Оқушы жетістігі – мұғалім мерейі

Қазақ елінің келешегі, бүгіні мен ертеңі, алдымызда тәрбиелеп отырған жас ұрпақ екені сөзсіз. Өзге елдермен тереземізді теңестіріп, өркениетті елдер қатарына ілестіріп, әлемге көк байрағымызды желбіретер жас ұландар әр өлкеде бой көрсетіп, өздерін тағы да бір мойындатты.

          Оңтүстік Қазақстан облысының  №1 Білім инновациялық лицейінің өрендері білім дәрежелерін  сынап, жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық олимпиадасына қатысып,  28 жүлделі орынға ие болды. Жаратылыстану бағыттары бойынша математикадан Иманбердиев Руслан, Шаназаров Аброрбек, информатика пәнінен Темірхан Иманғали, физикадан Миранбекұлы  Ерсерік, химия пәні бойынша Бекзат Нұртаза, гуманитарлық бағыт бойынша ағылшыннан  Жұмағали Али  I-орындармен марапатталып  лицей мерейін асқақтатып тастады. Сондай-ақ, осы пәндер арасында  II- III орындардан көрініп, алғыс хаттарға ие болған  ұландарымыз да болды.

XIII Халықаралық Жәутіков олимпиадасы 2017 жылдың 12-18 қаңтар аралығында Алматы қаласында Республикалық физика-математика мектебінде жоғары дәрежеде өткен болатын. Оған 15 елден 401 оқушы қатысса, лицейімізден  5 оқушы бақ сынап 3 оқушы  II-III дәрежелі орындарға ие болды. Әбдімомын Нұрсейіт инфарматика пәнінен, Паңсат Еркебұлан физикадан, Иманбердиев Руслан математика пәні бойынша жеңіс тұғырынан көрінді.

Сондай-ақ, облыстық «Қаппаров» олимпиадасында Лопаев Мұстафа  математика пәнінен алдына жан салмай, I орынды иеленсе, облыстық «Менің елім — Қазақстан» патриоттық әндер байқауында Қуатбек Аңсар өз өнерін паш етіп,  II орынға табан тіреді. Ал, Сағынбай Даниял мен Халық Нұрдәулет «Ұлы Дала Дарыны » атты I-Республикалық балалар мен жасөспірімдер байқауы және телевизиялық жобаның облыстық кезеңінің «Көркем сөз» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған болатын.

 Жаңа оқу жылы жетістіктермен көбейіп, салауатты өмір салтын қалыптастыру барысында, спорт саласы да ұмыт қалмай,  лицейіміз алдыңғы қатардан көрінуде. Атап айтар болсақ Шымкент қаласында өткен «Каратэ до Шотакан» 6-20 жас аралығындағы жасөспірімдер сынға түсіп, Қазақстан кубогы сарапқа салынған сайыста Байдулла Бекзат I-орын алған болатын. Бекзаттың осыған дейінгі толағай табыстары жетіп артылады. Мәселен, ол Украинада өткен Каназава кубогының III орын иегері, Қырғызстанда өткен Азия чемпионатының қоласын жеңіп алса, Польшада екі орынға бірдей ие болып, Австралияның Сидней қаласында әлем біріншілігінде ел намысын қорғады. Жастайынан каратэ-домен шұғылданып, әлемдік деңгейде топ жарған ұланымыздың алар асуы алда деп үміттенеміз.  Таяуда Астана қаласында «ЕХРО-2017» көрмесі аясында өткізілген «Білім инновация» лицейлері оқушылары арасындағы Республикалық кіші футбол турнирінің ақтық кезеңінің үздіктері: Кеңес Алихан, Махмудов Ислам, Абдуллаев Дінмұхаммед, Жантураев Өркен, Жұмағали Әмір, Жұманов Азамат, Тасыбай Мейрамбек, Әкім Нұрмұхаммед, Мамырхан Мұхаммедәмин, Арипов Самандар марапатталды.

Осының бәрі де аяулы да, ардақты ұстаздардың жемісі. Солардың күн демей, түн демей  дамылсыз  еңбек етуінің арқасында жеткен табыс. Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Баласы сайысқа түскенде тақымын қысып отыратын жандардың бірі – осы ұстаздары. Жеңіспен келсе, ол ұстаз мерейі. Шәкірт жетістігіне шын жүректен қуанып, балаша мәз болар лицей ұжымының қарапайым да талантты ұстаздары. Біздікі әр шәкіртіңіз осылай толағай табысқа жетіп, қуана беріңіздер деген тілек.

Егеменді еліміздің еркін ұландары! Тәуелсіздіктің тұғыры биік болып, бейбітшілік бесігін тербеткен, талай асуларды бағындырған саналы ұрпақ болуға өздеріңнен үмітіміз зор.                                                               

Мамедалиева Айман Илясқызы,

Оңтүстік Қазақстан облысының 

                                      №1 Білім инновациялық лицейінің мұғалімі