Нұр-Сұлтанда ҰБТ үш университеттің базасында өтеді

Тест былтырғыдай күнара емес, күн сайын өткізіледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Нұр-Сұлтандағы ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) 20 маусым мен 5 шілде аралығында үш университетте өтеді: Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (2 589 оқушы, 13 аудитория), С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті (1818 оқушы, 7 аудитория) және Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті (1884 оқушы, 13 аудитория). «Бүгінде ҰБТ қатысушыларының мәліметтер базасы бар, сәйкестендіру кодтарын беру рәсімі өтті. ҰБТ өткізу орындары барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді», – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы. Биыл лек саны екі есе артып, барлығы 14-ке жетті. Осылайша былтырғы оқу жылындағыдай күнара емес, әр күн сайын өткізіледі.