Облыс әкімі шалғай ауылдардағы тұрғындармен кездесті

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов шалғай елді мекендердің бірі Мойынқұм ауданының Шығанақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты.

489 аула бар ауыл тұрғындарының басым бөлігі бау-бақша шаруашылығына бейімделген. Дегенмен, ол үшін бүгінде су мәселесі қолбайлау болып тұр.

Аймақ басшысы бұл түйінді түйіткілді арнайы цистерна орнату арқылы биыл шешу керектігін айтып, ауыл, аудан басшылығына нақты тапсырма жүктеді.

Бұдан бөлек, шығанақтықтар кәріз, қоқыс тазалау, тұрғындардың мәдениеттілігі, ауыз судың сапасы, медициналық пунктіден стационар ашу, автожолдан мал өткелін салу және өзге де мәселелерді көтерді.

Облыс әкімі барлық сұрақтарға облыс деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып, жан-жақты жауап берді.

Дәл осындай форматтағы кездесу Мыңарал ауылдық округінде де ұйымдастырылды.

Кездесуде елді мекендерді таза ауыз сумен қамту, газдандыру, «Жайлы мектеп», «Дені сау ұлт» және басқа жобалар туралы баяндалды. Ауыл тұрғындары тарапынан электр желісінің жел тұрса өшіп қалатынын, таза ауыз судың қыс айларында қатып қалатыны, ауылға жедел жәрдем көлігінің керектігі айтылды.

Аймақ басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген сұрақтарға жауап берді.

— Облысымыздың кешенді даму жоспарына сәйкес 2025 жылға қарай ауылдарды таза ауыз сумен және табиғи газбен қамту мәселесі толығымен шешіледі. Жолдардың, көшелердің жақсы жағдайдағы үлесін барынша арттыру да — басты назарда. Қазіргі таңда осы бағытта жан-жақты жұмыстар атқарылуда.

Барлық мәселелер рет-ретімен шешімін табатын болады. Осы орайда, жергілікті халық пен биліктің бір-біріне деген сенімі маңызды. Ортақ жауапкершілік болғанда ғана нақты нәтижеге жете аламыз.

Бүгінде аудан, ауылдық округ әкімдіктерінің жұмысқа деген көзқарасы өзгеру керектігін жиі айтып жүрміз. Олар тек мәселе көтеріп ғана қоймай, оның шешу жолдарын тауып, жұмыс істеуі тиіс. Үйлестіру, ұйымдастыру шараларына басымдық беруі қажет. Шағын инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын құруы керек. Бұл олардың жұмыс тиімділігінің нақты көрсеткіші болмақ,-деді Нұржан Нұржігітов.

Кездесулерден кейін облыс әкімі ауыл тұрғындарын жеке сұрағымен қабылдады.

Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов аталған елді мекендердегі балабақша, орта мектердің жұмысымен және ғимараттарының жағдайымен танысты.

Жамбыл облысының әкімдігі