Нұртөре Жүсіп – “Қазақстан Медиа Альянсы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы

“Қазақстан Медиа Альянсы” қоғамдық бірлестігінің құрылтайшылар жиналысында жаңадан басқарма төрағасы сайланды.

Бұған дейін бұл қызметті бірнеше жыл бойы Арманжан Байтасов  атқарып келгені  белгілі. Жиынға қатысушылар жаңа басқарма төрағалығына белгілі журналист, сенатор Нұртөре Жүсіптің кандидатурасын лайық деп тапты.

Нұртөре Жүсіп -Парламент Сенатының депутаты.

Нұртөре Байтілесұлы Жүсіп 1961 жылғы 29 сәуірде Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Еңбекші ауылында дүниеге келген.

1984 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

Еңбек жолын Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде агроөнеркәсіп бөлімінен бастады. Бұл газетте Көлік және коммуникация бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеді. 1990-1996 жылдары – «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің аға тілшісі, бас редакторының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары, 1996-2002 жылдар аралығында – «Жас Алаш», «Ақ жол Қазақстан», «Егемен Қазақстан», «Астана хабары» газеттерінің бас редакторы.

2008-2019 жылдары – «Aйқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы болып қызмет атқарды.

Нұртөре Жұсіп 2019 жылғы 12 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды.

 

Дереккөз: kazgazeta.kz