы шығар, бәлкім? Жаңашыл министр екенін осылай дәлелдегісі келсе несі айып!
Жалпы «Өкпелесең — көшіп кет!» деп дүйім жұртқа көзін бақырайтып қойып айтуға жүрек керек! Ақордадан тірек керек!
«Жүрек жұтқан» батырлығына тәнті болдым сондықтан.
Ертеректе, «Миымды ауыстырмасаңдар қазақша сөйлей алмаймын» деген министрге қарағанда, бұл министр «Айналайын» ғой. Бұлтаққа салмай ашық айтып тұр ғой: «Өкпелесең — көшіп кет!».
Орыс мінезді, орақ тілді азамат қана осылай десе керек.
«Өкпелесең — көшіп кет!». Бұл «Атың шықпаса жер өрте» дегенді білетін адамның сөзі!
Жасай бер министр мырза! Бұл қазақты осылай тұқыртып қоймасаң қыр соңыңнан қалмайды. Ызыңдай береді. «Тіл-тіл» деп бір балықтың басын мүжи береді. Мыжи береді.
«Өкпелесең көшіп кет!» деп айтып-айтып тастадың қазаққа, жарайсың! Ер екенсің! «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» деп күні ертең сені де кешіре салады бұл қазақ. Қатты айттым деп уайымдама министр мырза! Шашыңыз ағарып кетер бекерге! Ел алдында жүрген тұлғаның бірісіз, шашыңыз қоп-қою болғаны дұрыс қой…
«Әр кәлләда бір қайғы» демекші менің қазіргі үлкен уайымым: «Қайда көшемін!.» Ауылға көшейін десем, ол жақ ит байласа тұрғысыз. Шетелге көшейін десем ақшам жоқ. Қайтемін, ә?
Министр мырза, Сізден үлкен өтініш: келесі жолы журналистермен кездесіп жатсаңыз, қазақтардың қайда көшетіндігін нақтылап берсеңіз? Әйтпесе қиналып кеттік қой?!
Айтпақшы айыпқа бұйырмаңыз, менде сізге еліктеп жаңа мақал шығардым. «Өсер мал түстес келеді» емес пе:: «Сиқы қашқан қазаққа, сайқымазақ министр кез болады» деп….