Норвегия мен Қазақстан

Кейде біздің әлімізге қарамай ауқатты мемлекеттерден үлгі алуға шақыратын «патриоттығымыз» қайран қалдырады. Күні кеше ғана Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев «Біз келешекте зейнатақы активтері мен Ұлттық қорды біріктірудегі Норвегияның тәжірибесін зерттеумен шұғылданамыз» дегенді жалпақ жұртқа жария етіп тастады. Билік тарапынан жасалатын аты-шулы мәлімдемелердің арты жақсылыққа әкелгенін өз басым көрген емеспін. «ЭКСПО» өткізіп, әлемге таныламыз» деген ісімізден, қып-қызыл шығын шеккеннен басқа, не пайда түсті, Қазақстанға? Астана көмірге тұншығып отырып, әлемдік жылу технологиясы ма, сондай бір болмайтын әңгімені қозғап, жалпақ жұрттың шек-сілесін қатырдық. Миллиондаған қазақтар бір шаршы метр баспанаға зәру болып отырған жағдайда, билік «келешекте қазақстандықтардың әр адамға шаққанда кем дегенде 30 шаршы метр баспанасы болады» дегенді айтып, жұртты тағы бір мәрте қыран-топан күлкіге батырды. Әйтеуір, біздің билік халықты күлдіруден жалықпайды. Енді міне саясаттың тағы бір клоуны Данияр Ақышев Норвегияның тәжірибесін мысалға келтіргенде, күлкіден ішегім түйіліп қала жаздады. Мен кейде мына өмірді қымбат автокөлігінің терезесінен ғана бақылайтын «жаңа қазақтардың» қандай «реальността» өмір сүріп жатқандарын түсіне алмаймын. Таяуда бір жерден оқыдым, Норвегияның Конституциясында мұнай мен газ ресурстары Норвегия халқына тиесілі деп, ал, Қазақстан Конституциясында мұнай ресурстары мемлекетке тиесілі деп жазылған екен.
Жалпы бізде мемлекет бар ма, осы? Бар болса кім ол? Неге ол мемлекет менің рұқсатымсыз жылдар бойы тірнектеп жинаған зейнетақы қорымдағы ақшамды жомарттық танытып, банктерге бере салады? Бұл біреудің қалтасына ұрлыққа түскенмен пара-пар қылмыс емес пе. Неге ол мемлекет менің Қазақстанымда ана тілімді аяққа таптатып, орыс тілінің мәртебесін қайта-қайта аспанға көтере береді? Егер мемлекет бар болса, неге ол кіндік қаным тамған туған жұртым Торғайдың жерін менің рұқсатымсыз сыртымнан Ресейге сатып жібере салады? Таяуда норвегтер өз еліндегі Ұлттық қорда жиналған ақшасының мөлшерін жария етті. Ол қазіргі кезде біздің түсімізге де кірмейтін қиял-ғажайып сомма 1 триллон АҚШ долларына жетіп қалыпты. Ал, Қазақстанның ұлттық қорындағы қаражат 77 237 млрд. доллар еді, 2017 жылы оның көлемі 21 млрд. долларға кеміп 56 236 млрд. долларға бір-ақ түсті. Мұндай қарқынмен ақшамызды суша шаша берсек, енді бір азғантай жылда түгіміз қалмай, сымпиып шыға келуіміз әбден мүмкін. Біз қызығы қазақстандық биліктің әлемдегі экономикалық дағдарысты айтып, зар илегеніне қарамастан Норвегияның Ұлттық қоры 2016 жылы 13,7% пайда түсіріпті.
Халық саны жағынан Қазақстаннан үш есе аз болғанына қарамастан жалпы ішкі өнімі бізден екі жарым есе көп, ал, Ұлттық қорындағы қаржысы 1 триллион долларға жақындап қалған елдегі тұрмыс-тіршіліктің қандай деңгейде екенін көз алдыңызға елесте беріңіз. Адам капиталы жағынан да Норвегия өркениеттің көшін бастап келеді. 2013 жылғы өткен сайлау нәтижесінде парламенттегі орындар елдегі партиялар арасында келесі тәртіппен бөлінді. Норвегия жұмысшы партиясы – 55 орын, Консервативтік партия – 48 орын, Прогресс партиясы – 29 орын, Христиан халықтық партиясы -10 орын, Орталық партиясы – 10 орын, Либералдар партиясы – 9 орын, Солшыл социалистік партиясы – 7 орын, Жасылдар партиясы – 1 орын. Орташа айлық онда 5000 еуро, яғни, бұл норвегтер бізден он есе жақсы өмір сүреді деген сөз. Әлемді мойындатқан ғалымдары да өз алдына бір жыр болатын әңгіме. Жиырмасыншы ғасырда Норвегияның бес азаматы Нобель сыйлығын алды.

Амангелді Кеңшілікұлының фейзбук парақшасынан