Нұр-Сұлтанда үкіметтік емес ұйымдарды қолдау орталығының кеңсесі ашылды

Бүгін елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен Нұр-Сұлтан қаласы азаматтық бастамалар орталығының жаңа кеңсесінің жұмысымен танысты. Орталық Қоғамдық даму істері басқармасының қолдауымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында құрылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. Аталмыш жобаны «КАМЕДА» қоғамдық қоры іске асырды. Орталықтың аумағы 300 шаршы метрді құрайды. Онда тренинг залы, шеберлік-класстарға арналған бөлме, ҮЕҰ өкілдері үшін жұмыс кабинеттері бар. Қоғамдық бірлестіктер үшін өтеусіз негізде әлеуметтік іс-шараларөткізуге зал ұсынылады. Орталықтың басты міндеті – азаматтық бастамаларды, әлеуметтік бағдарланған коммерциялық емес ұйымдар жұмысын қолдау. Аталмыш мекемеде қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне әдістемелік, консультациялық көмек көрсетілетін болады. Орталық елордалық ҮЕҰ өкілдері тарапынан түсетін өтінімдер санын арттыруды көздейді. Сондай-ақ мекеме үкіметтік емес ұйымдарға жобаларды қаржыландыру мен рәсімдеуге қолдау көрсету үшін гранттар мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты алуға жәрдемдеседі. Орталықты аралау кезінде Бақтияр Мәкен үкіметтік емес ұйымдарды дамыту үшін жағдай жасаудың маңызды екендігін атап өтті. «Орталық үкіметтік емес ұйымдардың дамуы мен нығаюына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде, елорда тұрғындарын қоғамның әлеуметтік маңызды мәселелеріне бей-жай қарамауына алып келеді. Қала әкімінің тапсырмасына бойынша жыл сайын біз өзекті жобалардың саны мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемін ұлғайтатын боламыз», — деді әкім орынбасары.