Облыс әкімі су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатындағы оқу-жаттығудың барысымен танысты

Облыс әкімі су тасқынының алдын алуды күшейтуді тапсырды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Байзақ ауданының орталығында жергілікті атқарушы органдардың көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындығы мен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында өткен «Көктем-2024» республикалық оқу-жаттығу жиынын бақылады.

Аймақ басшысы оқу-жаттығу шаралары шеңберінде тасқын қаупі туындаған жағдайда нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеу мен жергілікті тұрғындарды хабарландыру жүйелерінің дайындығын пысықтауды тапсырды.

— Төтенше жағдайлар қызметінің жұмысы қашанда қауырт. Кез келген уақытта күтпеген жерден оқыс оқиға болып, тұрғындар мен қоршаған ортаға қауіп төнуі мүмкін. Қауіптің барлық түрімен күресудің жолдары да сан түрлі.

Төнген қауіптің бетін қайтару үшін тиісті мамандардың барлық жағынан дайындығы, батылдығы, біліктілігі мен білімі жоғары болуы керек. Небір қиын жағдайда жол тауып, қауіпке тойтарыс беру үшін мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары үнемі жүргізілуі тиіс,-деген облыс әкімі көктемгі су тасқынының алдын алуға қатысты жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.

Шара барысында мамандар авариялық-құтқару қызметтерінің күш-құралдарының қазіргі жағдайы, олардың техникалық қабілеті туралы баяндап, халықты эвакуациялау мен ұсақ малдарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарын пысықтады. Бұдан бөлек, су тасқыны тәуекелінің алдын алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, азаматтық қорғау қызметтерінің төтенше жағдайларға дайындық деңгейі тексерілді.

Айта кетейік, оқиға бойынша көктем мезгілінде Талас өзенінің маңында қоныстанған бірқатар елді мекендерді су басып қалу қаупі төнеді. Төтенше жағдай кезінде қаупі төнген аумақта балық аулау кезінде зардап шегіп, кішкентай аралда қалып қойған тұрғындар анықталады. Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары қызметтік иттің көмегімен оларды тауып, арнайы ТРЭКОЛ техникасымен эвакуациялайды.

Бұдан кейін, өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметтері су басқан аумақта суды сору жұмыстары жүргізеді. Сонымен қатар, аудандық электр желілері мен газ шаруашылығы қызметінің бригадасы төтенше жағдай салдарынан зақымдалған трансформаторларға және ШРП-ны қайта қалпына келтіруге кіріседі.

Ал, аудандық шұғыл ден қою жасағы автомобиль жолының және үйінді бөгеттің жарылған учаскесінде құм төсеу жұмыстарын қолға алады. Полицейлер автокөлік қозғалысын тоқтатып, сол маңда жаяу патрульдер жұмыстарын ұйымдастырады.

Мұнан соң, инженерлік қызметтер МТЗ-80 әмбебап тракторларының базасында аспалы бульдозерлі және тиеп-түсіру жабдықтары арқылы бөгетті бекіту жұмыстарын жүргізеді.

Бұл жұмыстарға Ұлттық Ұланның 5513 әскери бөлімі мен аудандық өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметтерінің қосымша күштері тартылды. Осылайша, күштік құрылымдардың жедел бірлескен іс-қимылдарының нәтижесінде табиғаттың тосын мінезіне тосқауыл қойылады.

Төтенше жағдайларды жоюға барлығы 101 адам және 25 бірлік техника жұмылдырылды.

Жамбыл облысы әкімдігі