Нұр-Сұлтанда өткен дөңгелек үстелде Мемлекет басшысының жолдауы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтылды

Елордада қала тұрғындарымен кері байланыс орнатылып, тұрғын үй мәселелері шешіліп, денсаулық сақтау мен білім беруді жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Елордада «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимылдар кезеңі» Жолдаудың әлеуметтік басымдықтары» атты дөңгелек үстел өтті. Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Серікбеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы аясында әлеуметтік бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

«Президентіміз негізгі басымдықты әлеуметтік салаға, кәсіпкерлікті дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға арнады. Сонымен қатар, азаматтардың барлық конструктивті сауалдарын жерде қалдырмайтын, тыңдаушы мемлекет концепциясын іске асыру – Қазақстан Президенті қойып отырған осы міндетті орындауда азаматтық қоғамды жұмылдыру маңызды саналады. Бұл ретте елордада азаматтарды қабылдау жүйесі жүйелі жолға қойылды. Былтыр 11 мыңнан астам адамға әкімдік басшылары тарапынан жеке қабылдау өткізді», – дейді Нұрбол Серікбеков.

Ол өз сөзінде жұртшылықпен кері байланыс орнату мақсатында «Жанұя» отбасын қолдау институты орталығы ашылғанын тілге тиек етіп өтті. Бұған қоса ол елордалықтардың әл-ауқатын көтеру үшін атқарылып жатқан жұмыстарды: баспана мәселесі, денсаулық сақтау және білім беруді жақсарту туралы атап өтті.

Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай «Аңсаған сәби» бағдарламасының маңыздылығы, ұстаздар еңбегі жайлы өз ойын білдірді.

«Өзім айрықша айтқым келетіні – «Аңсаған сәби» бағдарламасының қолға алынуы қуантып отыр. Бұл іс бүкіл дүниежүзінде проблема ретінде көтеріліп жүр. Көптеген ұлт халқы санының азаюынан жойылып кету алдында тұр. БҰҰ-ның және Мемлекет басшысының айтып өткеніндей, болжам бойынша Қазақстан да осындай қауіпке ілігуі мүмкін мемлекеттердің қатарында. Сондықтан «Аңсаған сәби» бағдарламасына көңіл бөлініп, қомақты қаржы аударылуы қатты қуантады. Мұны халыққа жақсылап түсіндіру қажет», – деді Бас редакторлар клубының президенті.

Сонымен қатар ол пандемия кезінде білім саласының маңызды екені байқалғанын да қозғап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, 2 қыркүйекте Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимылдар кезеңі» атты Қазақстан халқына екінші Жолдауын жолдады. Президент азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру, бизнес үшін жағдайды жақсарту, сондай-ақ қоғаммен байланыс орнату бойынша тапсырмалар берді.