Нұр-Сұлтанда карантин режимін бұзып, келушілерге кальян ұсынған мейрамханалар анықталды  

Елорда әкімдігінің мобильді тобы кезекті рейд кезінде келушілерге кальян ұсынған бірнеше мекемені анықтады. Енді оларға санитарлық нормалар мен ережелерді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктеледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Құқық қорғау органдары, санитарлық-эпидемиологиялық қызметкерлер мен БАҚ өкілдерінен тұратын мобильді топтың бірінші сапары «Мәскеу» бизнес-орталығының ғимаратында орналасқан мейрамхана болды. Айта кету керек, мейрамханаға келушілер мен әкімшілік эпидемиологтар мен полицейлерге кальянды қоғамдық орындарда қолдануға тыйым салынғанын білмегенін айтып ақталды. «Аталған мекеме бойынша құқық бұзушылық тіркелді. Карантин режимін сақтамай, ереже бұзылған. ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, қоғамдық орындарда қорқор шегуге тыйым салынады. Бұл жағдайда мекеме әкімшілігінің әрекеті ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабына, 3-бөліміне жатады», — деді Есіл аудандық тауар мен көрсетілген қызметтердің сапасын бақылау басқармасының басшысы Арман Құрбанов. Карантин кезінде Р.Қошқарбаев көшесінде орналасқан мейрамханалардың бірінен топталып, қорқор шегіп отырған адамдар анықталды. Мейрамханада көп адам шегіп отырған, олардың көпшілігі әлеуметтік қашықтық сақтамаған және жеке қорғану құралдары болмаған. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтанда санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін 120 нысан жабылды, оның ішінде құрылыс компаниялары да бар. 150 кәсіпорын ескерту алды, бір бөлігіне айыппұл салынды. Мобильді топ мүшелерінің айтуынша, нысандар коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында қабылданған санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақталуын қамтамасыз етпейінше, жұмыс істемейді. Мамандардың айтуынша, кальян – инфекция көзі. Сондықтан мұндай әуесқойлар өлім қаупі тобына жатады. Кальян ауа-тамшы жолымен берілетін жұқпалы аурулардың таралу көзі болуы мүмкін. Әкімдіктің мобильді тобы полицейлермен және эпидемиологтармен бірлесіп күн сайын санитарлық нормалардың бұзылуын анықтау үшін рейдтер жүргізеді. Айта кету керек, астанада маска тағу режимі сақталуда. Егер кәсіпорындар мен қала тұрғындары санитарлық нормаларды сақтамаса, қала карантиндегі қатаң режимге қайта оралуы мүмкін.